Basty bet

Алдыңғы толқын ағалардың тағылымы

немесе ұрпақтар сабақтастығы хақында

Бисмиллахир рахманир рахим. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Асыл дініміз – Ислам дінінің адамзат өмірі мен біздің қазақ халқының өмір сүру салтында ерекше маңызға ие екені белгілі. Менің имандылық жолында жүргеніме біраз жылдың жүзі болды. Оны өзім туып-өскен қасиетті Жуалы ауданының жұртшылығы жақсы біледі деп ойлаймын. 2011 жылы Алла Тағала нәсіп етіп, сол тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы қызметінде болған Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұйрығымен Тараз қаласындағы «Шайх Зүннін» атындағы мешітке бас имам болып тағайындалдым. Осы жерде бір айта кетерлігі, мешітке есімі берілген бұл кісі менің ұстазым болған адам.

Мешітте имам болып жұмыс жасап жүрдім. Бір күні облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков атамыз қоңырау шалып, ардагерлер үйіне келіп-кетуімді өтінді. Ол кезде облыстық ардагерлер үйі жаңадан салынып, пайдалануға берілген еді. Уәде бойынша қоңырау шалған күннің ертеңіне сол жерге бардым. Тілеуқабыл атамен амандық-саулық сұрасқаннан соң: – Қарағым, имам, мына жаңа ғимаратқа енді ғана кіріп жатырмыз. Құран оқып қойыңыз,- деді. Мен Құран оқып, бата жасап, дүниеден өткендерге бағыштап қойдым.
-Балам сені шақырған себебім, облыстың бас имамы Данияр қари Жұмабаевқа қоңырау шалып, бізге салт-дәстүрді жақсы білетін, Құранды да жақсы оқитын бір имамды бөлсеңіз деп өтініш айтқан едім. Ондағы мақсатымыз – ардагерлер кеңесінің өкілдері бұл дүниеден өтіп кеткен Ұлы Отан соғысының, сонымен қатар облысымызға, елімізге зор еңбек сіңірген еңбек ардагерлерінің шаңырағына барып, әруағына қол жайып, Құран бағыштасақ деген ойымыз бар,- деді. – Облыстың бас имамы Сіздің есіміңізді атап, ата-бабалар сөзін және хакім Абайдың өлеңдерін жатқа және жақсы айта білетін, сонымен бірге ұзақ жылдар Жуалы ауданында бас имам болып жемісті қызмет атқарғаныңызды айтты. Сонымен сіз бізбен бірге жүріп, өмірден өткен ардагерлердің үйіне барып, Құран оқып бересіз.
Сонымен алдын ала жасалған тізім бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуқабыл Төребеков және оның көмекшісі Халил Бейсеев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек Түсіпов төртеуміз аптаның әр бейсенбісінде бақилық болған ардагерлердің шаңырағына барып, бір жылға жуық жұбымызды жазбай бірге жүрдік. Халил атамыз бір апта уақыт бұрын баратын кісілердің үйіне телефон соғып айтып қояды. Бұл сауапты іс Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған болатын. Әр бейсенбі күні бір-екі үйге кіріп шығамыз.
Әулиеата жері еліміздегі қасиетті өңір саналатыны бесенеден белгілі. Жамбыл облысының облыс болып құрылып, өңір экономикасының өсіп-өркендеп, дамуына ересен еңбек сіңірген тұлғалы азаматтар аз болмаған. Солардың қатарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған Хасан Бектұрғанов, қоғам қайраткерлері Сейілхан Аққозиев, Арыстан Өтеулин, Есен Демесінов, белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков сынды тұлғалар бар. Үйге кіріп, сәлемнен кейін Тілеуқабыл ата барған үйіміздің дүниеден өткен кісісін еске алып, олардың өмірбаянына аз-кем тоқталып, сол тұлғалардың жақсы қырлары мен облысқа сіңірген еңбектерін еске алады. Ал, мен марқұмдардың рухына бағыштап Құран оқимын. «Орнында бар оңалар» демекші, танымал тұлғалардың шаңырағына ие болып отырған жарлары, ұл-қыздары, немере-шөберелері аталары туралы айтып, дастарқан басында шағын әңгіме құрамыз. Осындай сәттерде кейбірінің көзіне жас алып, көңілдері босағанын да байқаған болатынбыз. Дастарқаннан дәм татып болған соң Тілеуқабыл ата бата жасайды. Үй иелері марқұмдарды арнайы еске ала отырып, олардың рухтарына Құран бағыштаған біздің топқа алғыстарын жаудырып, риза болып жатады.
Ұлы Отан соғысы туралы әңгіме қозғағанда, ең алдымен, қазақ халқының хас батыры, қасиетті Жуалы жерінің қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Бұл Жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары да аз емес. Қол-аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес. Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бірде-бір семья жоқ. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың имандары жолдас болсын» деп айтқан сөздері еріксіз ойыңа оралады. Ұлы Отан соғысындағы қан майданды өз көзімен көрген Тілеуқабыл ақсақал да қазіргі таңда тоқсан жастан асты. Ол кісі де кезінде бірге қызметтес, үзеңгілес, адал дос болған сондай азаматтарға Құран бағыштауды азаматтық парызым дегені жүрегімді ерекше толқытты. Бұл өзі қариялық пен ақсақалдық абыройдың нағыз үлгісіндей деген ой қалды. Осылайша біз бір жылға жуық уақыт бойы соғыста ата-бабалары қайтыс болғандардың да шаңырағында болып, науқас ардагер азаматтардың көңілін сұрадық. Олар тиісінше, көңіл сұрағандарға дән ризашылықтарын білдіріп отырды.
«Өткен күнде белгі бар» демекші, менің қасиетті Әулиеата жері, оның ішінде тамыры мен тарихы тереңде жатқан Тараз қаласындағы «Шайх Зүннін» атындағы мешітте бас имам болып алты жыл қызмет еткендегі күндерім осылай өтіп еді. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз: «Әулиеатаға таяқ ұстап келгендер тай мініп кетеді» деп айтып отыратын. Мен болсам сонда өткізген күндерімді, абыз ақсақалдардан алған тағылымымды тай мінгеннен де артық деп санаймын. Бәрін айта келіп, ендігі кезекте бірін айтайық. Қарияларымыз – қазынамыз. Осындай сауапты да ізгілікті істің басы-қасында болып әрі ұйымдастырып жүрген сол тұста облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде болған Тілеуқабыл Төребеков және облысқа белгілі қайраткер азамат Халил Бейсеевтің ақылмандығынан алар үлгі-өнеге көп-ақ. Қариялардың бәрі де осындай болсайшы, шіркін! Мұны алдыңғы толқын ағалардың ұрпақтар сабақтастығына қосып отырған мол үлесі деуге де әбден болатындай.

Сейітқазы қажы Медетбеков,
Жуалы мешітінің имамы.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close