Basty bet
Жаңа тұрғын үй алабы мәселесінің шешілетін уақыты жетті
Аптаның сәрсенбісі күні өңір басшысы Жалғас Мұртаза аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында жеке қабылдауға алдын ала жазылған бірқатар азаматты жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізіп, олардың өтініш-тілектеріне назар аударды.
Аудан басшысының қабылдауына келген азаматтардың бірі тұрақты жұмыс сұараса, енді бірі тұрғын үй көмегін, ал енді бірі жаңа тұрғын үй алабына инженерлік-инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасалса деген тілекте.
Қабылдауға алғаш болып кірген Қызыларық ауылдық округіне қарасты Сұрым ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Серік Садиров аудан басшысына биыл Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың туғанына 100 жыл толып отырғанын айтып, Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен қаһарман азаматтың мерейтойын туған жерінде кеңінен атап өтіп, онымен қоса, айтулы тұлғаның 100 жылдығына және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Батырдың өзі туып-өскен Қызыларық ауылына спорт нысанын салып, оған Т.Тастандиевтың есімін беру жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Айта кету керек, Т.Тастандиев ауданға қарасты Қызыларық ауылында туып-өскен. Соғыстан елге оралғаннан кейінгі жылдары осында ел басқару ісіне белсене араласып, ауыл-аймақтың және қасиетті Жуалы өңірінің экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан айтулы азамат. Т.Тастандиевтың Жамбыл облысында «Даңқ» орденінің толық иегері атанған жалғыз азамат екенін ескерсек, айтулы тұлғаның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің маңызы зор. Бұл – жас ұрпақ үшін патриоттық тәрбиенің қайнар көзі болмақ. Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылындағы орта мектеп және аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы бір көше Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың есімімен аталады.
С.Садировтың ұсынысын мұқият тыңдаған аудан әкімі Жалғас Мұртаза Тайыр Тастандиевтың өнегелі өмірімен және соғыстағы ерлік істерімен жақсы таныс екенін жеткізіп, айтулы тұлғаның 100 жылдық мерейтойы биыл аудан көлемінде аталып өтетінін еске салды. Айта кетсек, аудан басшысының жеке қабылдауында болған Т.Тастандиевтан қалған қара шаңырақтың отын өшірмей отырған ортаншы ұлы Дәулет Тастандиев әкесінің есімін иеленген Бәйтерек ауылындағы орта мектептің ауласындағы бюстті жөндеуден өткізу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Одан кейінгі кезекте аудан басшысының жеке қабылдауында болған азаматтар – Б.Момышұлы ауылынан Замира Таласбаева, аудан орталығында көпқабатты үйлердің бірінде тұратынын және үйдің шатырынан су өтіп, қабырғаларының көгеріп жатқанын айтып, осыған көмек беруді сұрады. Келесі азаматтарға келсек, Бақалы ауылынан Айгүл Оразалиева және аудан орталығынан Нұрболат Зайнулин тұрақты жұмысқа орналасуға көмек сұрап қайырылса, Қарасаз ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылының тұрғыны Гүлбану Тоғаева, ауылдың тұсынан өтетін автомобиль жолының бойына (Ақ жол көшесінің бойы) жол белгілерін орнату жөніндегі ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, көлік жүргізушілері ауыл тұсынан қатты жылдамдықпен өтетіндіктен, адамдарға да, төрт түлік малға да өте қауіпті. Сұрақ иесі әсіресе, жас балалардың қауіпсіздігіне көбірек алаңдайтынын айтады.
Қайрат ауылының тұрғыны Райхан Беркімбаева: «2013 жылы Қайрат ауылындағы жаңа тұрғын үй алабындағы Т.Тілеуқұлов көшесінен 10 соттық жер телімін алып, оған тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, қазір сонда отбасыммен бірге тұрып жатырмын. Бірақ аталған көшеде инфрақұрылым жүйелері атымен жоқ. Электр жарығын және газ, ауызсу құбырларын үйге өз күшімізбен тартып алғанбыз. Жарықтың кәбілдері тозып барады. Ол көшеде менің отбасымнан басқа да тұрғын үйлер бар. Көшемізге инженерлік-инфрақұрылым жүйелері қашан тартылады? Соның жауабын білгім келеді. Жер телімдерінің берілгеніне 10 жылдан асып барады. Ондағы инфрақұрылым мәселелерін шешетін уақыт әбден жетті деп ойлаймын. Сізден осы мәселені тездетіп шешіп беруіңізді сұраймын» деді аудан басшысына.
Жеке қабылдауда болған азаматтардың тарапынан көтерілген сұрақ және өтініш-тілектердің барлығына аудан басшысы Ж.Мұртаза жан-жақты зерделей отырып жауап қайтарып, көтерілген мәселелердің жауапсыз қалмайтынына сендіріп, қабылдау соңында аталған мәселелерге жауапты салалық бөлім басшыларымен қатар, ауылдық округтің әкімдеріне тиісті тапсырма берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»