Basty bet
Бүлдіршіндер “Үш торай” ертегісін тамашалады
«Мыңбұлақ» және «Жуалы» халық театрлары «Балаларға базарлық» айдарымен аудан орталығында орналасқан балабақшадағы кішкентай көрермендерін ертегілік қойылымымен қуантты. Ертегі желісіндегі Наф-Наф, Нуф-Нуф және Ниф-Ниф атты үш торай өздеріне әртүрлі құрылыс материалдарынан үйшік тұрғызады.
Нуф-Нуф пен Ниф-Нифтің қамыстан, шыбықтан салған лашықтарын сол маңда торуылдап жүрген аш қасқыр келіп қиратып, өздерін жемекші болады. Әлсіз соғылған үйлерінен айырылған торайлар Наф-Нафтың кірпіштен тұрғызылған баспанасын паналайды. Қасқыр қыш қорғанды ары-бері шайқап ала алмай, шаршап шалдығып, кетіп қалады. Қойылым арқылы балаларды ауызбіршілік пен еңбексүйгіштікке үндеген ертегі кейіпкерлерін, мәдениет үйінің ұжымына жас маман болып келген Қуаныш Сүйінбай, Нұрдәулет Мейірхан, Әділет Мәдібек рөлдерін шеберлікпен сомдап, сәби көңілдерді шаттыққа бөледі. Ал, қойылым барысында кетіп қалатын, кішігірім қателіктерді түзету үшін ертегі айтушы рөлінде енгізілген, театр режиссерінің көмекшісі, мәдениет саласына еңбегі сіңген білікті маман Талғат Батыров жүрді. Қасқырдың бейнесін қойылым режиссеры Ербол Бекжанов атқарды.
Қойылымнан ерекше әсер алған балабақша ұжымы да өз ой-пікірлерін білдірді. Бірі ертегі жақсы, бірақ уақыты аз десе, енді бірі ұлттық құндылықты дәріптейтін, рухани бағыттағы қойылымдар болса деген тілектерін жеткізді.
Аталған қойылым республика және облыс көлемінде драмалық қойылымдарымен танымал болып қалған «Жуалы» және «Мыңбұлақ» халық театрларының ұжымы үшін тың жаңалық, зор серпін, жаңа бетбұрыс болды. Театр ұжымы келешекте жас көрермендерді рухани бағыттағы жаңа ертегілерімен қуантары сөзсіз.
Гүлнар Кашкеева,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушысы