Sport
Архат – әлем чемпионы атанды
Қасиетті Жуалы жері елімізге танымал тұлғалардан кенде емес. Жері, суы дуалы өлкеден ақын да, батыр да, спортшы да шыққан. Әлі де шыға бермек.
Жақында еліміз үшін, оның ішінде жуалылықтар үшін тағы бір қуаныш болды. Нақты айтқанда, Билікөл өңірінен шыққан спортшымыз Архат Хайруллаұлы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында чемпион атанды.
Архат Әнуарбек 1999 жылы Қарабастау ауылында өмірге келген. Спортпен жеті жасынан бастап айналыса бастаған. Алғаш дзюдо күресіне қатысты. Архаттың жаттықтырушысы өзінің әкесі Хайрулла Лухманов пен белгілі спортшы Ғалымжан Жолгелдиев.
Архат 2016 жылы дзюдо күресінен Азия чемпионы атанса, 2017 жылы самбо күресінен Азия чемпионы болды. Самбо және дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Архат М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетінің 4 курс студенті.
Болашағынан үлкен үміт күтер спортшымыз бүгінде Қазақстан құрама командасының құрамында жаттығуда.
Архаттың арманы – олимпиада чемпионы болу. Архатты (суретте ортада) жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, асқақ арманына қол жеткізуіне тілектестігімізді білдіреміз.
Перизат НҮРПЕЙІСОВА,
«Жаңа өмір»