Mádenıet

Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер

Театр – шын мәнінде өмір айнасы. Яғни, театрда өнер адамдары өмірдегі шынайы көріністерді, дәлірек айтқанда өмірдің өзін сомдайды. Ол алдымен адамның өз-өзін реттеуіне, күнделікті мән бермей жүрген нәрселерін айнаға қарағандай өзінен табуға жәрдемдеседі. Қай жаста болсын театрға келу арқылы әр адам өзін басқа бір қырынан тануға, өмірден оқшау еместігін, оның біртұтастығын түсінуге, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға мүмкіндік алады.

Мәдениет майданындағы сүбелі істің бірі театр туралы халық жазушысы Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» десе, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» дейді. Ал, қазақтың әйгілі актері, режиссер Шәкен Айманов «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деген баға береді.
Иә, театр – өнердің ішіндегі ең құдіреттісі. «Театр – өнер мешіті» деген теңеу де бар. Десе дегендей, театр – мәдениеттілікке, имандылыққа бастайтын баспалдақ, алтын көпір екені даусыз. Өркениеттілікке, дамыған елдердің қатарына ұмтылған еліміз үшін – халықтың ең алдымен рухы биік, мәдениетті болуы, соған қатысты мәселеде, әсіресе өнер арқылы рухани серпіліс тудыратын театр туралы көпшіліктің білуі аса қажет.
Осы ретте, ауданымызда жұртшылыққа рухани азық сыйлап жүрген театрдың бірі «Мыңбұлақ» халық театры бұрынғы Ленин атындағы колхоздың Қайрат ауылдық клубы жанынан ұйымдастырылып, драма үйірмесінің негізінде 1969 жылы құрылған. Үйірменің жетекшісі Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр факультетін бітірген Мейірбек Зияев болған. Оның жетекшілігі кезінде Алмола қаласында өткен республикалық халық театры байқауында бұл ұжым О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» пьесасы бойынша қойылған спектакльді көрсетіп, лауреат атағын жеңіп алып, «Халық театры» атағына ие болған.
1972 жылдары халықтық атақты қорғаған бұл театр 50 жылға жуық тарихында аудан тұрғындарының рухани түлеуіне өз үлестерін қосып келеді. «Мыңбұлақ» халық театры М.Шахановтың «Отырардың күйреуі» поэмасын сахналаған, сонымен қатар, М.Байжиевтың «Құдалар» атты екі көріністі трагедиялық комедиясын және С.Қасымбековтың «Кім кінәлі?» мелодрамасын сахнаға шығарған. Театр ұжымы Тұрар Дүйсебаевтың «Қазақтың Қайраты» атты пьесасын сахналаумен қатар, репертуарларына әзіл-ысқақ жанрын да енгізіп, сонымен жұмыс істеген. Атап айтар болсақ, Ш.Сариевтың «Мен бір жаңалық аштым» атты екі бөлімді және «Мәссаған, Безгелдек!» атты шығармаларын, Н.Әліштің «Үш кемпір», Т.Әлімбектің «Екі қыздың әңгімесі», Ш.Смаханұлының «Кері кетіргіш» қойылымдарын көпшілікке ұсынған.
Театрдың ұжымын бүгінгі күні талапты актер Ербол Бекжанов басқарып отыр. Онымен бірге театрда Талғат Батыров, Бауыржан Төремұратов жұмыс істейді.
Ауданымыздағы көпшілікке өз өнерлерін паш етіп жүрген халық театрының мақсаты – халық арасындағы өнер иелерін, таланттыларды іздеп, көпшілікке таныту, бойындағы өнерлерін ашу. Осы мақсатта ұжым жарты ғасырға жуық тарихы бар театрдың абыройын асқақтатып, әр үш жыл сайын «халықтық» статусын қорғауда.
-Аға буын өкілдерінен бізге қалған мұраның бірі осы – «Мыңбұлақ» халық театры. Бұл уақытқа дейін театрды білікті мамандар басқарып, түрлі қойылымдар қойып, көпшіліктің жүрегіне жол тапқан. Мәселен, мұнда арамыздағы батагөй Аманжол Дүрәліұлы қариямен бірге сол тұста өнер адамдары өнер көрсеткен. Одан кейін Гүлнұр Нұрлыбаева, Талғат Батыров, Ержан Сүлейменқұлов, тағысын тағылар ұжымда ауызбіршілікте жұмыс істеді.
Театрдың режиссері болу маған жүктелгендіктен қойылатын қойылымның мәтінін өзім жазамын. Әр спектакльге тиянақты дайындық жасап, айтар ойы мен мағынасы бар дүниені көрерменге жеткізгім келеді. Өмірдегі көріністерді сахнаға шығарып, көпке ой тастағымыз келеді.
Бізде кәсіби әртістер жоқ. Бұл – біздегі басты проблеманың бірі. Сондықтан халық арасынан өнерлі жандарды іздеп, «Жуалы» халықтық театрымен бірлесіп, ауылдық клуб мамандарын, мәдениет бөліміндегі өнерпаздарды тарта отырып, қойылым қоямыз. Спекткльді қоймас бұрын рөлде ойнайтын адамдарға психологиялық жағынан зерттеу жүргізіп, соның мінез-құлқына сай образ жасаймыз. Ұжыммен бірлесіп, ортаға ой тасталып, әзіл-қалжың арқылы бір жақсы дүние туады. Драмалық тақырыптардың мағынасын кейде дөп таба алмаймыз. Шама-шарқымызша, автордың не айтқысы келгенін жеткізуге тырысамыз.
Көбінесе, драмалық туындыларды сахналауға тырысамыз. Өткен жылы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Махаббат пен парасат» қойылымы қойылып, облыс көлемінде жақсы жағынан көрініп, лайықты бағасын алды. Абайдың рөлін сомдау арқылы мен ақынның образын емес, оның шығармасындағы ойын жеткізуге тырыстым. Абайдың образын жеткізуге менің әлі де парасат-пайымым жетпейді. Бірақ, оның шығармасындағы ойды ұғынуға, көпшілікке жеткізуге күш саламыз, – дейді театрдың режиссері Ербол Айтпағамбетұлы.
Халық театры облыс, республика төңірегінде ұйымдастырылатын байқауларда өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жайы бар. Олар «Театр.kz» фестивалінде «Тірі жан» спектаклін қойып, көптің арасынан топты жарып шығып, облыстан Бас жүлдені жеңіп алған. Ал, қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Хан Абылай, Сабалақ Абылай» спектаклін сахналап, облыстан ІІ орынды иеленген. Республикалық «Киелі бесік» байқауында «Жуалы» халық театрымен бірлесіп, ақын Н.Әліштің «Киелі бесік» өлеңінің желісінде 10 минуттық көрінісін қойып, ІІІ орыннан көрінген. 2019 жылы 1 сәуір – Күлкі күніне орай, «Медицина» және «Әженің әлдиі» көріністерін қойып, облыстық байқауда ІІ орынды қанжығасына байлаған.
Сонымен қатар, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, әйгілі актер Асанәлі Әшімовтың 80 жылдығына орай Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» лирикалық-поэтикалық драмасын қойып, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы мәдениет күндеріне орай көршілес республикаға барып, аталған қойылымды сахналаған. Аудандық прокуратураның тапсырысымен діни экстремизмге қарсы бағыттағы «Берекең кетсе…» драмалық спектаклі көпшіліктің көңілінен шығып, сұранысқа ие болғанын айта кеткен жөн. Ал, қазіргі таңда аталған театр қашықтан жұмыс істеп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына «30 спектакль» айдарымен мұрағаттағы қойылымдарды біріктіріп, облыстық халық шығармашылығы орталығына жолдауда.
Ұжымның алдағы қойған жоспарының бірі – шәкірт тәрбиелеумен қатар, әлеуметтік бейнероликтер түсіру. Яғни, қоғамдағы алаяқтар, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, адам ұрлығы, тағы басқа да тақырыптарды арқау етіп, өмір көріністерін көпшілікке тарту ете отырып, ой тастау.
– Репертуарымызда түрлі бағыттағы қойылым көп. Драмалық, тамашалық сарындағы, іс-шараларға арналған композициялық туындылар бар. Көбінесе, ақын Нұржан Әлішке арнайы тапсырыс беріліп, соның желісінде ой туындап, қойылым қойылады. Сахна ақыл айтатын, тәрбие беретін орын емес. Ол демалатын, рухани азық алатын орын. Онда шынайы өмірдегі образдар, оқиғалар сомдалады. Көп театрда ескі дүниелер қолданылады. Ал, біз заманауилыққа бет бұрып, шынайылылықты сомдап, сол жағынан ұтамыз. Театрда мейлінше, жасандылықтан арылып, шынайы болуымыз керек. Көптеген байқауларда қатты айқайласам, жыласам деген жастар қателікке ұрынып, бойындағы жасандылықты көрсетіп қояды. Бұл – дұрыс емес.
Біздің арманымыз – нағыз әртісті қалыптастыру, ол үшін мектептерде драматургия үйірмелері ашылса, аудандағы өнер мектептері көбірек насихатталса дейміз. Өз басым «Аула клубына», өнер мектебіне жиі бас сұғып тұрамын. Онда небір өнерлі жастар бар, міне, біз осындай жастарды тәрбиелеп, өнерге баулысақ, олардың танылуына өз үлесімізді қосар едік. Балалардың бойындағы сөйлеу, көркемсөз оқу, сахнада жүру мәдениетін қалыптастыруымыз қажет.
Театр – өнердің қара шаңырағы. Мұнда өнер көрсеткенде адам бойындағы жаман іс-әрекеттер, энергиялар халықтың ықыласын сезінген соң, бір сәтте жоқ болады. Рөлді ойдағыдай сомдап шығып, жаңадан өмірге келгендей күйде боласың. Абайша айтқанда, театрда жаманшылықпен айналысуға уақыт та болмайды, қол да тимейді, – деген ол руханиятты ұмытпау керектігін баса айтты.
Ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров «Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр – көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ. Өнер орны, еңбекшілер үстемдігінің мәдениет майданындағы қармаулы орынның бірі» деген орамды ойымен театрдың адам өмірінде қаншалықты маңызға ие екенін жеткізіп отыр. Ендеше, жанымыз рухани таза болсын, ұлтымыздың жаңа болмысы қалыптассын десек, өнерді бағалауымыз керек. Театрға барып, ондағы қойылымдарды тамашалайық. Ал, сіз театрға соңғы рет қашан бардыңыз?!

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close