Mádenıet

Өз ісіне тиянақты жан

15 қараша – төл валютамыздың және қаржыгерлер күні. Осы күнді таңдау кездейсоқ емес. Бұл күн өзіміздің ұлттық валютамыз теңгенің 1993 жылы 15 қарашасында айналымға енуімен байланысты. Бұл күн халқымыз үшін ерекше маңызға ие.

Өмірде әр мамандықтың өз ерекшелігі, тарихы, құндылығы бар. Мәселен мамандық иесінің өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, шын ынта-жігермен атқаруына байланысты. Көп мамандықтың ішінде еліміздің экономикасының қаржы әлеуетін дамытуға қаржыгерлердің үлесі зор.
Аудан әкімдігінің экономика және бюжеттік жоспарлау бөлімінің ауданымыздың экономикасын жоспарлап, оның тиімді, сапалы орындалуына үлкен еңбек сіңіріп келеді, яғни арқалар жүгі ауыр сала.
Біз бүгін бөлімде ұзақ жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан маман Райхан Тұрлыбаева жайлы әңгіме қозғамақпыз.
Райхан Өкімбайқызы 1962 жылы Қосбөлтек ауылында өмірге келген. 1978 жылы ауылдағы ол кездегі Ю.Гагарин атындағы мектепті аяқтап, Жамбыл қаласындағы есеп-қисап техникумына оқуға түскен.

1980 жылы еңбек жолын Жуалы аудандық телекоммуникация торабында телефонистка және телеграфистка болып бастаған. 2006 жылы еңбек жолы аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде жетекші маман болып жалғасады.
2010 жылдан бастап бөлімде бас маман болып қызмет атқаруда. Маманның мақсаты – бөлімнің ішкі есеп-қисабын талапқа сай жүргізу.
-Әкемнің негізгі мамандығы есепші болған. Бірақ колхоз басшысы жолдамамен агрономдықты оқытты. Әкем колхозда ұзақ жыл агроном болып жұмыс істеді. Ал анам Күлзейнеп колхозда бригадир болып жұмыс істеді. Екеуі де еңбек ардагерлері. Отбасымызда үш ұл, бес қыз болдық. Раушан, Эльмира есімді әпке-сіңілім есепші. Яғни, бір отбасында үшеуміз әке жолын қуып, есепші болдық.
Мен мектеп бітірген соң педагогикалық училищеге оқуға түскім келген. Бірақ ол оқуға түсе алмадым. Содан әкемнің бағыт-бағдар беруімен есепшілікті оқыдым. Қазір өкінбеймін, мамандығым өзіме ұнайды. Жұмысқа бір кіріссең, есеп-қисаптың қызығына батып, уақыттың қалай өткенін байқамай да қаласың. Маған бір орында отырып, өзіңмен-өзің тыныштықта жұмыс істеген ұнайды.
Жалпы сырттай қарасаң есепшілерде сабырлылық, ұстамдылық сияқты ортақ қасиеттер бар. Сонымен бірге есепшілер сөзге шорқақ келеді,- дейді Райхан Тұрлыбаева.
Райхан Өкімбайқызы отбасында өмірлік серігі Ханибек Тұрлыбаев екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Үлкендері Байырбек әскери қызметкер, Нұржамал мен Еркіні жеке кәсіпкер. Ал кенжелері Айша медициналық колледждің 2 курс студенті.
Ардақты ана екі келін түсіріп, екі ұлдан төрт немере сүйіп отыр.
Райхан Өкімбайқызы өз міндетін жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқарғаны үшін аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Алғысхаттарымен марапатталған.
Барша қаржыгерлерді төл мерекелерімен құттықтаймыз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close