Basty bet

Үздіктер облыстық кезеңге жолдама алды

Партияның іргетасы, басты күші – бастауыш партия ұйымдары.
Қазақстанды үшінші жағырту аясында Елбасының бастамасымен қолға алған бағдарламалық құжаттардың, партиялық жобаларды жүзеге асыру жолында бастауыш ұйымдарының рөлі ерекше.
Сондықтан биыл бесінші рет елімізде бастауыш партия ұйымдары арасында «Үзік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы өткізілуде.
Байқаудың мақсаты – бастауыш партия ұйымдарының қызметін уәждемелеу және олардың жұмысын жандандыру; үздік БПҰ анықтау және олардың жұмыс тәжірибесін елдің барлық аймақтарына тарату; партиялық және сайланбалы қызметтерге ұсыну мақсатында білікті және белсенді БПҰ төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру; партия жұмысына жұртшылықтың назарын аудару.
Байқау үш деңгейде өтеді. Яғни, аумақтық, аймақтық және партия орталық аппараты деңгейінде өткізіледі.
Аталған байқау ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылған 2016 жылы «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Руслан Сайлаубаев республикалық кезеңнен І орынды жеңіп алды. Ал, өткен жылы «Б.Момышұлы» бастауыш партия ұйымының төрайымы Эльмира Әбішева жүлделі ІІ орынды иеленді.
Жақында аудандық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Үздік бастауыш партия ұйымы-2019» байқауының бірінші кезеңі өтті. Оған аудандағы 30 БПҰ-ның 20-ға жуығы қатысты.
1 санат бойынша – құрамында 100-ге дейін партия мүшесі бар БПҰ-дан жеті, 2 санат бойынша – құрамында 500-ге дейінгі партия мүшесі бар БПҰ-дан 11 БПҰ жетекшілері қатысты.
Байқаудың алғы сөзі «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің консультанты, Жуалы ауданының кураторы Балжан Пернебековаға берілді. Балжан Сәдібекқызы байқаудың мақсатын түсіндіре келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауды «Ақтөбе» БПҰ төрайымы Гүлнар Әбілдаева бастады.
-Бастауыш партия ұйымында 99 мүше бар.
БПҰ тарапынан партияның бағдарламалық құжаттарын, мақсат-мүдделерін жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Партиялық жобалар аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтсем, «Кедергісіз келешек» жобасы мүгедек жандардың өмір сапасын арттыру мақсатында халықаралық мүгедектерді қорғау күніне орай кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шара нәтижесінде көмекке мұқтаж бір кісіге қаржылай көмек көрсетілді,- дей келіп «Ардагерлерді ардақтайық!», «Бақытты балалық шақ!» «Жастар – Отанға!», «Сәтті қадам», «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен бірге партиялық жұмыста жаңа әдістерді пайдалану, азаматтық бастамаларды іске асыру, жастармен жұмыс туралы айтып өтті. Одан соң «Нұрлыкент», «Әбдіқадыр», «Күреңбел», «Қайрат», «Көлбастау», «Жуалы газ», тағы да басқа БПҰ жетекшілері кезегімен шығып, өз жұмыстарын көрсетті. Барлық жұмыс комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалған жоқ. Әрбір үміткер өз жұмысын қорғап болған соң, комиссия мүшелерінің тарапынан ашық пікірлер айтылды.
Жұмыс істеу бір бөлек әңгіме де, оны көрсете білу бір бөлек әңгіме. Сондықтан атқарған жұмысын дұрыс көрсете алмай жатқан жетекшілер де болды. Партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова мұндай мәселелерге жан-жақты мән берді. Байқауда 2 санат бойынша «Қайрат» БПҰ мен «Жуалы газ» БПҰ жетекшілерінің жұмысы тең дәрежеде түсіп, жеңімпазды анықтау үшін оларға қосымша сұрақтар қойылды. Нәтижесінде 1 санат бойынша «Ақтөбе» бастауыш партия ұйымының төрайымы Гүлнар Әбілдаева, 2 санат бойынша «Жуалы газ» бастауыш партия ұйымының төрайымы Айнұр Мөриева жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтармен, Дипломмен марапатталып, облыстық байқауға жолдама алды.
-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының алдына қойған нақты тапсырмалары мен бірегей жобаларының іске асырылуы бастауыш партия ұйымдарының жұмысына тікелей байланысты. Партияның құрамында, жан-жақты және ел жанды азаматтар жұмыс істейтін болса, еліміздің әлемнің озық отыздығының қатарына қосылатындығына ешкім дау туғызбайды.
Сондықтан сіздерді әрдайым биіктен көргім келеді. Әрине, араларыңызда өте белсенді жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Атап айтқанда, «Нұрлыкент» БПҰ төрағасы Шектібай Манатов, «Әбдіқадыр» БПҰ төрағасы Керімжан Тұрғанов, «Күреңбел» БПҰ төрайымы Бауыржан Қозыбеков, тағы да басқалардың еңбегі көп,- дей келіп Анар Садықызы барлық қатысушыларға алғысын жеткізді.
Жеңімпаздарды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің консультанты, Жуалы ауданының кураторы Балжан Пернебекова мен «Б.Момышұлы» БПҰ төрайымы, «Үздік бастауыш партия ұйымы-2018» байқауының республикалық кезеңінің ІІ орын жүлдегері, комиссия мүшесі Эльмира Әбішева да құттықтады.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close