Bіz týraly
“Сарбаздың әскердегі әр күні – өмірлік сабақ”
7 мамыр – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің іргетасы қаланған күн. Бұл күннің мемлекеттік мереке болуы – тыныштығымызды күзетіп, Отанымызды қорғап жүрген Отан қорғаушыларға деген құрметтен туындағаны аян. Биыл ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына – 32 жыл. Бүгінде мемлекетіміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді.
Мереке қарсаңында ауданымыздың аумағында орналасқан ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуде өзіндік зор үлесін қосып келе жатқан 91678 әскери бөліміне мақала жазуға арнайы барып-қайттық.
Таулы-егерьлік полк 2000 жылы Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде батальон болып жасақталып, Гвардейск гарнизонында жауынгерлік оқу-жаттығуға қатысып, Бауыржан Момышұлы ауылына келіп шоғырланды. Бірінші Тараз қаласындағы таулы атқыштар бригадасының құрамында болды. Кейін жеке батальон болып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынды.
2013 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, полк болып жасақталды.
Әскери бөлім Ауған соғысының ардагері, жуалылық генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ағамыздың идеясымен құрылған.
Таулы-егерьлік полкі ТМД елдеріндегі осы бағыттағы жалғыз полк.
91678 әскер бөлімінің жауынгерлік тапсырмасы бір сөзбен айтқанда – таулы аймақтардағы қорғаныс және ұрыс беруге арналған.
Әскери бөлімнің аудан жастарымен, жалпы ауданның қоғамдық өмірімен байланысы жақсы. Яғни, әскери бөлімде, аудандық мәдениет үйінде іс-шаралар ұйымдастырып, оған Ауған соғысы ардагерлері мен жастарды шақырып тұрады.
Біз бұған дейін де әскери бөлімдегі патриоттық іс-шараларға қатысып, арнайы іссапармен барып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында түрлі мақалалар жазып жүрміз. Бұл жолы әскери қызметші, взвод командирі, аға лейтенант Шоқан Айназар мен сарбаз Рамазан Айдосұлымен пікірлесудің сәті түсті.
Взвод командирі Шоқан Исаұлының міндеті – бейбіт уақытта сарбаздарды және сержанттарды әскери іске дәйекті оқыту. Яғни саптық дайындық және атыс, тактикалық дайындықтарды үйрету.
Әскери қызметші Тараз қаласында өмірге келген. 2016-2020 жылдары Алматы қаласы Құрлық әскерлерінің әскери институтында курсант болған. Еңбек жолын Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде взвод командирі болып бастаған. 2023 жылы маусым айында 91678 әскери бөліміне ауысып, мұнда да взвод командирі қызметін абыроймен атқаруда.
-Бала кезден әскери қызметші болуды армандадым. Қазір арманыма жеттім. Өте қуаныштымын. Алға арман қойып, оған жете білудің өзі үлкен жетістік деп есептеймін.
Әскери өмірде әрине қиындықтар көп. Себебі, әскери қызметшіге жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Тәртіпке мойынсыну керек. Кісіге бағыну, өзің де кісіні бағындыра білу, дұрыс шешім қабылдау деген оңай шаруа емес. Командир болғандықтан бірде қатал, бірде жұмсақ болуың керек. Әр қызметшінің жағдайына кіре білуің қажет.
Әскерге келген әр сарбаздың жағдайы әртүрлі. Ата-анасынан дұрыс тәрбие алған, тәрбие алмаған, ата-анасын тыңдамайтын, тек пластейшннің алдында отырған, физикалық тұрғыда шынықпаған, ата-анасынан жылулық көрмеген, қысқасы, түрлі ұстанымдағы түрлі жағдайдағы азаматтар келеді. Олардың барлығын біріктіріп, бір жүйеге түсіру үшін үш-төрт ай тынымсыз еңбек етеміз. Адамның рухани жандүниесімен жұмыс істеу ең қиын жұмыс.
Сарбаздар аптасына екі күн ата-анасымен бейне қоңырау арқылы сөйлеседі. Сарбаздар көбінде отбасында қиындықтар болғанда күйзеліске түседі. Біз оларды сондай қиын жағдайда назардан тыс қалдырып алмауымыз керек. Дер кезінде көмек көрсетіп, қажет жағдайда заңды демалысқа жіберуге мүмкіндік болса, демалысқа жіберуге тырысамыз.
Сарбаздар тек жаттығу, дайындық сабақтармен ғана емес, бос уақытында өзінің сүйікті ісімен де айналыса алады. Мәселен, домбыра, гитара тартады, шахмат, дойбы ойнайды, түрлі спорттық жаттығулар да жасауға мүмкіндіктер жасалған. Жалпы, сарбаздардың әскердегі әр күні өмірлік сабақ.
Сарбаздар арасында әлімжеттік деген жоқ деп айта аламын. Себебі, жан-жаққа бейнебақылау камералары орнатылған. Әлімжеттік көрсетіп, тәртіп бұзғандар заң аясында қатаң жазаланады. Сонымен бірге күн де кешкісін арнайы топ сарбаздардың денебітімін толық тексеріп отырады.
Біздің мақсатымыз – сарбаздарды қару ұстап, барлық жағдайға дайын болуға үйрету, патриот болуға тәрибелеу ғана емес, оның жақсы жаққа өзгеруіне, жан-жақты дамуына әсер ету. Мәселен, жаман әдеттерге әуес сарбаздарға күнделікті оның зияндығы туралы түсіндірме жұмыстар жүргізіп, өзін-өзі тәрбиелеуге қолымыздан келгенше жұмыс істейміз,- дейді взвод командирі.
Шоқан Исаұлының арманы – үлгілі отбасын құрып, халқына адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу. Ол жастарға әскерге бару – ер азаматтың міндеті, Отан алдындағы қасиетті борышы екенін айтып, әрбір қазақ ана тілін дамытуға үлес қосуы тиіс екенін, еліміздің болашағы жастарды ішімдік, темекі, құмар ойыннан аулақ болуға шақыратынын жеткізді.
Ал, әскер қатарына жақында ғана келген жас сарбаз Рамазан Айдосұлы Шымкент қаласының тұрғыны.
Әкесі Айдос Шымкент қаласында 35748 әскери бөлімінде қызмет етеді. Шені – майор. Ал, анасы аспаз болып жұмыс істейді.
Рамазан бес ұл-қыздың үлкені.
Рамазан 2005 жылы өмірге келген. Мектеп бітіріп, Шымкенттегі медициналық академияға фармацептика мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түскен. Алайда өзінің жүрек қалауымен түспеген соң, бірінші семестрден кейін оқудан шығып кетеді. Оның арманы – әскери қызметші болу. Сондықтан қалалық Қорғаныс бөліміне барып, өзі сұранып әскер қатарына алынады. Әскерден кейін Алматы қаласы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсуді армандайды. Ол үшін әскерден кейін ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсуге мүмкіндігі барын да тілге тиек етті.
Рухы биік патриот азамат әскерге келгеніне қуанышты.
-Мен бала кезден спортпен шұғылдандым. Дзюдо күресінен аудандық, облыстық жарыстарда чемпион болдым. Халықаралық жарыста жүлдегер атанып, республикалық спорт шеберіне үміткер болдым.
Мектепте оқып жүргенде “Айбын” атты әскери-патриоттық жарысқа қатысып, І орын алып, құрама командаға мүшелікке алынып, Қарағандыдағы Спасск полигонында 19 команда жарысқа түстік. Командамыз 7 орынды иеленді.
Әскери қызметші болу үшін ер азаматқа тән қасиеттерге ие болуың керек. Менің әкем әскери қызметші. Ол тік мінезді, екі сөйлемейтін жан. Маған әкемнің мінезі, ұстанымы ұнайды. Сондықтан да әскерге шын ниетпен келдім.
Әскерде ата-анаңа деген құрметің арта түседі, уақыттың да қадірін білесің. Өзіңнің қабілеттеріңді ашуға тырысасың. Қазір әскердегі достарым барлығы өздерін жақсы жағынан көрсетуге барын салуда. Мен олардың талпынысына қуанамын,- дейді жас сарбаз.
Әскери бөлімде Тәуелсіз еліміздің қорғаны болатын Рамазандай қайсар, биік рухты азаматтар аз емес. Әскери өмір олардың жігерін одан әрі қайрап, қайраттандыра түсері сөзсіз.
Отан қорғаушылардың төл мерекесінде барша әскери қызметшілер мен сарбаздарды құттықтап, дендеріне саулық, отбасына амандық, елімізге тыныштық, құт-береке тілейміз!
Мемлекетіміздің Қарулы Күштерінің қуаты арта берсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»