El іshі

Мерей жеңімпаз атанды

Жақында Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен көркем әдебиет туындыларын ең көп оқитын оқырмандар арасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқау өтті. Байқау қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығына арналды. Тағылымды шараның мақсаты – жас жеткіншектердің қазақ тілі мен әдебиетіне, ұлағаты мол ұлттық мәдениетке деген ықыласын арттыру, көркем сөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру. Сонымен бірге руханияттың алтын діңгегі, қазыналы, қасиетті қара шаңырағы – кітапханаға шынайы сүйіспеншілік, құрметпен бетбұрыс жасау.Байқауға әр ауданнан 7-10 жасқа дейінгі және 10-15 жасқа дейінгі аралықтағы үміткерлер қатысты.
Облыста өткен байқауға аудандық байқаудың жеңімпаздары №1 мектеп-гимназияның оқушысы Мерей Бауыржанқызы мен Т.Әкімов атындағы орта мектептің оқушысы Тоғжан Шайдулина қатысты.
Қатысушылар байқаудың талабы бойынша бірінші «Мен – кітапхананың тұрақты оқырманымын» атты бөлімде өздерін таныстырды. Екінші бөлімде жазушы Пернебай Дүйсенбиннің көркем шығармаларынан, повестерінен, ертегілерінен, аңыздарынан, әңгімелерінен үзінділерді жатқа оқыды немесе белгілі шығармалары негізінде сахналық үзінді қойылым қойды. «Портрет галереясы» бөлімінде портреттегі бейненің кім екенін тапса, «Әдеби бәйге» бөлімінде жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап берді.
Әр ауданнан іріктеліп келген кіл мықтының ішінен Мерей Бауыржанқызы жүлделі І орынды, Тоғжан Шайдулина өз жас аралығы бойынша ІІ орынды жеңіп алды.
Мерейдің өнері қатысушылар мен жанкүйерлерді тәнті етті. Ол таныстыру бөлімінде өзін бес шумақ өлеңмен мүдірмей таныстырып шықты. Екінші бөлімде автордың «Саят» повесінен үзінді қойды. Яғни, соғыс жылдары Жапон жерінде жарылған бомбаның кесірінен сәуле ауруына шалдыққан кішкентай қыздың ауруханадағы халін, жағдайын сахналаған Мерейге әділқазылар алқасы мен көрермендер риза болды. Мерейдің образға кіріп кеткені соншалық, алған әсерінен көзіне жас алмаған көрермен болмады. Көп қатысушылар үшінші, төртінші бөлімде сүрінді. «Портрет галереясы» бөлімінде портретте бейнеленген ақын-жазушылардың суретін көп оқушылар таба алмады. Ал, Мерей өзіне жасырылған суретті бірден таба білді. Сұрақ-жауап бөлімінде де Мерей мүдірмеді.
Мерей Бауыржанқызы – №1 мектеп-гимназияның 3 сынып оқушысы. Оқуда озат, жан-жақты өнерлі, зерек, үлгілі оқушысын сынып жетекшісі Зура Танабекова да мақтан тұтады.
Мерейдің қойылымының сәтті шығуына «Аула клубының» «Сөз зергері» үйірмесінің жетекшісі Айнұр Тоғаеваның қосқан үлесі зор.
Жүлдегер болған ауданымыздың дарынды, болашағына үлкен үміт артар жас жеткіншектері Мерей Бауыржанқызы мен Тоғжан Шайдулина ұйымдастырушылар тарапынан арнайы Диплом мен бағалы сыйлықтарды иеленді.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close