Mádenıet

Жуалының тарихын тереңнен зерделеген жазушы

«Өзін жуалылықпын деп есептейтін әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов 1969 жылы «Правда» газетінде туған жері туралы былай толғады: «Аңызға айналған Ақ бидай өлкесі – Жуалы өңірі менің санамда мәңгілік қалып қойды. Өмірдің шартарапқа сүйреген жолы мені Жуалыдан бірте-бірте алыстата берді. Одан алыстаған сайын, Ақ бидай өлкесіне деген сағынышым күшейді. Орақ науқанын сағынған кезде есіме сол өлке түседі. Алыс жерлер мен теңіздерді басып өтіп, бөтен елдерге сапар шеккенде де бүкіл орталық Азияға әйгілі қазақ әні «Ақ бидай» әуені ерекше елітіп, қуантады. Сол ән осы Ақ бидай өлкесі – Жуалыда туған ғой деп ойлаймын…». Қалай айтсақ та, жазсақ та Жуалы ақ бидайымен де, батырларымен де, Мыңбұлағымен, сұлу табиғатымен де, тарихымен де қазақ еліне ертеден белгілі болған».

Бұл – Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сонымен бірге Талас, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы Мақұлбек Рысдәулеттің толғанысы.
Иә, кеудесінде жұдырықтай жұмыр жүрегі бар адамның қайсысы болсын, туған жерін сүйеді, алыс кетсе көңіл түкпірінде сақтап, сағыныш отын маздатады. «Адамзаттың Айтматовы» атанған жазушы Шыңғыс Айтматовтың өзі қасиетті Жуалы туралы осындай өте құнды пікір айтқан. Әлбетте, бұл толғаныстың елге, жерге, осынау қасиетті мекенде ғұмыр кешіп жатқан жүрегі жомарт адамдарға деген ыстық ықыластан туғаны анық.
«…Жуалыға келгенде жыл құстары қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қысқы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды». Мақұлбек Рысдәулет «Жуалы-Мыңбұлақ» аталатын еңбегіндегі осынау үш сөйлеммен-ақ туған жерінің қасиеті мен киесін суреттеп отыр емес пе?!
Елімізге белгілі журналист-жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің есімі аталғанда онымен бірге Жуалының да аты қоса аталады. Олай болуы заңды құбылыс сияқты. Жуалының қасиетін бойына дарыта білген Мақұлбек Қайыпбекұлы өзінің 70 жылдық саналы ғұмырында бірегей қаламгерлік қырымен танылып, талай әдеби, журналистік бағыттағы байқаулардың лауреаты атанды. 1949 жылы ауданға қарасты Бақалы ауылында туған азамат 1973 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіреді. Өмірлік жары, өмірден ертерек озған Дәметкен Ахметовамен бірге Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде алғашқы еңбек жолын бастаған қаламгер одан соң «Халық кеңесі», «Заң», «Егемен Қазақстан» республикалық газеттерінде жемісті еңбек еткен.
Туған жердің қасиеті бойына дарыған біздің жерлесіміз қасиетті Жуалы жерінің тарихы, табиғаты, осынау киелі өлкеден қанат қаққан танымал азаматтар, тағдырлы тұлғалар, батырлар жайында бірнеше кітаптар жазып, оқырманға сый ретінде ұсынғаны белгілі. Қаламгер азамат Мақұлбек Рысдәулеттің жүйрік қаламынан Жуалы ауданына қатысты «Бақатерек», «Желсаз», «Көңіл құсы», «Құс жолы», «Мәңгілік ерлік» тағы да басқа кітаптар туған. Онда жазушы балалық шағындағы естеліктер арқылы туған жердің табиғатын, ауылдағы аңқылдақ ағайынның портретін жасаған. Небір дарабоз қаламгерлер шоғырын тудырып, түлеткен Жуалының жазушы азаматтарының арасында Халық жазушысы Шерхан Мұртазадан кейін әдебиеттің әңгіме жанрына түрен салған Мақұлбек Рысдәулет екені дау тудырмайды. Оның өз балалық шағы туралы жазған «Жуалы-Мыңбұлақ» деп аталатын әңгімелер желісі Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабындағы әңгімелермен үндес, сарындас.
Қандай сәйкестік десеңізші?! «Туған жерім – Мыңбұлақ, арналы Ақсай, Ішсем суың татиды шекер, балдай…» деп қасиетті Жуалы жерінің қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы жырлағандай, туған жердің қасиеті туралы тұтас галерея жасаған жазушылар Шераға мен Мақұлбек аға бір топырақтан тамыр тартқан. Екеуі де тағдыр тауқыметін көрген. Екеуі де қиын-қыстау жылдарда туып, еңбекпен есейген азаматтар. Екеуі де республикалық газеттерде жұмыс істеп, шыңдалғандар. Кезі келгенде шәкірт тәрбиелеген ұстаздар.
Туған жерге деген перзенттік парызды әркім әрқалай түсінеді. Біреулер өзі туып-өскен ауылына жол салып берсе, енді бірі, көпшіліктің игілігі үшін деп басқа да нысандар салып жатады. Ал, жазушылық жол басқалардан бөлек жол. Сөзбен сурет салу – оңай шаруа емес. Жазушылық һәм елдің мұңын айта білетін қаламгерлік жолы қиын жол. Тасқа басылған тарих, әсте өшпек емес. Осы тұрғыдан алып қарағанда, журналист-жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің жұлдызы биік Жуалы ауданына сіңірген еңбегі мен перзенттік парызын ерекше атап өтуге тұрарлық. Қазір заман өзгерді. Заманның ағымына қарай құндылықтар да құлдырап бара жатқанын күнделікті көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұрын адамдар арасында кітаптан бағалы сыйлық болмайтын. Қара сөздің қадірін ерте түсінген Мақұлбек сынды қаламгер кітаптың құны төмендеген кезеңде де кітаптың бағасын арттырып келеді. Бұл – Мақұлбек ағаның бір ғана рухани қайраткерлігі.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» депті қазақ атамыз. Мақұлбек Рысдәулет сынды қайраткер, қаламгер азаматты Талас ауданының жұртшылығы да қатты қадірлейді. Қаламгер «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етіп жүрген жылдары Талас жеріндегі Амангелді газ кен орнының облыс экономикасына тигізер орасан пайдасын газет бетінде нақты дәлелдермен көтере білді. Елдің бас газетінде «Талас газын пайдалану оңтүстік өңірдің экономикасын көтереді» атты көлемді мақаласы 1999 жылы алғаш жарыққа шыққаннан кейін төрт жыл бойы Амангелді газ кен орнын игеру туралы 50-ге жуық материал жарық көрген екен. Осылай бұл мәселе сол кездегі ел Үкіметі тарапынан қолдау тауып, ақырында 2003 жылдың қазанында Амангелді газының алғашқы алауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп жағады. Бүгінде тұтас бір облыстың игілігіне айналған «Амангелді газ» кен орны осылайша ашылған еді. Бұл да жуалылық азаматтың қайраткерлігі. Мақұлбек ағаға осынау еңбегі үшін Талас ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
«Жарығы бірдей түсер күн мен айдың…» демекші, қазақ көсемсөзінде қалам қуатын танытқан Мақұлбек Рысдәулет 2004-2010 жылдары Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде бас редактор ретінде айшықты із қалдырды. Облыстық газеттің қара шаңырағы саналатын басылымда қызмет еткен жылдары баспасөз саласында жаңа есімдерді таныта білді. Қаламгердің тағы бір қыры – архив деректерін сөйлете білуі. Бұл туралы Мақұлбек ағаның өзі: «Тарихи шындыққа тек мұрағат құжаттары арқылы көз жеткізуге болады. Бауыржан Момышұлының: «Ақиқатты көкте Құдай, жерде архив қана айғақтайды» дегені бекер емес. Шежірелі жылнамалар, тарихи деректер… бәрі сонда сақталады. Негізі, бұл – мемлекеттік іс. 1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» арнайы Заңның қабылдануы – соның айғағы. Міне, осы құжат 15 жылдан бері саладағы жұмысты жетілдіруге ерекше ықпал етіп келеді» дейді. Архивтің қай саласы болсын, шаң басқан деректерді жарыққа шығарып, халықтың игілігіне айналдыру – үлкен еңбекті талап етеді. Біле білгенге бұл – кім көрінгеннің айналысатын жұмысы емес.
Мақұлбек Қайыпбекұлының облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы қызметін атқарып отырғанына да біраз жылдың жүзі болды. Талантты адам, қай салада да талантты. Бұл – өмір шындығы. Осы ретте қаламгер Жамбыл облысының 75 жылдығына орай «Жамбыл облысы: 1939 жыл» атты кітапты жарыққа шығарды. Одан бөлек, «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған құнды еңбекті құрастыруға да зор үлес қосты. Өткен 2018 жылы Жуалы ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Жуалы» деп аталатын құнды кітапты нақты деректермен құрастырып, мерейтойдың қарсаңында жерлестеріне тарту етті. Одан бөлек, жазушының ел газеті – «Егемен Қазақстанда», облыстық «Ақ жол» газетінде облыстық архив деректері негізінде жазылған еңбектері жарық көріп келеді. Жазушының осынау қажырлы еңбегін ел тарихына қосқан мол үлес деп бағалаған жөн сияқты. Алдағы уақытта да жазушыдан архив деректеріне негізделген құнды еңбектер күтетініміз анық.
«Ешкім іштен батыр болып тумайды, батырлық жүре қалыптасады» депті даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Мақұлбек Рысдәулетке қоғам қайраткері, кезінде Әулиеата өңіріне белгілі болыс болған, ел ішінде атақ-абыройы асқан Мақұлбек Шерімұлының бата бергенін біреу білсе, біреу білмес?! Жазушының бала кезінде болған бұл оқиға оның өміріне елеулі әсер етті. Жазушылыққа бет бұруды жас кезінен-ақ армандаған, кейін сол арманына жетіп, нағыз жазушы болып қалыптасқан Мақұлбек Рысдәулеттің қаламынан «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Ту ұстаушы», «Жұлдызды өмір», «Тарих тамырлары», «Ерлік ұмытылмайды», «Тәуелсіздік – Туымыз!» т.б. танымдық кітаптар туып, жарық көрген. Жазушының бақыты – оқырмандар арасында шығармаларының оқылып, еңбегінің бағалануында жатыр. Осы ретте жазушының шығармалары аудан көлемінде кеңінен оқылып, оқырмандар арасында насихатталып жатқанын айтқымыз келеді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мақұлбек Рысдәулет 2002-2003 жылдары Жамбыл облысы әкімінің «Парасат», «Парыз» сыйлықтарының иегері атанды. Оның ең таңдаулы очерктері мен публицистикалық шығармалары онға жуық ұжымдық кітаптарға енген. «Құрмет» орденімен және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол». Хәкім Абай осылай өсиет еткеніндей, жазушы Мақұлбек Рысдәулет бүгінде жуалылықтардың заңды мақтанышы. Жұлдызы биік жерлестері жазушының еңбегін ауданның Құрметті азаматы атағымен атап өтті.
Мақұлбек сынды қаламгерге ұстаз бола білген Шерхан Мұртазаның: «Жетпіс деген сөз Жет! Піс! деген екі сөзден құралады, яғни жетілген шағың, піскен кезің деген рас-ау» дегені ойға оралады. Ендеше, жемісті де жеңісті, нағыз кемелденген ердің жасы – 70 жастың асқар төріне шығып, жерлестерінің арасында сый-құрметке бөленіп отырған жазушы Мақұлбек Қайыпбекұлына жазарыңыз көбейсін, осынау қайраткерлік қалпыңызбен халқыңызға қызмет ете беріңіз деген ақжарма тілегімізді арнаймыз. Мерейтойыңыз құтты болсын!!!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Тәуелсіздік тұғыры»
атты жас қаламгерлер
фестивалінің лауреаты.
Шәкен Айманов атындағы
сыйлықтың иегері

Таңдаулы материалдар

Close