Basty bet
Әбдімансұр – Азия чемпионатының жеңімпазы
№26 Жаңаталап орта мектебінің оқушысы Әбдімансұр Жақсылық жақында Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында өткен бокстан жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Жақында ауылға оралған чемпион шәкірттерін мектеп ұжымы құрмет-қошеметпен қарсы алды.
Жас чемпионмен сұхбаттасу мақсатында біз де мектепке арнайы бардық.
Әбдімансұр Нұржауұлы отбасында ата-анасының тұңғыш перзенті. Ол екі інісі мен төрт қарындасының үлгілі, қамқор ағасы.
Әкесі Нұржау спорт нұсқаушы болып еңбек етсе, анасы Эльмира бастауыш сынып мұғалімі.
Әбдімансұр ата-анасының сенімі рингке шыққанда ерекше күш-жігер беретінін айтады.
-Әкем қандай жағдай болсын берілген мүмкіндікті жіберіп алмауымды, өмірде адам болу чемпион болудан да қиын екенін, сондықтан қарапайым, кішіпейіл, сабырлы, ортамда сыйластықты жоғалтып алмауымды, өз-өзімді үнемі дамытып, тәрбиелеп отыруымды жиі айтады.
Әкемнің маған деген сенімі маған ерекше күш-жігер береді. Рингте атмосферадағы эмоцияға беріліп кетпеуімді, қорықпауымды айтып, маған «сен жеңесің, сенен артық мықты жоқ» деген сөзі еңсемді көтеріп, рух береді.
Кейде жаттығудан шаршап келгенде ата-анамның бір ауыз жылы сөзі, бүгінгі еңбек, төгілген тердің өтеуі барын, ертең үлкен жеңіс әкелетінін айтып жігерлендіріп қойғаны маған спортқа деген қызығушылығымды арттырып, жүрегіме қуаныш сыйлайды,- дейді Әбдімансұр Нұржауұлы.
Спортшы алғаш Мәскеуде Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған халықаралық турнирде чемпион атанып, «Үздік боксшы» номинациясын иеленді.
Кез келген спортшының арманы – чемпион болу. Әбдімансұрдың бұл жолғы жеңіске жеткен сәтіндегі сезімі мүлде ерекше. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес дейді ол.
-Рингке шығарда әкем бір Аллаға сыйынып, өзіңе сеніммен шық деген сөзін басшылыққа аламын. Одан кейін жаттықтырушым Нұрхат Белгібай ағамның әрбір сөзі жадымда жаңғырып тұрады. Ол кісі үнемі «Сенен асқан мықты спортшы жоқ. Тек қарсыласыңның әрбір қимылына назар аудар, сақ бол, өзіңе сеніммен әрекет ет!» дейді.
Жаттығу жасап, жарысқа дайындалу барысында өзімді рингте жеңіске жетіп, қуанып, марапатталып, ата-анам мен жақындарымның мені құттықтап жатқанын елестеттім. Аллаға шүкір, дәл солай болды. Рингте жеңіске жеттім. Бірақ, медаль қолыма тигенше онша сезінбедім. Кейін жеңімпаздарды марапаттап, Әнұранымыз ойналып, Туымыз көкке көтерілгендегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Рингтен түстім, ата-анам хабарласып құттықтап, қуанып жатыр. Бұл – ерекше сезім екен. Бәрінен де ата-анамның қуанышы – мен үшін үлкен мақтаныш болды. Маған күш-жігер беріп, алға одан да үлкен мақсат қоюыма себепкер болды,- дейді чемпионымыз.
Әбдімансұр спортпен бес жасынан бастап айналысқан. Ал боксты сегіз жасынан бастапты.
-Бокс – қауіптілігі жоғары, яғни жарақат көп алатын спорт. Сондықтан онымен шыдамды, өзіне сенімі мол, қайсар мінезді адамдар айналысады. Боксшы мінезді, салқын қанды, биік рухты болуы және өзіне артылған сенімді алып жүре алуы керек. Себебі, рингте ұтып келе жатып бір сәтте ұтылып қалуың мүмкін. Мұндай жағдайда өзіңді тастап жібермеу маңызды. Боксшыға агрессивті мінез тек рингте ғана керек. Өмірде барынша сабырлы, қарапайым болуы тиіс,- дейді боксшы.
Әбдімансұр тарихи, мазмұнды кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Бос уақытында ата-анасына қолғабыс етеді.
Қай салада болсын, уақытын тиімді пайдаланған, еңбекқор адам ғана жеңіске жетеді. Әбдімансұр да әрбір уақытын барынша тиімді пайдалануға тырысады. Бұл – жас спортшыны жетістікке, дамуға жетелейтін жақсы қасиет.
Бүгінгі істейтін шаруаларымды телефоныма екертуге жазып қоямын. Соның барлығына үлгеруге тырысамын. Сабағымды оқып, ата-анама көмектесіп, жаттығу жасап, арасында тынығып, қысқасы барлығына үлгеруім керек.
Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні маған ұнайды. Бірақ, орыс тілі мен ағылшын тілін де жақсы меңгеруім керек. Ол үшін күнделікті сөздік қорымды молайтуым қажет. Оның барлығына уақытымды тиімді пайдалану арқылы ғана жетемін.
Спортшы үшін дұрыс тамақтану, жаман әдеттерден аулақ болу өте маңызды.
Айналамдағы достарымның көбі спортшы болғандықтан біз-бірімізді жақсы түсінеміз. Бір-бірімізге қолдау көрсетеміз,- дейді Әбдімансұр.
Спортшы мектепте ұстаздары мен жақындарының да қолдауына риза. Әрине, болатын баланың бетін қақпай белін буып, барынша қолдау көрсету – әрбіріміздің адами парызымыз.
Әңгіме соңынан Әбдімансұр өзінен кейінгі іні-қарындастарына деген кеңесімен де бөлісті.
-Ең күшті қарсылас – ол өзің. Алға дұрыс мақсат қойып, оған жету жолында еңбек етіп, өзіңнің кемшіліктеріңмен күресу керек. Өзін жеңген адам – ең мықты адам. Менің ұстанымым, мақсатым – адами қасиеттерді биік ұстау, ерінбеу, жастық шақтағы күш-жігерімді дұрыс пайдалану, тек даму. Ата-анама, бауырларыма қамқор болу.
Ересектер арасындағы чемпионатқа қатысып, Олимпиада шыңын бағындыру,- дейді Әбдімансұр.
Осы орайда ақын Мұхтар Шахановтың:
«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға» деген өлең жолдары ойыма оралды.
Жас чемпионымыз Әбдімансұрмен сұхбаттасып отырып, оның өмірге деген көзқарасына, ұстанымына, ойын әдемі жеткізе білетін қасиетіне риза болдым. Әбдімансұрдың алға қойған үлкен арманы оны әрдайым биікке жетелей берсін! Дені сау, ғұмырлы, абыройлы азамат болсын! Лайым, осындай елге тірек болатын білімді, жігерлі, биік рухты азаматтарымыз көп болсын!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»