Basty bet
Ардагерлер белсенділігі арта береді
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті. Оған аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдық округтегі ардагерлер бастауыш ұйымының төрағалары мен мүшелері, «Аналар алқасының» мүшелері, тиісті мекеме басшылары мен ауылдық окургтер әкімдері қатысты.
Пленумды ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде бір мәселе. Ол – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы және одан туындайтын міндеттер.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков баяндама жасады.
-Құрметті ардагерлер!
Биылғы жыл Қазақстан қоғамы үшін айрықша жыл. Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін тоқтату туралы шешім қабылдауы – нағыз тарихи оқиға. Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, ҚР Президенті етіп Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлап алды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Назарбаевтың шешімін – саяси даналықтың, Қазақстанның болашағы үшін жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып табылатынын ерекше атап өтті.
Қоғамда болып жатқан тың жаңалықтар мен өзгерістер қашанда ардагерлер назарынан тыс қалған емес.
Аға буынның басындағы айрықша қасиет те осы. Олар қоғамдық мәселелерге келгенде ешқашан немқұрайдылық танытқан емес.
Жалпы ел үшін, жер үшін, болашақ үшін Президенттің Жолдауы қоғамдағы көптеген жайттарды қозғап, көңілге күдік ұялатқан, ел көкейінде тұрған сан түрлі сауалға жауап болды.
«Біз өз жұмысымызда, Елбасы ұсынған бес институциалды реформа мен Ұлт жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттігін басты назарда ұстауымыз қажет»,- деді Қ.Тоқаев.
Уақыт талабына сай елдің саяси-қоғамдық өмірін іргерілету, экономикалық реформаларды табысты әрі жүйелі түрде жүзеге асыру, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісінде аудан ардагерлері де жауапты десем артық айтпаған болар едім. Өйткені биліктің қызметін жандандыруда қоғамның белсенділігі өте қажет.
Ауданда «Қарапайым экономикасын» дамытуда ардагерлеріміз белсенділік танытуда. Бүгінгі заман талабына сай мемлекет жобаларын жүзеге асыру игі бастамалардан сырт қалмай еңбек етуде.
Облысымызда соңғы жылдары көптеген игі істер жүзеге асырылып, өңірімізде ірі-ірі жобалар қолданысқа ене бастады. Облысымызда бастау алған және Президентіміздің тарапынан қолдау тапқан «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының ауданымызда кеңінен жүзеге асырылуына белсене қатысып, қызу қолдау көрсетуіміз қажет. Осы жоба негізінде облыс әкімі облыс ардагерлерін аулаларындағы қосалқы шаруашылықтарына бау-бақша егуге, мал ұстап, төрт түліктің санын көбейтіп, жас буынға үлгі болуға шақырған еді. Сол арқылы ауылшаруашылығы өндірісінің өнім өндіру көлемін еселеп өсіру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықты жою, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайту, яғни жалпы алғанда ауылдағы халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейін көтеру,- дей келіп Е.Аманбекұлы ардагерлер алқасының атқарған жұмысы, ардагерлерге үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек-қолдаулар, белсенді ардагерлер туралы әңгімеледі.
Жарыссөзге бірінші болып Билікөл ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Еңсебек Абсалямов шықты. Ардагер Президент Жолдауынан туындаған міндеттер туралы айта келіп, ауылдық округтің тыныс-тіршілігін, ауыл проблемасын баяндады. Аудандық «Аналар алқасының» төрайымы Күлбақыт Айтқұлова болса жаңадан құрылған қоғамдық құрылымның жұмыс жоспарымен бөлісті.
Боралдай ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсатбек Байболов ауылдағы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен атқарылып жатқан көпке үлгі боларлық қайырымдылық істері, ауылдық округте жүзеге асып жатқан маңызды жұмыстар туралы айтып берді.
Қарасаз ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов Президент Жолдауындағы құқық қорғау саласына қатысты айтқан жолдарынан мысал келтіре отырып, аудандағы ахуалға тоқталып өтті. Сонымен бірге билер кеңесінің жұмысына да қысқаша тоқталды.
Сөз кезегін алған аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ең алдымен ардагерлерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, пленум жұмысының жемісті болуына тілектестігін білдірді.
-Өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасының Президенті 2019 жылғы 2 қыркүйегінде «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамдық келісімді нығайту мәселесіне ерекше тоқталды.
Расында, бүгінгі күні бірлігімізді нығайту жолында нақты шаралар қабылдап, қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті нығайту маңызды.
Келер жылғы маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға да тоқталып кеткенін білесіздер. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы кең ауқымда аталып өтпек. Осы орайда біздің ауданымызда да алдағы жылы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы да аталып өтетінін айтқым келеді.
Ең бастысы, ысырапшылдыққа жол бермей, аталған ғұламалардың еңбегі арқылы жастар арасында отаншылдық сезімін оятуымыз керек.
Президентіміз ауылдарда кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығына да тоқталды. Бұл орайда жақында ғана облыс басшысының Үкіметте жаңа жобаны қорғап шыққанын атап өтуге болады.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасын дамыту бағытындағы үй іргесіндегі шаруашылықты жаңғырту жобасы бес бағыт бойынша жүзеге асырылуы күтіліп отыр.
Бұл бес бағыт бойынша облысымызда 31 мыңнан астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба біздің ауданымызда да жүзеге асырылады. Сондықтан Сіздердің тараптарыңыздан осындай мүмкіндікті босқа жібермей, жастардың еңбекке ұмтылуына ықпал етулеріңізді сұранамын,- дей келіп аудан басшысы Тараз қаласында өткен «Елдік елге байланысты» атты форумның маңыздылығына тоқталып өтті.
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылады. Еркінбек Бейсембайұлы пленумның жоғары деңгейде өткенін айта келіп, қай кезде де маңызды мәселе ел бірлігі, ауызбіршілік, ұлттық сана туралы әңгімеледі.
Сонымен бірге бірқатар белсенді ардагерлерді Алғысхатпен марапаттады.
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»