Basty bet
Жазғы демалыс – 90 күн
2022-2023 оқу жылында аудандағы 39 білім беру ұйымында 10 500-ге жуық оқушы аяқтағалы отыр. 11 сыныпты 660 түлек бітіреді. Оның ішінде 7 “Алтын белгіге” үміткер, үздік аттестақа 74 үміткер түлектер бар.
Өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы демалысына арналған жоспардың барысымен таныстырып өткен болатын.
Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі осы жылдың 31 мамырында аяқталады. 31 мамырда биылғы оқу жылының соңғы сабағы өтеді. Шолпан Каринованың айтуынша, бұл күні барлық мектеп бекітілген кестеге сәйкес сабақтарын жүргізеді. Сабақ соңында әрбір сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағатының сценарийлерін мұғалімдер әр сыныптың жас ерекшеліктерін ескере отырып, өз бетінше әзірлейді. Сынып сағатының мақсаты – оқу жылын қорытындылау, 90 күнге созылатын жазғы демалыс кезеңіне балаларды әзірлеу.
-Дәстүр бойынша мұғалім сынып сағатында оқу үшін кітаптар тізімін, сондай-ақ қарауға болатын фильмдер тізімін ұсынады. Қауіпсіздік шараларын, алдын ала жоспарланып ұйымдастырылған демалыстың артықшылықтарын, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың тиімділігін, еңбек етудің пайдасын, ата-анаға, ата-әжелеріне көмектесудің қажеттілігін айтады.
Сынып сағаттарында негізінен патриотизм, Отанды сүю, достық, татулық, ел тарихына, саяси репрессия мен аштық құрбандарының есімдеріне құрмет таныту тақырыптарына басымдық берілуі керек,- деді бірінші вице-министр.
-Мектептер салтанатты шара өткізу туралы шешімді де өздері дербес қабылдайды. Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырауды өткізуге қатысты мектеп дәстүрлерінің барлығын қолдайды. Сонымен қатар министрліктің нормативті құжаттарында мұндай шаралар бұрын болмаған және қазір де жоқ екенін атап өтсем деймін. Министрлік соңғы қоңырауларды осы жылдың 1 маусымында балаларды қорғау күніне орайластырып, соның форматында өткізуді ұсынады.
9 – сынып бітірушілер үшін қорытынды мектеп бітіру емтихандары 2 маусым мен 13 маусым аралығында өтеді. Ал 11 – сынып бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар 5 маусым мен 19 маусым аралығында болады. Жалпы орта білім беру туралы аттестатты 11 – сынып түлектеріне тапсыру салтанатын өз мектептерінің қабырғасында 20-22 маусымда өткізуді ұсынамыз.
Сынып сағаттарын, аттестат тапсыру, соңғы қоңырау шараларын өткізген кезде педагогикалық этиканы сақату және сыбайластық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге, аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдауға, мектеп әкімшілігіне, педагогтерге сыйлыққа ақша жинауға жол берілмейді,- деді ол.
Балалардың жазғы демалысының көркі – лагерь. Жыл сайын ауданымызда 400-дей бала қала сыртындағы лагерьлерге барып демалып қайтады. Одан бөлек барлық мектепте мектепішілік лагерьлер жұмыс жасайды.
Білім бөлімінің жауапты мамандарының айтуынша, биылғы жылы 377 бала қала сыртындағы лагерьге барады деп жоспарлануда.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»