Mádenıet
Ырыс пен ынтымақтың мерекесі
Халқымыздың барлық асыл қасиеті, салт-дәстүрі, өнері паш етілетін көнеден жеткен тағылымды мейрам – Ұлыстың ұлы күні екені даусыз. Тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз – бар жақсылықтың бастауы, көктем мен еңбектің, жаңару мен рухани тазарудың, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жарқын да мерейлі мерекесі. Айтулы мерекенің табалдырықты аттайтын сәтіне де санаулы күндер қалды.
Өткен жылы Жамбыл жұртшылығы Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы ерекше жағдайда атап өткен болатын. Биыл да Әулиета өңірі әз-Наурызды дәл сол қалыпта тойламақшы. 14 наурыз- «Амал күнінен» бастау алатын бұл мереке 22 наурызға дейін жалғасын табады. Жоспарға сай, әр күннің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты атаулар беріліп отыр. Күн мен түн теңеліп, ел ырысқа кенеліп, іргемізді ізгілікке бөлеген ұлық мерекені атап өту жоспары жылдағыдан ерекше. Халқымыздың көнеден келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталған мерекелік шаралар тоғыз күн бойы жалғасын табады. Әр күн өзіндік ерекшеліктерімен есте қалмақ.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат, білім, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен «Жастар ресурстық орталығының» бірлесіп ұйымдастыруымен «Амал күніне» орай «Достық» мәдениет үйінде «Қазақ халқына алғыс айтамыз!» атты өзге ұлт өкілдері арасында аудандық байқау өтті. Байқауға аудан мектептерінен сегіз ұлт өкілінің бірлестігі қатысты.
Шараның мақсаты – этносаралық келісімді нығайту, аудан тұрғындары арасында барлық этностардың мәдениетіне, тіліне, салт-дәстүрлеріне құрмет сезімдерін қалыптастыру, жастарды ұлтжандылыққа, кішіпейілділікке, тапқырлыққа, өзара татулыққа тәрбиелеу.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Арынова байқауды ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, Наурыз мерекесі бастау алатын «Амал күнімен» көпшілікті құттықтады.
Байқау үш кезеңнен тұрды. «Қазақ халқына алғыс айтамыз!» деп аталатын І бөлімде этно-мәдени бірлестіктері өздерін өлең шумақтарымен таныстырды. Бұл бөлімде №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептен «Мехрибан» әзірбайжан ұлтының бірлестігі үш тілде таныстыру айтса, №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің кішкентай бүлдіршіндерінен құралған орыс халқы бірлестігінің өкілі Данил Смирнов қазақша бата беріп ерекшеленді. «Біздің өнеріміз» айналымында әр ұлт өзінің ұлттық билерін биледі. «Мехрибан» әзірбайжан ұлтының құрамасы ұлттық билерін билеуде көрерменнің қошеметіне бөленді. Ал, «Үздік орындаушы» кезеңінде әр ұлт өкілдері қазақ тілінде ән орындады. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, этно-мәдени бірлестіктер жарыса «Алға, Қазақстан!», «Мой Казахстан!», «Туған жер», «Дудар-ай», «Мен қазақтың қызымын», «Мама» әндерін шырқады. Ал, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиядан өзбек ұлтының өкілі домбыраның сүйемелдеуімен «Алғысым шексіз» шығармасын орындады.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізілген айтулы шараның нәтижесінде, жүлделі І орынды №19 Д.Қонаев атындағы МГ-ның өзбек этно-мәдени бірлестігі, ІІ орынды №13 А.Байтұрсынов атындағы ОМ-ның «Мехрибан» әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі иеленді. Байқаудың үздік үштігіне Қ.Сағындықов атындағы ОМ-ның әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі мен №1 мектеп-гимназияның шешен этно-мәдени бірлестігі тұрақтады. Сонымен қатар, Умар Имадаев «Үздік ұлттық би билеуші», Данил Смирнов «Ең жас қатысушы», Дария Кошкина «Үздік орындаушы», №1 мектеп-гимназияның славян этно-мәдени бірлестігі «Өнерлі топ» номинацияларына ие болды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға Алғыс хаттар және арнайы Дипломдармен қоса сыйлықтар табыс етілді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»