Basty bet

«Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін…»

туған тілге жасалған құрметті – ұлт болашағына жасалған жанашырлық деп білуіміз қажет!

Әсілінде, мемлекеттік тілдің мәселесіне байланысты әңгіме қозғала қалғанда, ең алдымен даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың қаһарман перзенті – Бауыржан Момышұлының: «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» деген тағылымы еріксіз ойға оралады. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілімен тікелей тамырлас. Әр ұлттың тілі – сол ұлттың бақыты мен тірегі. Абайдың сөзімен айтқанда, «толғауы тоқсан қызыл тілдің» мәселесі қай кезеңде де өзектілігін жойған емес…

Тіл мен ұлт – егіз ұғым. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
Тіл – адамзаттың басты қатынас құралы дейтін болсақ, тілді білу, оның ішінде, мемлекеттік тілді еркін меңгеру – басты міндет. Мұның ішінде, жастар буынының тілді еркін әрі оның шұрайын кетірмей сауатты сөйлеуге атсалысуы – қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Тілдің өсіп, өркендеуі де, өшіп, жер бетінен жоғалуы да тікелей өзімізге байланысты. Себебі, өз қадіріне өзі жетпей, өз құндылығын ұлықтамаған, оны сақтамаған ұлттың тілі Сізден басқа кімге керек?! Сондықтан тілдің мәселесін сол ұлттың және мемлекеттің ең басты мәселесі деп білу парыз.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің мерейі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болуымен қатар, елдің басты құндылықтарының да бірі саналады. 2023 жылы Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатты рәсім кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды фактор» дегені мәлім. Демек, Қазақстан халқын, ондағы тұратын этностарды ұйыстыратын бірден бір символ – мемлекеттік тіл. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – барлығымыздың мемлекет алдындағы борышымыз…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алдыңғы Жолдауларында мемлекеттік тілдің елді біріктіретін күшке айналуы тиістігін мәлімдеді. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпылама айтқанда, мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деді Президент өз сөзінде.
Жүйелі жұмыстардың арқасында мемлекеттік тілді дамытуда қол жеткізген табыстар да аз емес. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурыз айында Атырау облысында ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық» деген құнды пікірін білдірумен бірге, мемлекеттік саясаттың да мәні осында жатқанын қадап айтты.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге тиісті жағдайларды жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болса, оның аясында атқарылатын жұмыстарға белсене атсалысу, мемлекеттік тілдің мәртебесіне және оның мәселесіне жанашырлық көзқарас қалыптастыру – халықтық әрі қоғамдық міндет. Президенттің сөзімен айтқанда, ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы туған тілдің тұғырын нығайта түсу өте маңызды.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тұрғысында шешімін күткен бірқатар «түйінді мәселенің» бар екенін ескерсек, туған тілге құрмет көрсетуді ең бірінші болып жергілікті жерде өзімізден бастау қажет. Оған аса бір қомақты қаражат қажет емес. Дегенмен, бұл мәселеде игі бастаманы қолында қаржысы, ең бастысы, мемлекеттік тілге және ұлттық құндылықтарға жаны шындап ашитын елжанды азаматтардың да қолдауы аса маңызды. Бұл тұста тілге қамқорлық танытып, оған жанашыр болған жандарға алғыс айтып, көтермелеу артық етпейді.
Бұл тұста, сөз басында айтылғандай, туған тілдің бүгіні мен ертеңі туралы тереңнен ой толғап, парасат-пайымын, азаматтық көзқарасын құдіретті туған тілі арқылы жеткізген даңқты қолбасшы, әскери әдебиеттің негізін салған ірі тұлға Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған қасиетті Жуалы өңірінде шын мәнінде туған тілге жанашыр қазақи рухты азаматтар тұрады. Оның ішінде, өндіріс саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, оның өндіріс ісінде күнделікті қолданылуына елеулі үлес қосып жүрген жергілікті кәсіпкер азаматтар бар.
Солардың бірі – «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Сыбанбай Арынов. Іскер азамат Сыбанбай Несіпханұлы 120 адамнан асатын жұмысшы күші бар еңбекші азаматтардың басын біріктіретін өңірдегі үлкен сүт өңдейтін кәсіпорынға бірнеше жылдан бері жетекшілік етіп келеді.
Өндіріс өмірі – өндіріс тарихы. Қасиетті өңірде өндірілетін сүттің елеулі бөлігін өңдеуге қол жеткізіп отырған – «Бурный ірімшік зауыты» кәсіпорнының іргетасы Жамбыл облыстық сүт комбинатының филиалы ретінде 1949 жылы қаланып, 1951 жылы алғашқы өнімін шығара бастайды. Әу бастан сапалы әрі экологиялық таза сүт өнімдерімен ерекшеленген зауыт ұзақ жылдар табиғи өнім шығарумен айналысып келеді. Айта кету керек, қазір де мұнда сүт өнімдерінің бірнеше түрі шығарылып, өз кезегінде отандық және Ресей нарығына кедергісіз өткерілу үстінде.
Отандық нарықта ойып орын алатын үлкен кәсіпорын – «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ында қазір 120-дан астам жұмысшы күшінің еңбек ететінін ескерсек, зауытта бірнеше ұлттың өкілі «екі қолға бір күрек» тауып, жан бағумен бірге, отбасын асырауға да мол мүмкіндік алып отыр. Онымен қоса, іргелі ұжымда қызметкерлердің арасында тілдік қатынастар жүйелі жолға қойылған. Ұжым мүшелері өзара сыйластық пен іскерлік қарым-қатынастарды бірінші орынға қою арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырумен бірге, оның қолдану аясын кеңейтуге атсалысуда.
«Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» деген қағиданы бұлжытпай ұстанатын кәсіпорын табысының артып, отандық нарықта жоғары жетістіктерге жетуінің де бірден-бір кепілі – мемлекеттік тілді жетік меңгеру және сол тілде қарым-қатынас жасау керек екенін еңбеккер азаматтар жақсы білсе керек. «Тілі бірдің – тілегі де бір» болатыны да бір жағынан заңдылық. Ұжымда негізгі іскерлік қатынас тілі ретінде мемлекеттік тіл – қазақ тіліне басымдық беріледі. Мұны – ұжымдағы үлкен жетістіктердің бірі деп айтуға болады…
Атап айтқанда, іргелі кәсіпорынның жұмысына жетекшілік етіп отырған С.Арынов ұжым еңбеккерлерінің 30 пайыздан астамы жергілікті өзге ұлттың өкілдері құрап отырғанын айтады.
-Құрылу тарихы сонау 1951 жылдан басталатын «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ында негізгі өндірістің, технология және қондырғылардың тілі ресми тілде болғанымен, кәсіпорын жұмысшылары көбінесе мемлекеттік тілде сөйлеседі. Бұл – қазақи ортаның жетістігі. Мұндағы қырым-қатынастың тілі – қазақ тілі деп сеніммен айта аламын. Жұмыста қазақтармен қатар, орыс, татар және т.б. жекелеген ұлттардың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті әрі мемлекеттік тілде қарым-қатынас орнатып, өндіріс қуатын өрге бастыруға аянбай еңбек ету үстінде. Өндірісте қызметкерлердің арасында ынтымақ-бірліктің және өзара сыйластықтың болуы өте маңызды,- дейді серіктестік директоры.
Аталған серіктестік өндіріс бағытында жұмыс істейтін болғандықтан, кәсіпорында бірнеше цех тұрақты жұмыс істейді. Зауытта ең маңызды цехтардың бірі – ірімшік цехы. Мұнда тұрақты еңбек ететін жұмысшылардың дені – орыс ұлтының өкілдері. Білікті өндіріс шебері Юлия есімді келіншек жетекшілік ететін цехта бірнеше кәсіби маман тұрақты еңбек етеді. Олардың ішінде, көзімізге бірден жылы ұшырап, қойған сұрақтарға толыққанды жауап берген ірімшік шебері Фаузия Жұрқабаева татар ұлтының өкілі болып шықты. Алғашқы еңбек жолын Ресей жерінде бақылаушы-кассир болып бастаған ол 40 жылдан бері қасиетті Жуалы жерінде тұратынын айтады.
-Серіктестіктегі жұмыс өтіліме биыл 16 жыл толып отыр. Кәсіпорындағы жұмысым өзіме ұнайды. Сүттен күнделікті сапалы әрі дәмді ірімшік өндіруге бар күшіміз бен шеберлігімізді салып жұмыс істеудеміз. Өзім көбінесе әріптес қызметкерлермен қазақ тілінде сөйлесуге тырысамын. Олар да өз тілдерімен бірге, мемлекеттік тілді жақсы түсініп, жақсы сөйлейді. Қосымша айта кететін болсам, отбасында отағасы қазақ ұлтының өкілі. Ұл-қыздарым қазақша тәрбиеленіп, отбасында да қазақ тілі бірінші орында тұрады,- дейді ол. Осы тұста айта кететін болсақ, кәсіпорынның сүт қабылдау пунктінде, өзге де өндірістік цехтардың барлығында өзге ұлттың өкілдері көптеп еңбек етеді.
Өңірдегі іргелі кәсіпорынның бірі саналатын – «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ында сүт өнімдерінің бірнеше түрі шығарылып, отандық және Ресей нарығына өткерілетінін ескерсек, тауарларды таңбалау кезінде сауда белгілерінде негізінен мемлекеттік тілге басымдық беріліп, тауардың атауы мен сипаттамасы, кәсіпорынның мекенжайы қазақ тілімен және ресми тілде жазылады.
Сүт кластерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Бурное сүт компаниясы» ЖШС бірқатар салалық марапаттарға ие болған. Мұның жарқын дәлелі ретінде серіктестік «WorldFoodKazakhstan-2014» және «WorldFoodKazakhstan-2015» көрмелерінде бірінші орынды жеңіп алған. Онымен қоса, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында екінші орын, сондай-ақ, елордадағы көрме-конкурстарда зауыт өнімдері жоғары бағаланатынын айта кеткен жөн. Серіктестік 2019 жылы «Сала көшбасшысы» марапатына ие болды.
Бір сөзбен айтқанда, серіктестіктің еліміздегі сүт кластерін дамытуға қосып отырған үлесімен қатар, жергілікті деңгейде мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, оның қолдану аясын кеңейту ісіне қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалауға болады!!!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close