Basty bet
Қияр өсірудің шебері
Аудандағы ақ егіс көлемін айтпағанның өзінде, бау-бақша дақылдарының көлемі де жыл сайын артып келеді.
Өздеріңіз білетіндей ауданда дәнді дақылдарды жинау науқанынан кейін іле-шала көкөніс және бау-бақша өнімдерін теру науқаны басталады.
Қазіргі таңда аудан тұрғындары өз ауласындағы жерлерін тиімді пайдаланып, көкөністің барлық түрлерін молынан егіп, олар дайын болған кезде теріп, керегін сатып күн көруде.
Нұрлыкент ауылында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы жақсы жолға қойылған. Округте мал және егін шаруашылығымен айналысатын жандардың қатары көп. Соның бірі – Мадина Өтенова. Ол 2000 жылы отбасымен Өзбекстан Республикасынан атажұртқа қоныс аударған. Осында келіп әр жұмыстың көзін қарастырып, соңында егін мен айналысуды ұйғарады.
Мадина Әбдірайымқызы өз ауласындағы 10 соттық жердің 7 соттық жеріне қиярдың екі-үш сортын егеді.
-Ол жерге мен ерте көктемде жылыжай соғып, ішіне қызанақтың үш-төрт түрін, тәттібұрыш, ащыбұрыш, баялдының тұқымдарын себемін. Екі ай оны күтіп-баптап, арам шөбін жұлып, тазалап отырамыз. Күн жақсы жылынғанда жылыжайды жауып тұрған арнайы материалды ашып қоямыз. Жылыжайдағы жұмысты отбасымызбен бірге қараймыз. Айтуға оңай болғанымен, оның жұмысы қиын.
Одан бөлек, мамыр айының 20-на қарай дайын болған көшеттерді сатуға шығарамыз. Көшеттер аудан орталығындағы базарда сатылады.
Ауданның көп тұрғыны бізді жақсы таниды. Алдын ала тапсырыс беріп отырады. Бұл да болса бала-шағамыздың несібесі. Жылыжайды біз жыл да көктемде дайындап отырамыз, ал көшеттер дайын болып, бәрін сатып біткеннен соң, жылыжайдың заттарын жинап орнына біз қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, асқабақ отырғызамыз. Алайда, жердің басым бөлігіне қияр егіледі. Себебі, қиярға тұрақты тұтынушыларымыз бар,- дейді Мадина Әбдірайымқызы.
-Қиярдың дұрыс күтімі ол топырағын қопсытуда болып табылады. Арамшөптерін жұлып, жаңа өскен сабақтарын қыстыру мен дұрыс суаруда. Ең алғаш топырақ қопсыту жұмыстары алғаш топырақ бетіне сабақтары шыққан соң жүргізіледі. Кейінен мұны әр 10 күн сайын қайталап отыру керек екен. Қопсыту жұмыстарымен бірге арамшөптерін жұлып отыру керек. Бірақ тамыр сабағына абай болу қажет. Қиярды бірқалыпты мол суарады. Судың жетіспеушілігі қиярды тез өсуіне кедергі болады екен. Қиярды көп суармаса оның түбі ащы, өзі солғындау болып өседі.
Қазір қиярдың барлығы пісті. Біз қиярды күн-ара теріп отырамыз. Екі күнге кешігіп теретін болсаң қияр бірден үлкейіп кетеді. Үлкен қиярды ешкім алғысы келмейді. Сатып алатын кісі де қиярдың майда сортын сұрайды,-дейді Мадина Өтенова.
Мен қиярды кәдімгі егістікке де егіп көрдім. Ол жерде қияр үйдегі аулаға екендей өнім бермеді. Ал есіктің алдына егілген қияр басқаша, мол өнім береді.
Қиярды әр терген сайын 100-150 келі теріп алып отырады екен. Көбінесе қиярды кешкі немесе азаңғы салқынмен жинаған дұрыс дейді. Жинаған қиярды тапсырыс беруші немесе ауыл тұрғындары бірден алып кетеді екен. Біздің кейіпкеріміздің қиярына деген тапсырыс беруші адамдар көп. Кейде жинаған қиярлары жетпей қалатын күндер де болады екен. Бірақ осы күнге дейін ол кісінің қиярына ешқандай шағым түспепті. Барлығы тек қана алғыстарын айтуда. Мадина көбінесе қиярдың шандин деген сортын егеді. Ол басқа қиярдың сортына қарағанда майдалау, банкіге жапқанға ыңғайлы болып келеді.
Мадина Әбдірайымқызы көпбалалы отбасында өскен. Оның ағалары мен інісі де егін егумен айналысады. Барлығы ауылдан, басқа ауылдардан жер алып қырыққабаттың екі-үш сортын егеді.
Кейіпкеріміздің өзі көпбалалы ана. Қыздарының алды тұрмыс құрған. Қалғандары мектепте оқыса, бірі Астана қаласында шет тілі мамандығы бойынша білім алуда.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»