Basty bet
Асыл әкенің жолын жалғаған еңбекқор азамат
Адал еңбекпен еңсе тіктеп, атаның жолын жалғау арқылы, адал еңбекті өмір салтына айналдырған іргесі берік, салт-дәстүр сақталған отбасылардың қатарына Күреңбел ауылында тұратын Бекетаевтар әулетін де жатқызуға болады. Бұл әулеттің алтын қазығы болып, тіршілігінде балаларын еңбекке баулып, оларды адал еңбектің жолына салған еңбек ардагері, марқұм Серікмахамбет Бекетаев болатын. Серікмахамбет Бекетайұлы егер тірі болғанда биыл 74 жасқа толар еді. Ардақты азамат Күреңбел ауылында туып-өсіп, осындағы бұрынғы «Чапаев» колхозында ұзақ жылдар механизатор болып жемісті жұмыс істеген. Бір өкініштісі, өзінен тараған ұл-қыздарының қызығын көрместен 45 жасында дүниеден озыпты…
Атаның жүріп өткен жолы, оның артына қалдырған үлгі-өнегесі, тағылымға толы еңбек жолы – балалары мен ұрпағына адастырмас темірқазық іспетті. Атаның жолын лайықты жалғастыру, ол салған сүрлеуді кеңейтіп, оны даңғыл жолға айналдыру – артында қалған ұрпағының асыл борышы. Серікмахамбет Бекетайұлы да қазақтың байырғы жанұялары сияқты көпбалалы отбасында туған. Отбасының екінші ұлы боп өскен ол ер жете келе, бір ұяда өскен аға-інілеріне қарайласып, олардың аяқққа нық тұрып кетуіне көп еңбек сіңірді.
Небәрі 45 жыл өмір сүріп, жүрек талмасынан қайтыс болған асқар таудай асыл әкенің өнегесі балаларына жұғысты болды. Оның ішінде, әке өнегесін екінші ұлы Қазыбек жастайынан бойына сіңіріп өсті. Еңбеккерлердің отбасында туып, тәрбие алған ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларына деген қызығушылығы оянып, шамамен жетінші-сегізінші сыныпта оқып жүрген жылдары ауылдағы колхоздың жұмысына шығып, алғашқыда комбайншының көмекшісі, кейіннен тәжірибелі механизаторлардың сенімді серігі бола білді. Техниканың тілін терең меңгерген ол кейіннен өз алдына ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізуге машықтанып, жігіт ағасы жасындағы Қазыбек қазіргі таңда ауылдағы техникақұмар азаматтардың біріне айналып отыр. Бұл – оның жастайынан әкесінің жанында жүріп, техникаға, оның тілін білуге, онымен қатар, еңбекке жақын болып өскенінің нәтижесі екені анық.
«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген өнегелі сөз тегін айтылмаған екен. Тумысынан еңбекқор болып өсіп, адалдықты жақсы көретін әкенің жолы екінші ұлы Қазыбекке жұғысты болып, ол қазіргі таңда ауылдағы қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, еңбегімен елге сыйлы болып отырған атпал азаматтың бірі. Әке – асқар тау болса, ана – бауырындағы бұлақ. Әкенің өмірден өткеніне биыл тура 30 жыл болып отыр. Қазіргі таңда отағасы салып кеткен сара жолды лайықты жалғастырып, ұрпағына ақылшы болып отырған отанасы Ұлтуар апайдың да бұл әулетке сіңірген ерен еңбегін лайықты атап өткен жөн. Отағасы қайтыс болғаннан кейін отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздарды тәрбиелеп, оларды құтты орындарына қондырып, жеткізу міндеті Ұлтуар апайдың иығына түскені анық. 45 жасында ерінен айырылған ол балаларына әкелерінің жоқтығын білдірмей, бағып-қағып өсірді. Оған ең біріншіден ақ тілеулі асыл ананың уақытпен санаспай еңбек етіп, балаларының қанатын қатайтуға, еңбекке баулу ісінде атқарған істері оң әсер еткені анық.
-Біз отағасы екеуміз 1972 жылы отау құрғанбыз. Өзім Диқан ауылының қызымын. Күреңбел ауылындағы үлкен әулетке келін болып түскенімде, онда отағасының анасы, енем Гүлжан Тоқтағұлқызы бар болатын. Енем өте еңбекқор кісі еді. Келіндеріне үлгі-өнеге болып, жақсы тәрбие берумен бірге, оларды өнегелі жолға сала білді. Онда ауылда тұратын кісілердің барлығының үйінде төрт түлік мал бар. Күнкөрістің жалғыз көзі атакәсіп болғандықтан, әрбір үйде жылқы, сиыр және қой-ешкі бағылады. Енем марқұм ешқашан ерінген жан емес. Сиырдан сауылған сүтті күнделікті сепаратордан өткізіп, одан шыққан қаймақтан, сары май, құрт сияқты таза өнімдерді мол етіп дайындап, бір әулетті асырауға атсалысты. Ол кісі үйде малмен қатар, үй құстарын, оның ішінде тауық, үйрек-қазды көптеп ұстайтын. Біз де жас келін болып түстік. Алғашқыда көп дүниені білген жоқпыз. Бізді тәрбиелеп, отбасылық өмірге бейімдеген осындай ұлағатты, үлкен кісілер болатын. Біз ол кісілерге қарыздармыз. Енем 80 жастан асып өмірден өтті. Тіршілігінде ұл-қыздарының барлық қарызынан құтылып, немере-шөберелерінің де тәлім-тәрбиесіне атсалысты.
Міне, қазір өзіміздің де жасымыз ұлғайды. Біз де енеміздің жолын қуып, шаңыраққа келін түсіріп, қыз ұзаттық. Балаларды үйлендіріп-жайландырып дегендей, қазіргі таңда олардан немере-шөбере сүйіп, қызығын көріп отырмыз. Құдайға тәуба, осы күнді көрсеткеніне шүкір деймін. Жастай ерімнен айырылып, жесір қалсам да ерінбей еңбек етіп, бес баланы асырап, жеткіздім. Қазір барлығы өз алдарына бір-бір үй болып отыр. Барлығына ырзамын. Ұлым болсын, келінім болсын, ешқайсысы алдымды кесіп өткен емес. Берген тәлім-тәрбиемді бойларына сіңіріп, ауылдағы қара шаңырақта ел қатарлы еңбек етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеп отыр. Өмірдің жалғасы болған жас ұрпақ аман-есен болсын. Бейбіт, тыныш заман болсын. Жастар тек ерінбей еңбек еткенде ғана бақытқа бөленетінін ұмытпаса екен. Біздің аналық ақ тілегіміз осы,- дейді Бекетаевтар әулетінің алтын қазығы болып отырған Ұлтуар әже.
Бекетаевтар әулетінде жазылмаған заң сияқты, мұнда ұрпақтар сабақтастығы дәстүрі берік сақталған деуге болады. Серікмахамбет Бекетайұлынан тараған ұл балалардың ішіндегі екінші перзент Қазыбектің ауылдағы қара шаңыраққа иелік етіп отырғанын жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі таңда ол «Байғоныс» шаруа қожалығының жұмысын лайықты жүргізіп отыр. Шаруашылықтың иелігіндегі егістік жердің көлемі онша көп болмағанымен, ауыл шаруашылығы техникаларының тілін бес саусағындай жақсы білетін еңбекқор азамат жыл сайын ауыл-аймақтың төңірегіндегі егістік жерлерді тиімді игеріп келеді. Егістікке көбінесе мал азығына арналған дақылдардан – арпа, бидай, мақсары және көпжылдық шөптің түрлері егіліп, одан мал азығы дайындалады. Одан артылғаны тиімді бағамен ауыл тұрғындарына өткерілу үстінде.
2000-шы жылдардың басында құрылған шаруашылықта қазіргі таңда екі дана «МТЗ-82» тракторы, жер жыртып, дән себуге және картоп егуге арналған агрегаттардың барлығы бар. Одан бөлек, дән жинауға арналған бір «НИВА-эффект» комбайны, шөп оратын «Германка» қуатты техникасы жұмыстың тиімділігін арттыруға үлкен септігін тигізіп отыр. Еңбекқор азаматтың бір ерекшелігін айта кететін болсақ, ол техника күші жоқ ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен ауыл шаруашылығы жерлерін жыртып, оған түрлі дақылдарды егіп және жинап беруге көп жәрдем береді екен. Бұл туралы еңбекқор азаматтың әріптес досы, ауылдың іскер азаматы Толымбек Үкібайұлы да кеңінен әңгімелеп, оның отбасындағы аға-бауырларына жанашырлығы және ауыл тұрғындарына тигізіп отырған қол көмегі мен қайырымдылығына ризашылығын білдірді.
Серікмахамбет Бекетаев пен Ұлтуар Әбдімомынова екеуі отбасында бір қыз, төрт ұл тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлы Ғазиз ауылда тұрып еңбек етсе, отбасының кенже балалары Ахмедияр мен Нұржігіт Алматы және Тараз қалаларында өз алдарына жеке кәсіптің түрлерімен айналысады. Отбасындағы жалғыз қыз Ғанизаның мамандығы – мұғалім. Қазіргі таңда Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында тұрып, сондағы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Бекетаевтардың Күреңбел ауылындағы қара шаңырағында тұратын Қазыбек пен Әлияның да отбасы үлкен. Олар екеуі отбасында бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкендері Әнел мен Нұрқанат бірі Алматыда, енді бірі Тараз қаласында жоғары оқу орнында білім алуда. Екеуі де математика пәнінің мұғалімі мамандығын игеру үстінде. Одан кейін өмірге келген перзенттер – Нұргүл ауыл мектебінде 7-сыныпта оқыса, Мейірім даярлық тобында, ал кенжелері Айбар балабақшада.
Отағасы Қазыбек ауыл шаруашылығы саласында көп жылдан бері тұрақты еңбек етіп келе жатса, отанасы Әлия апай ауыл мектебінде іс қағаздарын жүргізуші болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыптылар ауылдағы үлгілі әрі еңбекқор жанұялардың қатарында. Қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, ұл-қыздарын қазақи тәрбиемен тәрбиелеуде. Олар аналарының ақыл-кеңесімен 2016 жылы ата-аналары тұрған бұрынғы қара шаңырақтың жанынан еңселі үй тұрғызып, қазір сонда ұрпақ өрбітіп отыр. Бұл да олардың еңбекқорлығы мен жаңа заманға сай жаңашыл өмір сүруге деген талпынысын көрсетсе керек. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығына қажетті техникаларын жаңалап, шаруашылықтың жұмысын ұлғайтсақ деген ниетте. Ең бастысы, бүгінде 75 жасқа таяған аналарына жақсы қарап, аналық ақ батасын алсақ деген перзенттік парыздарын ұмытқан емес.
Бір сөзбен айтқанда, Күреңбел ауылындағы Бекетаевтар отбасы қай жағынан болсын, ауылдастарына және қасиетті өңірдің тұрғындарына үлгі. Ал қара шаңырақтың иесі Қазыбек Серікмахамбетұлы асыл әкенің салып келткен сара жолын лайықты жалғастырып келе жатқан атпал азамат. Іргесі берік, салт-дәстүрге бекем мұндай отбасылар – Отанның да мықты тірегі екені анық.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»