Basty bet
Жылыту маусымына дайындық барысы қаралды
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың №70 өкімімен жергілікті атқарушы орган басшыларының жұмыс алгоритмі бекітілгені белгілі. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, сонымен бірге ауылдық округтердің әкімдері жергілікті халықпен кездесіп, салаларда туындап отырғңан проблемалармен жіті танысу үстінде. Мұны жергілікті атқарушы орган басшыларының жаңаша жұмысқа бет бұрып, дәлірек айтқанда, қарапайым халыққа жақындай түскені деп түсінгеніміз жөн сияқты. Аптаның бейсенбі күні жұмыс алгоритміне сәйкес облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Жуалы ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады. Онда алғаш болып әйгілі Көксай өзенінің аңғарынан салынып жатқан су электр стансасының құрылысы назарға алынды. Гидроэлектр стансасының құрылысын «КазГидроОперейтинг» ЖШС жүргізуде. Нысан «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы инфрақұрылым жүргізуді қажет етіп отыр. Атап айтқанда, жол және жоғары кернеулі электр желісін тарту мәселесі бар. Станса басындағы атқарылып жатқан жұмыстарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбековке «КазГидроОперейтинг» ЖШС басқарушы директоры Феруза Ахметжанова айтып, туындап отырған проблемаларын да жеткізді. Сәтін салса жылына төрт мегаватт электр энергиясын өндіретін стансаның құрылысы қазан айының аяқ тұсында аяқталады деп күтілуде.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков келесі кезекте Талапты ауылындағы №22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепке аялдап, білім ошағының жылыту маусымына дайындық барысын көрді. Жылыту қазандығының әлеуетімен танысқан ол операторлармен сөйлесіп, жауапты маусымға тыңғылықты дайындықпен кірісуді тапсырды. Содан соң мектеп басшылығынан оқыту үдерісінің барысы, оқушылардың қажетті оқулықтармен қамтылуы, сонымен бірге аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушы балалардың ыстық тамақпен және киім-кешекпен қамтылуына қанықты. Мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Руслан Сайлаубаевтың айтуынша, 250 оқушыға арналған білім ошағында биылғы оқу жылында 127 бала білім алып жатқан көрінеді. Олардың ішінде тиісінше, 49 бала ыстық тамақпен, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан 12 бала киіммен қамтамасыз етілген. Мектепте туындап отырған басқа да проблемалар жоқ.
Бекболат Орынбеков Талапты ауылынан қайтар жолда Мыңбұлақ ауылдық округі әкімінің аппаратына соғып, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға қанықты. Онда Бекболат Серікбекұлын округте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың жайы қызықтырды. Округ әкімі Ғабит Үмбеталиев округте 808 аула, оның ішінде 266 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатынын мәлімдеді. Тұрғындардың игілігі үшін атқарылып жатқан басқа да жұмыстарды атап өтті. Б.Орынбеков өз кезегінде «Е-халық» бірыңғай базасының жұмысын көрді.
Қыстың қыр астында келіп қалғанын ескерсек, алда ең жауапты науқан тұр.Осыған орай дайындықты бүгіннен бастап жасаған абзал болмақ. Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары аудандық төтенше жағдайлар, №7 Өрт сөндіру бөлімдерінің ұжымымен кездесіп, құрылымның жұмысымен танысты. Екі мекеменің басшылары атқарып жатқан жұмыстары туралы аз-кем ақпарат берді. Одан соң қыс маусымында аудандық, облыстық мәндегі күре жолдарды қардан тазартатын жауапты мекеме басшыларымен кездесіп, техникалық дайындықтары тексеруден өткізілді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың Жуалы ауданына жасаған сапары аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында қорытындыланды. Жиынға аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, мекеме басшылыры шақырылды. Басқосуды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашты. Бекболат Орынбековке аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы 2019-2020 жылғы қысқы жылыту маусымына дайындық барысы, жолдарды күтіп ұстау жұмыстары, тұрғындардың ауыз сумен, табиғи газбен, электр энергиясымен қамтылуы жайында нақты мәліметтерді ұсынды. Ал келесі кезекте әлеуметтік сала, оның ішінде аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, сонымен бірге осы салада туындап отырған мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев баяндады. Аудандық бюджеттің игерілуі, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі, бюджеттің кірісін ұлғайту мен оның тиімді игерілуін қамтамасыз ету бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау, сонымен бірге қаржы бөлімдерінің басшылары Г.Бекмұрзаева, Қ.Ғалиұлы айтып берді.
Баяндамаларды мұқият тыңдаған соң қорытынды сөзді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков алып, ол жиынға қатысып отырған бірқатар бөлім басшыларын тұрғызып, туындап отырған сұрақтар бойынша жауаптарын тыңдады.
-Мен бүгін сіздердің аудандарыңызға жасаған жұмыс сапарым барысында бірқатар нысандарды аралап, жұмыстарымен таныстым. Жұмыс барысында жеткен жетістіктер де, тиісінше, кемшіліктер де бар. Бұлай болуы заңды құбылыс. Ең алдымен, алда жауапты науқан саналатын қыс маусымы келеді. Аудандағы мекемелер соған дайын болулары керек. Одан бөлек, ағымдағы жыл аяқталуға таяу қалды. Тиісті индикаторлық көрсеткіштердің орындалу мәселесі бар. Осыған сай Үкімет басшысы мен облыс әкімінің арасында жасалған келісім бойынша межеленген жұмыстарды сапалы аяқтау бәрімізге үлкен сын. Ол үшін жергілікті жерлерде тұрғындардың қатысуымен атқарылатын, басқа да жұмыстарды жүйелі жүргізуіміз қажет. Мысалы, бір ғана әлеуметтік сала бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстарында көптеген заң бұзушылықтар анықталып отыр. Басында өзіміз тұрғындарға сеніп, мүмкіндікті жасадық. Енді нәтижесі осындай болды. Артық төленген қаржыларды қайтадан қайтару мәселесін жыл аяғына дейін аяқтауды тапсырамын. Еліміздің экономикасы мен дамуына, сонымен бірге халық тұрмысының артуына бағытталған басқа да жауапты жұмыстарды жанашырлықпен атқару маңызды,- деді Бекболат Серікбекұлы.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»