Basty bet

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрғалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе “Жастар” денсаулық орталығы репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы медициналық, емдік-профилактикалық көмек, психоәлеуметтік және құқықтық қызмет көрсету бөлімінің есебі туралы аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебековтың баяндамасы тыңдалды.
Орталықтың жұмысының мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, оның ішінде ерте жыныстық белсенділіктің алдын алу, контрацептивтерді қолдану, қалаусыз жүктіліктің алдын алу, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру. Баяндамамашы түрлі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Нұрбай Әбілқасымұлының айтуынша, “Сенім” жастар денсаулық орталығына жасырын түрде келіп, кеңес алған жастар мен жасөспірімдер саны – 415 адам, ал “Сенім” телефонына 109 адам хабарласқан.
-Аудандық орталық ауруханада бес аймақтық әлеуметтік қызметкер, үш психолог маман жұмыс жасайды. Олар 1509 қабылдау жасап, 1249 үй аралау жұмыстарын атқарған. 258 жүкті және жаңа босанған аналарға әлеуметтік психологиялық кеңестер мен жақсарту жұмыстар жасаған.
Нашақорлар мен маскүнемдерге әлеуметтік-психологиялық кеңес беріліп, 347 адамнан депрессияны анықтау туралы тест алынған. 21 ЭКО карта сызылып, оның жетеуі аяқталып, 14-і бүгінде бақылауда.
31 мүгедек жанға инватаксиге, 29 адамға сауықтыру санаториясы мен ем алуға жатқызуға құжаттарын дайындауға көмек көрсетті,- деді Н.Ергебеков.
Анар Садыққызы аурухананың аталған бөліміне жауапты басшыға қойылар сұрақтар көп екенін ескертіп, басшының келмеуіне байланысты мәселе келесі отырыста қайта қаралатынын айтты.
Жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Руслан Қисықов, №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің директоры Салтанат Уалиханқызы, №15 А.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейдің директоры Руслан Сайлаубаев, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Гүлмира Хабдуллаева баяндама жасады. Комиссия төрағасы Анар Садыққызы сәуір айының басында оқушылар арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі, яғни, кейбір сұрақтарға жауап беруде проблема бар оқушылармен жұмыс істеу алгоритмі, әдіс-тәсілдері туралы сұрады. (Мәселен, “Мен үшін бәрі қызықсыз”, “Жағымсыз ойлар мені жиі мазалайды”, “Тәбетім нашарлап, түнгі ұйқым бұзылып жүр”, т.б сұрақтарға “иә” деп жауап берген оқушылармен жұмыс). Комиссия төрайымына мектеп директорлары мен психологтарының берген жауабын тыңдасақ, мектепте оқушылармен топтық жұмыстар ғана атқарылғаны байқалып тұр. Атап айтқанда, сауалнамада берген жауабында проблема бар баламен нақты жұмыс жасалмаған, яғни себебі анықталып, оған жеке түзету жұмыстары жасалмаған.
Білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева мектеп басшыларына баяндаманы тек баяндаумен ғана шектелгенін, жұмыс барысына талдау жасалмағанын ескертті.
Баяндамаға жасалған слайдтарда тек №15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейдің ғана жұмысы дұрыс қорытындыланған. Анар Садыққызы қай мектепте басшы жұмыстың бел ортасында жүрмейді, жауапты мамандармен, әріптестерімен тығыз байланыс жоқ ол басшы сұраққа да нақты жауап бере алмайтынын ескерте келіп, білім бөлімінің басшысына жұмысты өз деңгейінде жүргізе алмаған басшылар мен жауапты мамандарға тәртіптік жаза қолдануға ұсыныс жасайтынын айтты.
-Мұндай кемшіліктерді жылы жауып қоя алмаймыз. Ол ертең басқа жерден одан да үлкен проблема болып қайта шығады. Сондықтан мәселенің алдын алып, себептерімен жұмыс істеу керек. Жұмысқа ұйқылы-ояу, немқұрайды қарамаңыздар. Балалардың қауіпсіздігі үшін барлығымыз жауаптымыз. Себебі, бала – біздің болашағымыз.
Аудандағы психологтар білімін жетілдіру мақсатында “Бес терек” жобасы бойынша оқытылды. Осы білімді тәжірибеде қолданып, жұмыс істеу алгоритмін мұқият оқып, нақты жұмыспен айналысыңыздар. Ата-аналармен тығыз байланыста болыңыздар,- деді Анар Ахметова.
Комиссия төрағасы 25 мамыр – Соңғы қоңырау салтанаты күні де оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда болатынын ескертті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close