Mádenıet
Мұражай – тарих қазынасы
Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында Шақпақата ауылындағы №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепте аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы «Мұражай – тарих қазынасы» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырды. Бұл іс-шара мектепте өткізіліп жатқан тарих апталығымен тұспа-тұс келді.
Ең алдымен музей директоры Мұса Шонбаев бастаған музей қызметкерлері Құрманбек Сағындықовқа арналған музей бөлмесінде болып, ондағы тарихи тұлғаның өмірі мен қызмет жолын баяндайтын экспонаттармен танысты.
Құрманбек Сағындықов – Шақпақата ауылының азаматы болған тарихи тұлға. Ол 1958 жылы құрылған Қазақ ССР Министрлер кеңесінің жынындағы радио хабарлары мен телевидение жөніндегі комиттетінің бірінші председателі (министрі) болған азамат. Құрманбек Сағындықов балалық шағынан бастап мектепте де, майданда да, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлымен бірге өткізген кісі. Идеология саласындағы қызметке жетекшілік еткен тұлға, сонымен қатар, «Қазақстан коммунисі» журналының редакторы қызметін атқарған. Құрманбектің қаламынан туған көптеген публицистикалық мақалалары, кітаптары көпшілікке кеңінен таныс. Ол Қытай халқының драматургі Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит» драмасын қазақшаға аударған.
Музей директоры Мұса Шонбаев мектеп ұжымына алғысын білдіріп, тілек кітабына қолтаңба қалдырды. Келесі кезекте мектептің акт залында аудандық музейдің құнды жәдігерлерімен көрме ұйымдастырылды. Экскурсия жүргізушісі Манзура Қырықбай көрмеге қойылған әрбір жәдігерге түсініктеме берді. Музейдің ғылыми қызметкері, ҚР үздік өлкетанушысы Дәулетжан Байдалиев оқушыларға Жуалы өлкесінің тектоникалық ерекшеліктері және өлкеміздің қасиетті орындары Шақпақата өңірі туралы тарихи айғақтарға негізделген қызықты әңгіме өткізді. Әңгіме соңынан оқушыларға өлкеміздегі қасиетті орындар: Шақпақата үңгірі мен Шақпақ қалашығы, Батырбек Датқа туралы бейнеролик, сол сияқты өлкеміздің әсем табиғаты жайында Берікқара шатқалында түсірілген «Таңғажайып Қазақстан» циклынан бейнефильм көрсетілді. Мектеп оқушылары өздерін қызықтыратын өлкеміздің тарихы туралы сұрақтар қойып оған жауаптар алды. Мектепте өткізілген іс-шара соңынан музей ұжымы мен мектеп оқушылары естелік суретке түсті.
Дәулетжан Байдалиев,
музейдің ғылыми қызметкері.
ҚР Үздік өлкетанушысы