Basty bet
Өнегелі дәрісті тек ұстаз ғана бере алады
«Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.
Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог –
Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан
«Оқусыз халық қанша бай болса да біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін білім жарысынсыз Отанымызды өркендету әсте мүмкін еместігін айқын аңғарған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасыр білім және ғылым ғасыры болады деп, жастардың жан-жақты оқуына барлық мүмкіндікті жасауда.
ХХІ ғасырда адам үшін бір нәрсені білмей, ойланбай жұмыс істеу мүмкін еместей жағдай қалыптасып келеді. Дене еңбегіне қарағанда ой еңбегі әлдеқайда басым түсуде және бұл үрдіс өте жылдам жүзеге асуда. Адамзат қоғамында қалыптасқан бәсекенің ең күрделі түрі білім саласына ауысты. Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы жастардың бәсекеге қабілетті білімі мен белсенділігіне тікелей байланысты екендігін Елбасы әрдайым атап айтып келеді. Елбасы: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады»,- деген болатын. Ауыл мектебін балаларға орта білім беретін киелі шаңырақ десек, ауыл мұғалімі – сол киелі орданы нұрландырып, ауыл мәдениетін маздатқан – зиялы қауым.
Жаңаталап ауылы – Жуалы ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі. Ауыл балалары 2010 жылы пайдалануға берілген ғимаратта білім алуда. Мектеп 180 орынға арналып салынып, қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Болашағымыз – балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге арналған ұлттық мектеп үлгісін жасау үшін сәтті де мақсатты қадамдар жасалып отыр. Ұстаз еңбегі оқушы білімімен өлшенеді.
Қазіргі заманның ұстазы, ескінің көзіндей, жаңаның ізіндей болып төл мәдениетін қастерлейтін, сыйлайтын, оны өзгеге таныта, сыйлата алатын, дүниежүзілік мәдениетті танитын, рухани дүниесі бай, интеллектуалдық деңгейі жоғары, білімді, білікті болуы керек. Ал өнегелі дәрісті тек ұстаз ғана бере алады.
Ұлттық сананы қалыптастыру ұлттық тарихты оқытатын тарихшы мұғалімдерден бастау алады. Осы орайда оқушыларымызға тарихи біліммен қатар оларды ұлтжандылық пен отаншылдыққа тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келе жатқан мектебіміздің тарих пәнінің мұғалімі Дәурен Әбдімомынов және нағыз ұстаз атына лайықты жан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күмісжан Байдалиева мектеп мерейін асырған, сан түрлі бәйгелерден оза шапқан шәкірттерінің де жетістіктерімен қатар, қызметі саласындағы жеке жетістіктерімен де мақтана алады.
Ұстаздық ету – бейнет. Осы бейнеттің зейнеті – біздің оқушыларымыздың жетістіктері. Мектеп қабырғасында білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш сынып. Бастауыш саты – білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алу мен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Өйткені, баланың жеке бас қасиеттері, оның адамгершілігінің, белсенділігінің қалыптасуы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сыныптарда жүзеге аспақ. Оқушының рухани күш-қуаты мен ерік-жігерінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезі де осы кезең.
Ендеше, бастауыш сынып мұғалімінің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Әрине, мұндай міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға – Ұстаз.
Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады. Сондай мықты ұстаздарымыздың қатарында Науаткүл Әбдіханова, Нүрия Құлбай, Зәуре Дүйсеқұлова, Айгүл Нохаева бар. Мұның бәрі айналып келгенде, әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, білім бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару – ұстаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі. Осы орайда жеңімпаз оқушыларымызды дайындауда білімі мен күш-жігерін аямаған мектебіміздің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлшат Асанованың да есімін атап өтпеу мүмкін емес.
Жас ұрпақты спортқа баулып, ауыл жастарына саламатты өмір салтын насихаттауда дене тәрбиесі мұғалімдерінің де еңбектері зор. Мектеп жанында волейбол, футбол, баскетбол, күрес, бокстан үйірмелер тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Мектептегі оқушылардың табыстарында әрбір ұстаз еңбегі бар. Осы ұстаздар жайында халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Шынында да бар саналы ғұмырын, жастық жолы мен күш-қайратын, терең де телегей білімдерін шәкірттеріне арнаған ұстаздар қауымына берілген бұдан артық баға болмас.
Осы орайда, өзім қызмет жасайтын мектеп ұжымындағы өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін барша ұстаздар қауымына шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тілеймін.
Көгершін Жалмағамбетова,
№26 Жаңаталап орта
мектебінің директоры