Basty bet

Базар бағасына зерделеу жұмысын жүргізді

Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы аудандағы орталық базарлардағы көкөністер мен азық-түліктердің бағасын бағамдап, кәсіпкерлермен сұқбаттасып, аралап шықты.

Бірінші – «Дары природы» базарындағы көкөніс сатушыларымен сұқбатында көкөніс бағаларына зерделеу жүргізілді. Әзірге жергілікті жерде өндірілген көкөністердің сатылымға шықпауына байланысты сырттан тасымалданатын көкөніс және жеміс-жидектер былтырғыға қарағанда жоғары бағада сатылуда. Базарда сатылатын тауарлар негізінен Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласынан, сонымен қатар, көбінесе Павлодар, Сарыағаш, Қарабұлақ және Сарыкемерден жеткізіледі.
Өнімдер негізінен өз өңірімізде өндірілсе, оның баға тұрақтылығына да оң әсері болатыны анық. Жергілікті өнімге келетін болсақ, әзірге Нұрлыкенттен аскөк және қиярлар, Бәйтерек ауылының жылыжайларында өсірілген қиярлар, тәтті бұрыштар сөрелерге сатылымға шыққан. Бүгінгі күні картоп – 180-200 теңгенің аралығында сатылымға қойылса, сәбіз – 250, қияр – 150-250, қызанақ – 200-250, пияз – 250, қырыққабат – 250, тәтті бұрыш – 250, аскөк бумалары – 150, ал сарымсақ – 600 теңгеден саудалануда.
Екінші – «Жуалы – жер жәннәті» сауда орнындағы сатушылармен жүздесіп, базар бағасының нарқын назарға алды. Мұндағы бағалар да жоғары болып шықты.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза алдағы үш-төрт күнде жергілікті шаруалардың өнімдерін арзандатылған бағамен жеткізілуін қамтамасыз етуге және оны алып-сатарларсыз сатылымға шығаруға тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді. Сонымен қатар, азық-түлік тауарларының да баға тұрақтылығын ескерді. Әлеуметтік дүкенде ұн бағасы 6700 теңге болса, «Алтын ұн» дүкеніндегі жоғары сұрып ұнның бағасы 8200-10 000 теңгенің аралығында. 5 литр өсімдік майы – 3500 теңге, 25 келі қант – 9300 теңге.
Аудан әкімі саудагерлердің де уәжін тыңдап, тиісті шаралар жүргізу қажеттігін ескертті. Саудагерелердің айтуынша, жалға алудың өзі қымбатқа соғуда. Олар көше бойындағы заңсыз жабайы саудаға қатаң тыйым салынса деген пікірде. Базар маңындағы қоқыстарды тазарту тиісті мекемеге жүктелмек. Жауын суы ағатын арықтардың жұмысы келесі жылы қолға алынады.
Базар ішіндегі жол бойын жағалай орналасқан сауда нүктелерін жабық ғимараттарға көшіріп, жүйелілікке көшу де заман талабы. Орталық базардағы бірқатар нысандарды қарап шыққан аудан әкімі Ж.Мұртаза ауыл келбетін реттеу үшін атқарылар жұмыстардың тізбесін айқындап берді. Базар маңын сәулеттендіру және жөндеу таяу болашақтың еншісіндегі маңызды шаруаға айналып отыр.

Таңдаулы материалдар

Close