Basty bet

«Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта…»

ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 93 жылдығына орай мүшәйра өтті

«Поэзия, менімен егіз ба едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім» деп жырлап, мына фәни-дүниедегі қысқа ғана ғұмырында құйрықты жұлдыздай ағып өтіп, қазақтың әдебиеті мен жыр әлеміне өлмейтін бай мұра қалдырып кеткен акынның бірі Мұқағали Мақатаев екеніне дау жоқ. Олай болатыны, жалынды да қуатты жырларын жақсы көрген туған халқы ақынға «Мұзбалақ ақын, ақиық ақын» деген атты тегіннен тегін теліген жоқ. Мұқағали ақынның таңғы шықтай мөлдір поэзиясы халық жадынан өшпей, келер ғасырларға да жалғаса беретініне ешқандай күмән келтіруге болмайды.

Ақын жыры – ақынның тұнық әлемі, халықтың қазынасы мен жас ұрпақтың игілігі. Биыл ақпан айында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толып отыр. Ақынның өміріне үңілер болсақ, ол Алматы облысындағы Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ата-анасының азан шақырып қойған аты – Мұхамедқали екен. Ұлы Отан соғысына аттанған әкесі Сүлеймен 1941 жылы Калининград майданында қаза табады. Мұқағали өзінің үш інісімен бірге анасы Нағиман мен әжесі Тиынның тәрбиесін көріп өседі. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен қатар өткендіктен, ол тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Кейіннен ақын өзінің бұл кезеңі жайлы: «Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені…» деп жазады. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали ақынның одан кейінгі 45 жыл өмірі өлеңмен қатар өріліп, еңбек жолында да елеулі із қалдырды деп айта аламыз.
Ақиық ақын, қазақ қара өлеңінің дүлдүлі – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толуына орай сейсенбі күні аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Б.Момышұлы ауылындағы №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің акт залында «Ең бірінші бақытым – халқым менің» атты жас ақындар мүшәйрасы өткізілді. М.Мақатаевтың өлеңдерін кеңінен насихаттай отырып, оқушылардың поэзияға деген құштарлығын ояту, арттыру және жас ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру, тарихи танымдарын кеңейтіп, дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірге деген көзқарасының қалыптасуына атсалысу, сонымен қатар талантты жастардың ақындық қабілетін шыңдап, өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беру, дарынды жастарды анықтау және олар үшін көпшілікке шеберлігін көрсетуге мүмкіндік жасау мақсатында өткізілген жас ақындар мүшәйрасында байқаудың екі кезеңіне сәйкес, 14-35 жас аралығында барлығы 12 жас үміткер бақ сынады. Байқауға қатысқан үміткерлер бірінші кезеңде Мұқағали Мақатаевтың өмірінен тың деректер ұсынып, оның шығармашылығы туралы бейнеролик жасау керек болса, екінші кезеңде жас ақындар Мұқағали Мақатаевқа арнаған өз өлеңдерін жатқа оқыды.
Халықтың жүрек төрінен ойып орын алған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевқа арнап қолына қалам ұстаған жас ақындардың арасында өткізілген аудандық мүшәйраға аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Гаухар Тәжікенова «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары, ақын Нұржан Дербісалиев және аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жеңісбек Сейітбеков қазылық етіп, үміткерлердің өнеріне баға берді.
Байқаудың талабына сәйкес, «Поэзия менімен егіз ба, едің?» аталатын алғашқы кезеңде ақынның өмір жолынан тың деректер көрсетілген бейнероликтердің сапасы, ондағы көрсетілген бейнелер назарға алынды. Айта кету керек, үміткерлердің бұл кезеңге дайындаған бейнематериалдары көбінесе бір-біріне ұқсас және көрсетілген деректер көбінесе қайталанып отырды. Ақынның өмірі туралы интернеттегі деректердің әрбір роликте қайталанып келуін де анық байқауға болады. Иә, бұл кезеңде байқауға ұсынылған бейнематериалдардың сапасымен қатар, оның айтар ойы мен ақынның өміріне қатысты деректердің қызықтылығына да баса назар аударылды.
Ал байқаудың «Ең бірінші бақытым – халқым менің» тақырыбында М.Мақатаевқа арналған негізгі екінші кезеңде де қарсыластар өлеңдері арқылы бір-бірлерінен озуға талпынып, бірі ақиық ақынға арнап шығарған өлеңдерін жатқа оқыса, енді бірі өлеңдерін музыканың әуенімен әрлеп көрерменге қызықты етіп жеткізуге тырысқандары анық. Айта кету керек, жалпы бұл кезеңде енді-енді қолына қалам ұстаған жас ақындардың өлеңдері, өлеңдегі айтар ойы, жалпы айтар ойдың, өлең тілінің кестелілігі мен ұйқасы өлеңсүйер көрерменнің көңілінен шықты деп айта алмаймыз. Сондықтан аудандық немесе облыстық деңгейде өтетін қандай да бір жыр жарысы болсын, қатысушы үміткерлерге шеберлік пен тыңғылықты дайындық керек-ақ.
Иә, ғасырда бір туатын талантты, ғажайып ақынның дарыны мен жалпақ жұртқа танымалдылығы, оның халық қазынасына қосқан және кейінгі жас ұрпаққа қалдырған телегей-теңіз бай мұрасын бір ғана іс-шараға немесе бір ғана өлеңге сыйдыру әсте мүмкін емес. Сондықтан Мұқағали ақынның өміріне, оның шығармашылығына қызыққан адам оның өзіндей болған тұнық та асқақ жырларымен кеңінен танысу керек деп есептейміз.
Сонымен, байқаудың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен мүшәйраның алғашқы І орны Күреңбел ауылындағы №10 Күреңбел орта мектебінің 10 сынып оқушысы, көптеген шығармашылық байқаулардың жүлдегері Нұршат Әбзелбекке берілді. Ал №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы ІІ орынға лайық деп танылса, үздік үштікті Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі Ақнұр Әбдіжапарова түйіндеді. «Үздік сөз шебері» номинациясымен Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған ауылынан келген жас ақын Бәйдібек Мизамов марапатталды.
Мұзбалақ ақын, қазақ өлеңінің Хан-Тәңіріне айналған бірегей дарын, сөз зергері Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толуына арналған аудандық жыр жарысында өнерімен дараланған жас таланттарды қазылар алқасының мүшелері – ұлағатты ұстаз Г.Тәжікенова, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Ж.Сейітбеков және ақын Н.Дербісалиев арнайы Дипломдармен марапаттап, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыстады. Байқау қатысушылары Алғысхатқа ие болды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close