Basty bet

Жұмыстың нәтижесі дұрыс жоспарлауға байланысты

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Олжас Қаржауовтың төрағалығымен Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына дайындық шаралары мен мектептердегі жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары және мектеп директорлары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды аудан әкімі Олжас Есалханұлы ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп бітіретін түлектердің дайындығы туралы. ҰБТ-дан былтырғы оқу жылындағы көрсеткіш бойынша облыс аудандарының арасында біздің ауданның түлектері төмен көрсеткіш көрсеткен болатын.
Осыған сәйкес, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков 2020-2021 оқу жылында өткен ҰБТ қорытындысының негізінде талдау жасап, жаңа 2021-2022 оқу жылына арналған жылдық жұмыс жоспарын жасап, бекіткені туралы айтып өтті.
Әрі қарай сөзді аудан әкімі Олжас Қаржауов алды.
-Қандайда бір жұмыстың нәтижелі болуы – ең алдымен дұрыс жоспарлаудан басталатыны белгілі. Мектеп бітіруші оқушыларға тестке дайындалуға барлық жағдай жасалған. Бірақ олар осындай мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай отыр. Сіздер мына оқушымыз 50 балл алды дейсіздер. 50 балл дегеніңіз, оқушы мүлдем оқымайды деген сөз. Мектеп бітіруші кем дегенде 75 балды жинаулары қажет. Сонда баланың мектепте сабақты дұрыс оқығандығы көрінеді.
Сіздер бүгіннен бастап оқушыларды олардың ата-аналарымен келісе отырып Тараз қаласындағы тест орталықтарына апарып, сынақты сол жерде тапсыртып көріңіздер. Олар өз бақтарын сол орталықта сынап көрсін. Болмаса сынақты аудандағы бір мектепті белгілеп, сонда ұйымдастырыңыздар. Қазір уақыт жылдам өтуде. Сондықтан балалар бос жүрмесін, оларды сынаққа жан-жақты дайындау жұмыстарын ұйымдастырыңыздар,- деді аудан басшысы.
Басқосу барысында бірқатар мектеп директорлары өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудан басшысы орта мектеп директорларына осы ҰБТ туралы мәселені екі айдан соң қайта қарайтынын ескертті.
Екінші мәселе бойынша мектептердің ішіндегі әжетханалар, жылу және су беру туралы әңгіме қозғалды. Тағы да аудан басшысы төменгі сынып оқушыларының кешкі сағат 19-20 шамасында үйлеріне кеш қайтатынын, олардың сабақтарын неге таңертеңгі уақытқа ауыстыруға болмайтынын сұрады. Сонымен бірге, аудандағы мектеп үйірмелері туралы да сөз қозғап, балаларды көшеде сандалтпай, тиісінше пайдалы үйірмелерге тарту керектігін де ескертті.
Одан бөлек, жиында вакцина туралы да әңгіме қозғалды. Өйткені барлығымыз білетіндей, жақында мектеп оқушылары мен жүкті әйелдерге екпе салу басталады. Бұл жайлы мәліметті аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова түсіндіріп берді.
-Өздеріңіз білесіздер, жақында №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның акт залында вакцина туралы жиналыс болды. Бұл вакцина негізінде 12 мен 17 жас аралығындағы оқушыларға, жүкті және емізулі әйелдерге салынады. Ауданда осы жас аралығында оқушылар саны 4 435, ал 16 мен 37 апта аралығындағы жүкті әйелдер саны 180, қалғаны емізулі әйелдер. Біздің ауданға екпенің 5 140 дозасы әкелінеді деп күтілуде. Байқасаңыздар, екпе алатындардың 90 процентін негізінен оқушылар құрап отыр. Қарашаның орта тұсында аудан әкімдігінің жанынан құрылған екі мониторингтік топ түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін аудандағы 34 білім ошағына барады,- деді Анар Садыққызы.
Әрі қарай аудан әкімі О.Қаржауов аудандағы №16 Жуалы колледжінің директорынан оқу орнын бітіруші түлектер жайлы мәлімет сұрады. Оқу орнының басшысынан дұрыс жауап ала алмаған өңір басшысы колледж директорына колледжді бітірген түлектердің жұмысқа орналасу немесе орналаспау мәселесін жедел түрде зерделеуді тапсырды.
Сонымен бірге, егер кәсіптік колледжді бітірушілер жұмыс таба алмаса, алдағы уақытта ауылшаруашылығы саласындағы сұранысқа ие мамандықтарды ашып, ауылшаруашылығы коллдежі болып қайта ашылуы мүмкіндігін де айтты.

Таңдаулы материалдар

Close