Basty bet
Әскердегі өмір ер жігітті шыңдайды
Ер азамат отбасының тірегі, елінің қорғаны, айбынды жауынгер болуы тиіс. Өйткені бүгінгі бозаң шақта жүрген бозбала ертең әскер қатарына қосылғанда елдің шетінде, желдің өтінде жүріп ел тыныштығын қорғайды. Ата-ананың аялы алақаны, жылы ұясынан шыққан жеткіншек «әскер» атты үлкен өмір мектебінде шыңдалады, шынығады. Темірдей тәртіп пен таңқаларлық төзімді талап ететін әскери өмір көк байрақ пен қалың жұртты кірпік қақпай күзету қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі болып саналмақ. Әңгіменің басынан-ақ мақала тақырыбының аясы қалың оқырманға аян болған шығар. Бүгінгі тақырып әскерден абыроймен оралған азамат жайында болмақ.
Даниял Оңбарбай Отан алдындағы азаматтық борышын Түркістан облысына қарасты Ленгер қаласында 6698 әскери бөлімінің 4-ші жеке атқыштар ротасында өтеген. Оның айтуынша, осы аталған бөлімге Қазақстанның әр өңірінен 57 азамат әскери борышын өтеуге келген. Даниял ауданға қарасты Шақпақата ауылында дүниеге келген. Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті тамамдаған. Мектеп қабырғасында оқи жүріп, волейболдан түрлі жарыстарға қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін аса зор мақтанышпен жеткізді. Отан алдындағы борышын өтеп келген азамат, бүгінгі таңда Тараз қаласында өрт сөндіруші болып еңбек етеді. Өр рухты, жігерлі Даниял Дияшұлы өзінің әскери қызметінің алғашқы күндерінен бастап-ақ әскери өмірдің қыр-сырын үйренуге үлкен ынта білдіріп, Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білді деп айтуға болады.
Қазақ «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Әсілінде, әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеп келу – нағыз азаматтықтың белгісі.
Сөзімізді ары қарай сабақтасақ, әскери өмір жігітті шыңдайтыны рас. Тәртіпке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке үйретіп қана қоймай, патриоттық сезімді де күшейтеді.
Ерте тұру – сарбаздың дағдысы, әскердің өзгермейтін заңына айналған. Әскер қатарында болған кезде сарбаздың қарбаласқан әр күні таңғы сағат 6:30-дан басталып, санаулы уақытта киініп үлгеріп, таңғы жаттығуға сақадай сай болуының өзі жылдамдыққа, ептілікке үйрететіні анық. Таңғы ас 7:50-де. Әрі қарай әскери сабақтар басталады. Байқасақ, әскерде сарбаздың күні түрлі дене жаттығулармен, сабақтармен, ал мерекелік күндерде сапта ән айту секілді әскери шаралармен өтетінін әңгіме барысында аңғардық.
Сарбазда бос уақыт көп болады десе еш сенбес едім. Өйткені, бәрін дәлме-дәл есептеп қойған. Болған күннің өзінде ол жеке қажеттіліктеріңе жұмсалады. Келесі күнге жаға тігеді, формасын жуады, жұқартып шашын алдырады, ротаның ішін жинастырады.
Даниялдың айтуынша «әскери өмір бізді жігерлендірді және болашақ өмірге деген көзқарасты қалыптастырды»,- деп өз ойымен бөлісті ол.
Әскер қатарына келген күннен бастап қолына қару алып, ел-жұртты қорғауға шыққан сарбаздардың өмірі сырт көзге қызықты болғанымен, оның қауіптілігі де баршылық. Себебі, соғыс тактикасын еңсергендер қандай жағдайда да алдыңғы шепте тұратыны айтпаса да белгілі. Жүктелген әскери міндеттерін атқаруда жауапкершілікпен дұрыс бастамашылық танытып, өзіне сеніп тапсырылған міндеттерді дұрыс атқарып, үлгілі тәрбиесімен көптің көзіне түскенін де зор мақтанышпен айтып қалды.
Әскери борышын өтеп келген Даниялдан «Әскери өмір неге үйретті?» – деп сұрағанымда, ол былай деп жауап берді.
-Әскери өмір менің өмірімдегі орны мен маңызы өзгеше тәрбие мекені. Әскерде беретін білім мен тәрбиені бір де бір мектеп не университет бере алмайды. Мұнда нағыз Отан қорғаушылар, патриоттар, ер азаматтар тәрбиеленіп жатыр. Сын сағатта не қауіп-қатер төнгенде сынбайтын, қашпайтын, керісінше, жолсыздан жол таба білетін жасампаздыққа тәрбиелейді. Сондықтан айтарым, әрбір азамат әскер мектебінен өту керек. Әскер болашақ өмірге дайындап, құрыш білекті, тайсалмас жүректі ел қорғаны болуға тәрбиелейді,- деді жігерлі азамат.
Кез келген жағдайда ел Тәуелсіздігін қорғауға әзір тұратын ер жүрек азаматтың болашақтағы арманы – өрт сөндіру саласында жоғары жетістіктерге жету. Даниял Дияшұлының болашақтағы арманының орындалуына және мемлекетке деген қызметі мінсіз болатынына сеніміміз мол.
АНАР ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»