Basty bet
Ақтөбеліктердің мерейлі мерекеге тартуы
Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жуалы – құт мекенім» атты мерекелік шарасы бұл аптада Ақтөбе ауылдық округінде жалғасты.
Шараның басты мақсаты – азаматтардың туып-өскен жерінің тарихын, мәдениетін, құнды дүниелеріне құрметпен қарауға және оларды жас ұрпаққа насихаттауға шақыру.
Мерейлі мерекемен құттықтау үшін алғы сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға беріп, ол атаулы мерекені ауыл-ауылдарда кең көлемде тойлауға және жас ұрпаққа туған жердің, бай табиғаттың мол мұрасын танып-білуге шықырды. Ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралапов жиналған жұртшылықты және кеш қонақтарын осынау тарихы терең мерейлі мерекемен құттықтады. Өңірдің дамуына еңбегі сіңген ауылдың азаматтарын, көпке үлгі отбасыларды, жас спортшыларды және өнерпаздарды Алғысхаттармен марапаттады.
Айта кету керек, мерекеге аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова, аудандық мәслихаттың төрағасы З.Бүрлібаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ә.Уркумбаев және округ ақсақалдары қатысты.
Мерекелік шара «Ақ әжелер» тобының құрт, бауырсақ, ірімшігі қойылған қазақы нақышта жабдықталған көрмені көпшілікпен таныстырудан бастады. Келесі нысан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Бәйтерек және Жаңаталап ауылдық кітапханашыларының 95 жылдыққа арнайы жасалған кітап көрмесі және стеллажы қойылды. Сол өңірдің азаматы, ақын Әбдіғапар Айтоқұлының шығармашылығына да ерекше тоқталған. Ақынның шығармашылығын жатқа оқыған оқушылардың да дайындығы ерекше. Мәселен, «Қаратау», «Жуалы», «Туған жер», «Жуалым – кіндік кескен мекенім» атты өлеңдеріне кезек берілді. Сол өңірдің азаматы Мырзахан Ахметтің де «Шоқ жұлдыз» кітабы көрмеге қойылған.
№2 Балалар өнер мектебінің қолөнер шебері Құдірет Жақсылықтың ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдары көрерменнің назарына ұсынылды.
Шараның жалғасы «Томирис» бишілерінің мың бұралған биімен және әсем әндермен жалғасын тапты.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»