Basty bet

Көпір жөндеген мол сауапқа кенеледі

Көлбастау мен аудан орталығын жалғайтын аспалы темір көпір жөнделіп, кеңейтілуде

Бұл осы төңіректе тұратын сан жүздеген адамдардың көптен бергі арман-аңсары мен тілегі еді. Аталған аспалы көпір аудан орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков көшесінің тұсындағы жұртшылық «Қарасай» деп атап кеткен терең жыраға орналасқан. Көнекөз тұрғындар «кезінде бұл сай аса терең болмаған. Табанында өскен шүйгін шөбіне қозы-лақ, бұзау арқандап, суына қазы-үйрек шомылатын» деседі. Алайда, таудан аққан судың көлемі жыл сайын арта түсіп, соның салдарынан сайдың табаны қазылып, жыраға айналған. Бертін келе сайдың үстінен көпір салу қажеттігі туындаған.

Өткен ғасырдың 80-жылдары көше тұрғыны, аудан орталығындағы атағы дүркіреп тұрған «Қазсельхозтехника» мекемесінің жұмысшысы Николай Письмактың ұйытқы болуымен темір конструкциялар әкелініп, көпірдің алғашқы қаңқасы қаланған. Бір әттеген-айы, көпірдің тарлығы еді. Өйткені, біріне-бірі қарсы кезіккен екі жаяу жүргінші көпірге сыймайды. Асықпағаны арғы жағада күтіп тұрады, ал асыққандары көпірдің бел ортасында кептеліп, бір бүйірімен жанай өтуге мәжбүр болады. Бас-аяғы 50 метрден астам бұл коммуникация құралы 40 жылдан астам осы төңіректен аудан орталығындағы мектепке, балабақшаға, жұмысқа күн құрғатпай ерсілі-қарсылы жүретін сан жүздеген адамның қатынас жолына айналды.
Көпірдің соңғы рет жөнделгеніне де 20 жылға жуықтапты. 2000-жылдардың басында көктемде болған алапат су тасқынынан сайдың қос жағалауы жырылып, көпірді де әлденеше метрге сүйреп тастады. Міне, көпір осы тұста бір жөнделіп, табандары нығайтылып, қайта іске қосылған-ды.
Мезгіл өте келе, көпірдің тарлығы шын сезіле бастады. Оған қоса, көптен жөндеу көрмегендіктен, табанындағы темір конструкциялары да аққан сумен шайылып, сыр бере бастағаны байқалды. Тіптен, кей жел күндері шайқатылып, үстіндегі өткінші адамға қауіп келтіретіндей жағдайға жетті. Бұл жайт сайдың арғы шығаберіс аузында тұратын, қоғам белсендісі Қуантай Исаев қарияның қабырғасына бататын. Қыстың көзі қырауда әрі-бері жаяу өткенде жолығып, әңгімелескенде, осы көпір жайын сөз ететін. Ауыл тұрғындары да бұл мәселені талай жиындарда көтеріп жүрді.
Міне, көпшіліктің өтініш-тілегін ескерген Бауыржан Момышұлы ауылының әкімдігі көпірді ағымды жөндеуге және кеңейтуге қаражат бөліп, таяуда құрылыс жұмыстары басталды.
Мердігер Тараз қаласынан жеке кәсіпкер Арман Жарылқасынов құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тартқан. Құрылыс бригадасының басшысы, әрі жабдықтаушы Ғалымбек Юсуповты әңгімеге тартқанымызда, ол құрылыс жұмыстарының басталғанына он күндей уақыт өткенін, ауа-райының жауын-шашынды болуы іске аздап қолбайлау болып тұрғанын айтты.
Объектідегі жұмыстар алдын ала зерделеніп, дайындалған жобаға сай атқарылуда. Көпірдің табаны монолит бетонмен кеңейтіліп құйылып, үстіңгі темір конструкциясы бірнеше тұстан қалың бұрыштық темірлермен күшейтілген, өтпе жолы әрі-бері жүруге ыңғайлы болуы үшін 1,5 метрге дейін кеңейтілуде. Өтпе жолдың қос қапталының ұзына-бойына таяныш орнатылып, арғы басындағы өтпе жол 8 метр ұзартылып, 1 метрден астамға биіктетілген. Сайдан шығаберіс тепсеңге бетон тепкішектер құйылуда. Көпірдің табанына құйылған монолитті бетонды іргетасы су сіңбеуі үшін қара маймен майлануда. Өтпе жолға қалыңдығы 4 мм арматураланған темір табақшадан дайындалған торша төселеді. Ақтық кезеңде көпір майлы бояумен боялып, әрленетін болады.
Қазір мұнда жеті адам күн-түн демей, уақытпен санаспай, еңбек етуде. Жігіттердің бәрі көпір құрылысы объектілерінде жұмыс істеген, ысылған мамандар екен. Темір пісіруші Жамал Қожатов бұған дейін Алматы қаласындағы «ДСУ-13», «Алматымост» мекемелерінде жұмыс істеген, темір кесуші Қуандық Шехбаев та түрлі компанияларда еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған, өз ісінің бесаспап шеберлері. Олардан бөлек, мұнда автогенші Есенгелді Қожатов, көмекші Нұрбек Маташев та еңбек етуде.
Құрылысқа қажетті бұйымдар мен материалдар жеткілікті. Оны Ғалымбек Юсупов «ГАЗель» автокөлігімен жеткізіп беруде. Электр қуатын өндіру үшін екі дизельді электр станциясы пайдаланылуда. Құрылысшы жігіттер жөндеу жұмыстарының бұйырса, екі-үш күнде аяқталатынына сенімді.
Біз көпір жөндеу жұмыстарының Рамазан айына тұс келуін жақсылықтың нышанына баладық. Себебі, құдық қазып, одан көпшілік су ішсе, жүрер аяқ жолды кеңейтіп, көпір салса, онымен көп адам жүрсе, осы секілді толып жатқан істердің сауапты амалдар қатарына жататыны бесенеден белгілі. Ал, оның сауабы әсіресе ораза кезінде еселене түсетіні анық. Осы тұрғыда халықтың мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асып, осынау сауапты іске мұрындық болған аудан әкімі Нарбай Ергебековке, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке, аудандық мәслихаттың № 7 «Орталық» сайлау округінен сайланған депутаты Анар Ахметова мен ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповқа, оны іске асырған мердігерге тұрғындардың айтар алғысы шексіз.

Таңдаулы материалдар

Close