Basty bet
Әрбір жастың денсаулығы қоғам үшін маңызды
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және Жамбыл облысы бойынша жастар денсаулық орталығының жұмысын жандандыру мақсатында 2021 жылдың сәуір айынан бастап аудандық орталық ауруханадан «Жастар денсаулық орталығы» ашылып, жұмыс істеуде.
Орталықтың мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, оның ішінде ерте жыныстық белсенділіктің алдын алу, қалаусыз жүктіліктің алдын алу, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру.
Жастар денсаулық орталықтары – репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша 10 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға және 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға медициналық, емдік-профилактикалық көмек, психоәлеуметтік және құқықтық қызмет көрсетеді.
«Сенім» жастар орталығында дерматовенеролог дәрігер Қалижан Әмреев, акушер-гинеколог Жұмагүл Махмудова, хирург (уролог) дәрігер Дамир Сарыбаев, психолог Венера Сейтаева, әлеуметтік қызметкер Гүлшат Шохатова, медбике Әсия Туралиева қызмет етеді.
«Сенім» жастар денсаулық орталығының мамандары саламатты өмір салтын қалыптастыру маманымен, аудандық білім бөлімімен және «Жастар ресурстық орталығының» мамандарымен бірлесе отырып аудан көлеміндегі барлық білім беру мекемелеріндегі және аудан көлеміндегі мекеме қызметкерлері арасында Жастар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау, зиянды әдеттердің алдын алу (темекі, алкоголь, есірткі), жұқпалы ауруларлардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, психикалық денсаулығын қорғау мәселелері бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.
– Аудан бойынша 14-35 жас аралығындағы жастар арасында наркологиялық есепте (маскүнемдік есепте) 4 адам тұрады. Бұл жастарымыз ай сайын орталыққа келіп, психологтің қабылдауында болады. Олармен психологиялық әңгіме-сұхбат жүргізіп, депрессияны анықтау бойынша «Бек шәкілі» сауалнамасын аламыз. Жастар қабылдауға келгенде бұл іс-әрекеті үшін өкінетінін, кейбірі жұмыссыздықтан, жоқшылықтан сондай жаман әрекеттерге тәуелді болғанын білмей қалғандарында ашық айтатып жатады.
«Сенім» Жастар денсаулық орталығы алдағы уақытта да жалпы білім беру мекемелерімен жасалынған меморандум бойынша саламатты өмір салтын қалыптастыру және зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында іс-шараларды жиі ұйымдастыратын болады. Сондай-ақ ата-аналар арасында «Бала өмірінің қауіпсіздігі», «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі», «Жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу» тақырыптарында арнайы мамандарды тарта отырып, іс-шараларды көбейтеміз. Сонымен бірге ауданымыздағы округтердегі аналар алқасын және гинеколог мамандарды тарта отырып қыздар арасында «Ерте жүктіліктің алдын алу және жасанды түсік жасатудың зияны», «Жат қылықтардың қыздар тағдырына зияны» тақырыптарында жалпы білім беру мектептерінде жиналыстар өткізу жоспарлануда.
Жалпы, бала – бауыр етіміз, бала – болашағымыз. Әр отбасының ғана емес, мемлекеттің келешегі, байлығы. Елдің ертеңі бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан баланың денсаулығына, тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөлуге міндеттіміз.
Әсіресе, жасөспірім шақта ата-анасы мен ұстаздарының, ортасының көмегі аса қажет. Арманымен, ойымен бөлісіп, сыр шертісетін жан табылмаған жағдайда балаланың үлкен қателік жіберуі де ғажап емес. Жасөспірім шақта денсаулығына селсоқ қарамай, басына түскен проблеманы шешуге көмектесу қажет. Себебі, өзін түсінетін адам таппаған жас еңсесі түсіп, не теріс жолға еліктеп еріп кетуі немесе күйзеліске түсуі мүмкін. Сондықтан балаға жан-жақты қолдау, көмек көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп, саламатты өмір салтын ұстануына үлес қосуыға тиіспіз,- дейді орталықтың психолог маманы Венера Сейтаева.
Елімізде жастардың денсаулығы, білімі мен тәрбиесі, олардың психикалық саулығы қашанда маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана жолдаған “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты жаңа Жолдауында да бұл мәселеге ерекше тоқталды.
“Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар.
Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалаптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін.
Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды” дейді Президентіміз. Яғни, әрбір жастың денсаулығы, тәбиесі мен психологиялық саулығы, қауіпсіздігі үшін ата-ана мен мектеп қана емес, жауапты мекемелер де жүйелі, нәтижелі жұмыс істеуге міндетті.
Бетті әзірлеген
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”