Basty bet

ұлттық нақыштағы қазақы сөмкелер сұранысқа ие

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» бағдарламасының белсенді шараларына жұмыссыз азаматтар қамтылған. Осы жобаға қатысып өздерінің бақтарын сынау мақсатында өңірдің белсенді азаматтары да қалыс қалмады. Олар өздерінің қарым-қабілеттері, ерекше жобалары арқылы комиссия мүшелерінің қолдауымен жобаның жеңімпаздары атанғанды.
Жобасы қолдау тапқан Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, ісмер келіншек Мөлдір Қадырованың жетістік жолын көпшілікке таныстыруды жөн көрдім. Ол өзінің бойына анасынан дарыған тігіншілік, ісмерлік қасиеті арқылы бүгінде алыс-жақын ауылдардағы көптеген азаматтардың сұранысын орындап жүрген жан.
Биылғы «Ұлттық жобаның» ерекшелігі сол, ауылдағы көпбалалы және аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандардың жобаларының іске асуына жол ашу. Жоба қарапайым халықтың қажеттілігін, тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын ескере отырып, ауылды жерлердегі шағын және орта бизнесті қалыптастыруға, жұмыс істеп қалайда қоғамға пайдамды тигіземін деген ниеттегі азаматтардың игі бастамаларына жол ашылып, мүмкіндік туды.
Мәселен, Мөлдір Қадырова негізінен Түркістан облысының азаматшасы. Ол бала кезінен тігіншілікке, қолөнерге ерекше жаны құмар еді. Осыдан 18 жыл бұрын Кәріқорған ауылының азаматы Нұралы Қадыровқа тұрмысқа шығып, бүгінде Алланың берген алты перзентін бағып-қағып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде.
Жас келін кезінде арнайы мамандықта оқып-білім алуына мүмкіншілігі болмаған. Десе де оның бойындағы еңбекқорлық, ұқыптылық, алғырлық қасиеттері оны ешқашан құр қол қалдырмады. Оған ешқашан мойымады. Үнемі бала тәрбиесімен қатар қолы қалт ете қолөнермен айналысқанды жаны қалайтын. Бастапқыда үйде отырып онлайн тігін курстары арқылы білімін жетілдірді. «Киім тігу», «Ұлттық нақыштағы киімдер тігу», «Кестелеу түрі», «Сөмкелер тігу», «Құрақ құрап үйрену» деп аталатын курстарына қатысып жүріп көптеген тігіннің ерекше түрлерін де меңгеріп алады. Кейіннен өз үйіне қажетті деген төсек жапқыштарын, сәнді перде, құрақтан жасалған көздің жауын алатын көрпелер, ұлттық нақыштағы киім-кешектер, бас киім, бесік жасауын тігумен айналысатын болды. Уақыт өте келе ауыл-аймақтағы көрші-қолаң, туған-туысқандар шебердің дүниелеріне ерекше қызығушылық танытуы арқылы тапсырысы күн санап арта түсті.
2023 жылдың басындағы алғашқы «Ұлттық жобаға» қатысып, бастапқыда өтпей қалады, арада біраз уақыттан кейін жалғасын тапқан жобаның үшінші кезеңінде жобасы қолдау табады. Ол кездегі қуанышы ерекше болды. Өзі ғана емес бүтін бір отбасы қуанды. Ең бірінші, үйдегі отағасы Нұралы әйелінің табандылығына бірге қуана білді. Себебі, ол жерде жобаның жеңімпаздарына ақшалай 1 млн. 380 мың теңге берілді. Өзіне қажетті деген тігін машинасын, бисермен тігетін, матаға жабыстырушы желім, етік және сөмке тігетін машинасын, ноутбук, кескіш дрель, ыстық желім т.б өзіне қажетті дүниелерді оның жұмысының одан әрі дамуына жол аша түсті.
Осылайша қазіргі таңда ол «Құдағиыма», «Құдашама», «Құдаға» «Бесік тойға», «Тұсау кесерге», «Құрсақ шашу», «Ағайын тоғыз», «Сүндет той» деп аталатын ұлттық нақыштағы және есімдер жазылатын сөмке тігумен айналысып келеді. Қазақ тойшыл халық. Осындай той-томалақ, қуаныштарға арнайы әсемдеп апаратын таптырмас дүниелер көптің көңілінен шығуда. Осындай өнерлі, ізденімпаз азаматшаның болашақта жоспарлары өте көп. Арнайы тапсырыстар қабылдап өзінің шағын отбасын асырап, оларға қолұшын беріп жәрдемдесуде. Оның осындай тамаша қасиеті алтын құрсақты, батыр анасы Балқия Асанқызынан дарыған болатын. Балқия апай бүгінде 85 жасты еңсерген қарт ана дүниеге 11 перзент әкеліп, салихалы ұрпақ тәрбиелеген, ісмер жан. Анадан алған тамаша тәлім тәрбиесі қыздарына да бұйырған. Олар да ана жолын қуып, қолөнермен және салихалы перзент тәрбиелеу ісімен ана жолын жалғап келеді.
Менің кейіпкерім осындай батыл, нағыз еңбек адамы. Осындай батыр ананың Даниял, Ұлдана, Халит, Камшат, Әдиля, Мұхамед есімді ұл-қыздары анасының жәрдемшілері. Үнемі анасы тігін тіккенде біреуі матасын, біреуі қайшысын беріп қолғабыс етеді.
Өңірдің дамуына, экономикасына үлес қосып жүрген еңбек адамдары қай уақытта да қадірлі, бағалы!

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close