Basty bet

«Партиялық кадрлық резервке іріктеу»

тақырыбында брифинг өтті

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында «Партиялық кадрлық резервке іріктеу» тақырыбында брифинг өтті. Оған «Қазақстан – Жамбыл» телеарнасының және аудандық «Жаңа өмір» газетінің журналистері, аудан тұрғындары қатысты.
Брифингті «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова ашып, спикер іріктеуге қатысуға өтінім берудің тәртібі мен жолы туралы баяндады.
-Құрметті брифингке қатысушылар!
Елімізді дамытудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу мақсатында, ағымдағы жылдың 21 тамызы күні Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың бағдарламасы ұсынылды.
Партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын іске асыру мақсатында ауданымызда партиялық іріктеу жобасы бастау алмақ.
Іріктеудің басты мақсаты – партиялық электоратты қалыптастыру. Партиялық электорат дегеніміз – халықтың мұң-мұқтажы мен проблемалық мәселелерін нақты білетін қоғамдық пікір көшбасшыларының пулі.
Құрметті аудан тұрғындары!
Егер біздің ауданның тағдыры сізді алаңдатса және сіз оны жақсартқыңыз келсе, сізді кадрлық іріктеуге қатысуға шақырамыз!
Іріктеуге аудан аумағында тұратын 20 жастан асқан, соттылығы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Партиялық резервке іріктеуге тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар «Nur Otan» партиясының мүшелігіне өтуге ниетті азаматтар жіберіледі.
Жобаға қалай қатысуға болады?
1 қадам. «Nur Otan» партиясының сайтында «Партиялық кадрлық резерві» бөлімінде тіркелу;
2 қадам. Іріктеуге қатысу үшін өтініш беру;
3 қадам. Сайтқа қажетті құжаттарды (жеке куәлік, бар болса партиялық билет және басқа құжаттар) жүктеу. Олардың тізімін ұйымдастыру комитетінен немесе партия сайтынан анықтауға болады.
Сондай-ақ, өтінішті жеке партияның Жуалы аудандық филиалына мына мекенжайда беруге болады: Бауыржан Момышұлы ауылы, Жамбыл көшесі, №17а (екінші қабат). Байланыс телефоны: 8 (72635) 2-11-85.
Партияның аудандық филиалының жұмысына қысқаша тоқталып өтсем, партияның аудандық филиалы бойынша 30 бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген 4497 партия мүшесі бар. Жыл басынан партия қатары 832 адаммен толықса, 1206 адам партия қатарынан шығарылған.
Үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішінде партияның аудандық филиалы Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі бюросының, Партиялық бақылау комиссиясының, депутаттық фракцияның 17 отырыстары өткізіліп, 81 ұсынымдар қабылданды. Бүгінгі таңда 74-і немесе 91 пайызы орындалған.
Сонымен қатар партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен 266 азаматттардың өтініштері қаралып, оның 154-і оң шешімін тауып отыр. 112 өтініш иесіне Қазақстан Республикасының Заңнамасы аясында түсінік берілді,- деді Анар Садыққызы.
«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болабек Нарбаев толықтырып өтті.
-Анар Садыққызы айтып өткендей, «Ядролық электорат» – бұл халық пен партияның мүддесін қорғайтын, еліміздегі азаматтардың өміріне бей-жай қарамайтын жаңа көзқарастағы адамдардың тобы.
Партиялық кадрлық резервке іріктеу – бұл ядролық партия электоратын жасақтаудың алғашқы қадамы.
Оған кез келген елін, жерін ойлайтын азамат қатыса алады. Үміткерлердің санына шектеу жоқ.Ол жерде ешқандай сыбайлас жемқорлық немесе біреудің күші жоқ. Іріктеу Жуалы ауданында 16 қараша күні 9 дауыс беру орында өтеді. Бұл бір жағы халыққа ерік беру, әркім өз ойын, пікірін білдіруге мүмкіндік алады.
Елімізде көптеген шиеленістер не үшін орын алып жатыр? Себебі, халық мұң-мұқтажын билікке жеткізе алмайды. Олардың ұсыныс, тілектері жарты жолда қалып қоюда. Сондықтан осы бағдарлама арқылы халыққа партия есік ашып беріп отыр,- деді Болабек Жанбекұлы.
Журналистер тарапынан «Партиялық кадрлық резервке іріктеу» облыс бойынша тек қана Жуалы ауданында пилоттық режим түрінде өтетінін айтып өттіңіздер. Осы орайда неге Жуалы ауданы таңдалып алынып отыр?» деген сұрақ қойылды. Сұраққа Болабек Жанбекұлы жауап берді.
-Партияның Саяси кеңесінің отырысынан кейін берілген тапсырмаға орай 17 аймақ белгіленді. Яғни, облыстардан Павлодар облысы, жеті моно қала, қалғандары аудандар.
Енді Жуалы ауданын таңдағандағы себебіміз, ол жерде бірнеше ерекшеліктер ескерілді. Біріншіден, аудан облысқа жақын, екіншіден, бұл ауданда 30 бастауыш партия ұйымдары бар, үшіншіден, депутаттар саны да талапқа сай келіп тұр. Бұл жолы тек Жуалы ауданында өткізсек, алдағы уақытта барлық ауданда өтетін болады.
Брифингті Анар Ахметова қорытындылады. Анар Садыққызы 28 қазаннан бастау алған іріктеу жұмыстарына сәттілік тіледі.

Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close