El іshі

40 жылдық еңбегі бағаланды

Алғаш рет Үкімет қаулысымен бекітіліп, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енген 10 қазан – Кәсіподақ күні мерекесіне орай облыс әкімі Асқар Мырзахметов кәсіптік одақ саласының бірқатар қызметкерін қабылдап, мерекемен құтықтап, өзінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Солардың ішінде біздің ауданнан аудандық кітапхана жүйесінде ширек ғасыр еңбек етіп жүрген Күнімкүл Үшкемпірқызы Қошаева да бар.
Облыс басшысының қолынан құрметті марапат алған Күнімкүл Үшкемпірқызы осы салада 40 жыл еңбек етсе, соның 27 жылын Жуалы аудандық кітапханасында алғаш кітапханашы, одан кейін абонемент бөлімінің меңгерушісі, ал соңғы жылдары жүйенің директорының орынбасары қызметін атқарып келді. Еңбек ардагері қазіргі таңда 17 жыл бойы сенім артқан ұжымның кәсіптік одағын басқарып келеді. Ол еңбек адамдарының-кітапханашылардың құқығын қорғап, оларға жұмыс орнында барлық жағдай жасау үшін аянбай жұмыс істеуде. Күнімкүл Үшкемпірқызы көптеген шәкірт тәрбиелеп, ауданның ауылдық кітапханаларының дамып, өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.
Ол облыстық кәсіподақ қызметіне қосқан үлесі үшін және мереке күніне орай осындай үлкен маңызды марапатқа ие болды.
Біз де өз атымыздан Сізді мерекеңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақыт және ұзақ ғұмыр тілейміз!

Гүлмира Дембаева.
Сурет автордікі,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close