Basty bet
Ауылды өркендететін баянды бастама
Облыс тұрғындарының табысын арттыру жобасы Үкіметте қолдау тапқаннан кейін бірден өңірімізде іске асыру тетіктері нақтылана түсуде. Бұған дейін сан рет сараланып, барлық жүйесі бекітілген жобаның жай-жапсары тиісті құзырлы орындармен келісіліп, бекітілді. Енді тек сөзден – іске көшіп, қажетті шараларды уақтылы атқару керек.
Айта кетейік, бұл бастаманың басқа өңірлерде баламасы жоқ. Сондықтан да бұл алдымен біздің облыстың он ауданының бір-бір ауылдық округтерінде пилоттық режімде орындалмақ. Ал аталған ауылдықтар оған сақадай сай ма? Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандарға арнайы барып, таңдалған ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, дайындық барысын тағы бір пысықтауда. Алдымен Жамбыл ауданынан басталған аймақ басшысының жұмыс сапары Жуалыда жалғасты.
Асқар Исабекұлы аудандағы жұмыс сапарын Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінде Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден бастады. Онда тұрғындардың табысын арттыру жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Ақтөбе – аталған пилоттық жобаға енген облыстағы он ауылдық округтің бірі. Ауылдық округте барлығы 494 аула бар болса, жалпы көлемі 78 гектар болатын үй іргесіндегі жер тіркелген. Жобаның бірінші бағыты бойынша, осы жердің тиімділігін арттыру – басты талап. Ақтөбеліктердің дені жоба аясында жеке қосалқы шаруашылықтардағы жерлеріне картоп егуге дайын. Сондай-ақ қорадағы малдың өнімділігін еселеуге де ынталы екен. Десе де олар жоба аясындағы тиімді несиені алуда кейбір кедергілердің туындауының мәнісін сұрады. Облыс әкімі бұл жобаның негізгі мақсаты – тұрғындарды жаппай қамту екенін қайталап айтып, әрбір ауылдықтардың несиеге қол жеткізуі үшін барлық жеңілдіктер мен қолайлы жағдайлар жасалатынын жеткізді.
Кездесуден соң өңір басшысы Түктібай ауылында орналасқан «Төлеген» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруасын шалқытуда. Жуырда ғана Чехия мемлекетінен сатып алған келген сүт әрі ет бағытындағы 64 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара Жамбыл өңірін жатсынбапты. Оның себебі, ірі қараның бұл түрі әу баста қазақ жерінен тараған екен. Аталған сиырлар тәулігіне 25 литрге дейін сүт берсе, оның базистік майлылығы 5,4 пайыз көрсеткішті құрайды. Асқар Исабекұлы осынау пайдасы көл-көсір асыл тұқымды түліктің тұқымын өзімізде де көбейтудің жолдарын қарастыруды тапсырды.
Жуалы ауданындағы «Зылиха» шаруа қожалығы картоп өсірумен айналысатын іргелі құрылым ретінде танымал. Бүгінде қожалық 156 гектар алқапқа картоп егіп, оны жинау үстінде. Құрылым 50 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын енгізген. Сондай-ақ сыйымдылығы 600 тонна жеміс-жидек және 1200 тонна картоп сақтайтын қоймалары бар. Ол ғана емес, картопты қоймаға жеткізу, одан сыртқа сұрыптап шығаруға арналған жаңа технологиямен жабдықталыпты. Өз кезегінде облыс әкімі Жуалы өңірінің картоп егуге бейім екенін тілге тиек етіп, шаруа қожалығы аумағынан картоп өнімдерін өндіру ісін қолға алудың маңыздылығына тоқталды. Ол бойынша жауапты тұлғаларға зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Асқар Исабекұлының аудандағы жұмыс сапары «Қаралма» тау-шаңғы базасында түйінделді. Аталмыш кешеннің құрылыс барысын барлаған өңір басшысы тиісті мамандарға барлық жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын тапсырды.
Бүгінде тау-шаңғы базасында жұмыстардың дені аяқталған. Қажетті инфрақұрылымдар – жол, ауызсу, газ құбыры және электр қуатын тарту жұмыстары толығымен орындалған. Ауылға кіреберістен тау бөктеріне дейін көсілген кең жолақты автожолдың құрылысы да аяқталғанына аз болған жоқ. Тікелей база орналасатын тау бөктерінде қызмет көрсету сервисі, коттедждер қалашығы бой көтеруде. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген. Енді аспалы жолды құрастыру, орнату шараларын Ресей елінен келген білікті мамандар жүргізбек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі