Basty bet

Қуатты ұлттың діңгегі – оның еңбекқор халқы

өңірдің көші-қон қызметі саласында бірқатар жұмыстар атқарылу үстінде

Адам – қоғамның және мемлекеттің ең басты байлығы. Сондықтан елімізде халық санының жылдан жылға көбейіп келе жатқаны барлығымыз үшін үлкен қуанышты оқиға. Өйткені, қай мемлекеттің де дамуына ең біріншіден халқының саны ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнайтын жылсайынғы Жолдауларының негізгі тармақтарының бірін елдегі көші-қон үдерістерін ілгерілетуге, елге қоныс аударып жатқан қандастардың мәселесіне және демографиялық ахуалдың жақсаруына арнайтыны белгілі. Олай болатыны, халқымыздың саны көбеймесе, көсегеміздің де көгермейтінін жақсы білеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауының негізі елде берекелі қоғам құруға арналды. Қоғамның берекелі және орнықты дамуы ең біріншіден Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігіне, өзара тату тірлігіне және еңбексүйгіштік сияқты ерекше қасиеттерінің жоғары болуына байланысты.
Бұл туралы Президенттің халыққа арнаған Жолдауының «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» аталатын үшінші бағдарында жан-жақты айтылды. Бұл бағдарда: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өтілген.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елге қоныс аударып жатқан қандастардың мәселесіне де тоқталды: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды.
Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек» делінгені көптеген маңызды жайдан хабар берсе керек. Шын мәнінде Әділет орныққан мемлекетте ғана берекелі қоғам құрып, адамдарға әлеуметтік тұрғыдан жақсы жағдайлар жасауға болады. Президент осыған барар жолдың негізгі бағыт-бағдарларын Жолдауда анық көрсетіп беріп отыр.
Берекелі қоғам құрудың мәселесіне келгенде, Қазақстан Республикасының аумағында жүргізіліп жатқан көші-қон саясатының да маңызы арта түседі. Бұл ретте Қазақстандағы көші-қон саясатының мақсаты – еліміздің ұлттық тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтау, заңсыз көші-қонды қысқарту мен сұрыптаушылық көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон процестерінің келеңсіз салдарларын азайту болып табылатынын да баса айта кеткен жөн.
Еліміздің қоғамдық өміріне қарап отырсақ, бүгінде Қазақстан әлемдік көші-қон үдерісінің белсенді қатысушыларының біріне айналып отыр. Осыған орай, еліміздің көші-қон қызметі көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіруді және іске асыруды, көші-қон процестерін мониторингілеуді, талдауды және болжауды, сондай-ақ босқындар және Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелері бойынша жұмысты ұйымдастыруды жүзеге асырады.
Бұл ретте Қазақстанның өзге аймақтарына қарағанда, Жамбыл облысында, оның ішінде, топырағы қасиетті, жері мен суы дуалы Жуалы ауданына көршілес мемлекеттерден тұрақты тұруға қоныс аударып жатқан қандас бауырлардың қарасы анағұрлым мол екенін айтуға тиіспіз. Иә, Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыттың бедерін алып қарайтын болсақ, қасиетті Әулиеата өңіріндегі құйқалы ауданның бірі Жуалы ауданына көшіп келуге ниет білдірген отбасылардың әлі де бар екенін жақсы білеміз. 1992-2009 жылдардың аралығында ауданға орта есеппен – 1 548 қандас отбасы көшіп келсе, 2013-2014 жылдардың аралығында бұл көрсеткіш – 1 700 отбасыға (осы жылдары ауданға 3 696 адам сырттан көшіп келді) еселеніп, ұлғайып отыр. Ал 2019-2020 жылдары жоғарыда атап өтілген 1 700 отбасына одан бөлек, барлығы 493 отбасы қосылды. Бұл – «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ-ның аудандық бөлімшесінің бізге берген мәліметі.
Ал аудандағы көші-қон қызметінің жұмысын ілгерілетіп, өзге елдерден осында қоныс аударып жатқан қандастарды құжаттандыру және өңірдегі көші-қон бағытындағы үдерістерді жеделдету ісінде аудандық полиция бөліміне қарасты Көші-қон қызметі тобының атқарып атқарып отырған жұмыстарын атап өтуге тұрарлық.
-Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды құжаттандыру, азаматтарды қабылдау, оларды дактилоскопиялық тіркеуден өткізу, заңсыз көші-қонды ескерту және оның жолын кесу бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу тәртібі қағидаларын бұзушылықты анықтау және тағы басқа маңызды істер аудандық полиция бөлімінің Көші-қон қызметі тобының қызметкерлеріне жүктелген.
Қандастарды құжаттандыру мәселесіне келсек, бұл бағытта 2020 жылдан бері бірқатар жұмыстар атқарылып отыр. Атап айтқанда, 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін барлығы 400-ге жуық «қандас» шетелдік азаматты құжаттандыруға қол жеткізілді. Құжаттандыру барысында көші-қон қызметі тарапынан ешқандай проблемаға жол берілмейтінін баса айтқым келеді,- дейді АПБ-ның Көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция майоры Меруер Тәжібаева.
Меруерт Тойлыбайқызының айтуынша, 2024 жылдың қаңтарынан бастап көші-қон қызметіне тағы бір жаңа міндет жүктеліп отыр. Бұл яғни, Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық тіркеуден өткізу міндеті. Бұл үшін «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ-ның аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімінде (орталығында) және аудандық полиция бөлімінің ғимаратында жаңадан құрылғылар қойылып, көші-қон қызметі тобының қызметкерлері тиісті деңгейде жұмыстар атқару үстінде.
Жауапты маманның сөзіне қарағанда, негізінен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға дактилоскопиялық тіркеуден өту (саусақ іздері арқылы тіркеу және тексеру) міндеттелген. Бүгінгі таңға дейін (ағымдағы жылдың басынан бері) ауданда 100-ден астам Қазақстан Республикасының азаматы мен шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуден өткен екен. Бұл – құжаттану барысында тіркеуден өту кезінде шетелдіктерге міндетті болса, Қазақстан Республикасының азаматтарына ерікті түрде жүргізіледі. Мұны да аудандық көші-қон қызметі тобының атқарып отырған негізгі жұмыстарының бірі деп айтуымызға болады.
«Елге ел қосылса – құт!» деген сөз бар. Халық санының артуына келсек, бұл әрине, барлығымыз үшін қуантарлық жағдай. Қасиетті өңірге Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң жылдарында көшіп келген қандастар қазіргі таңда осында орнығып, жергілікті жердің табиғатына да, ауа райына және адамдарына да үйренісіп, бір сөзбен айтқанда, әбден сіңісіп кетті деуге болады. Аудан көлемін алып қарайтын болсақ, Жуалы жерінде тұрғылықты тұрып, еңбек етіп жатқан қандас отбасылардың арасында көршілес мемлекет Өзбекстан Республикасынан осында қоныс аударған ағайындардың саны басқалардан қарағанда әлдеқайда басым. Олар негізінен қасиетті өңірге қарасты ауылдарда сауда-саттық ісін, ісмерлік, қолөнер сияқты істерді дөңгелетіп, базар ісіне және диқаншылық кәсібін қолға алып, еселі еңбек етуде. Олардың еңбекқорлық және іскерлік сияқты жақсы қасиеттері өңірдің дамуына өзінің елеулі әсерін тигізіп отырғаны даусыз.
Жалпылама алғанда, Қазақстандағы көші-қон үдерісі, онымен қатар қандастардың ел аумағына орнығуы мәселесі – өте маңызды мәселелердің бірі. Біз бұл мәселеде елдегі халық санының артуы мен қоғамда еңбек құндылығының кеңінен салтанат құруын, сондай-ақ ұлт сапасының артуын баса айтып отырмыз. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп ерекше толғанғаны еске түседі.
Президент ерекше атап өткендей, адал еңбектің құндылықтарын сөз етіп, оны қоғамға үлгі еткен тұста «Отаным, елім, жұртым!» деп елге ет жүрегі елжіреп келген қандастардың бойындағы еңбекқорлық қасиетін міндетті түрде атап өтуге тиіспіз. Оның үстіне, жылдар өткен сайын халқымыздың тұрмысында ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер мен ескі әдет-ғұрыптарды сақтау арқылы оны кейінгі жас ұрпаққа кеңінен дәріптеп, қала берді, жергілікті жерде қолөнерді дамытып отырған қарапайым еңбек адамдарының арасында қандастардың да үлесі басым екені көңіл қуантады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close