Basty bet
ҰЛЫ АҚЫНҒА АРНАЛҒАН ЖЫР ЖАРЫСЫ
«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы». Иә, дана, ойшыл ақын, өзінің парасатты да пайымды толғамдарымен парасат биігіне көтерілген Абай Құнанбайұлы осылай жырлайды. Абайдың бұл өлеңінде өлең сөздің қадір-қасиеті, жалпы жыр жазудың асқан жауапкершілікті талап ететіні туралы айтылған. Абай атамыз жыр жазып, арттағыға өнегелі сөз қалдыруымен қатар өмір бойына қазақ халқының болашағы туралы, адам өз бойындағы жағымсыз қасиеттерімен қалай күресу керектігін, адамзаттың өмірге келгендегі миссиясы жайында, Исламның шарттарын, имандылық тақырыбын асқан даналықпен толғап жазып, арттағыға аманаттап кеткені белгілі. Сондықтан Абайды бір қырынан ғана алып қарауға болмайды. Абайдың даналығы шексіз, қырлары да сан қилы. Жалпы Абайдың тереңіне бойлау кез келген адамның қолынан келе бермейді.
Ұлылардың ұлағатынан тағылым алу, олардың мерейтойын атап өту біздің еліміздің дәстүрінде бұрыннан бар. Осы ретте келер 2020 жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толмақ. Ұлы ақынға арналған мәдени-әдеби, елдік іс-шаралар биылғы жылдан бастап қолға алынып отыр.
Жақында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен аудандық «Достық» мәдениет үйінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, жас ақындардың шығармашылығын арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету мен өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – байқаудың басты мақсаты болып табылады.
Мүшәйраға облысымыздың Жамбыл, Шу, Сарысу, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас аудандары, Тараз қаласы мен Жуалы ауданынан барлығы 23 жас ақын қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші кезеңде «Абай – халқымыздың шамшырағы» тақырыбында ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арнап өлең оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өз туындыларын тарту етті.
Жыр әлеміне қанат қаққан жас талапкерлердің өнерін аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз, ақын Дәулетжан Байдалиев бастаған қазылар алқасы, дәлірек айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айжан Еркебаева, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов, талантты жас ақын, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық, сонымен бірге осы жолдардың авторы бағалады.
Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде талапкерлердің өлеңді таңдау талғамына, өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ұйқасына, ой тереңдігіне, көркемдік ерекшелігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, жатқа айту шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне де баса назар аударды. Ұлы ақынға арналған облыстық жыр мүшәйрасына қатысқан ақындар да аянып қалмады. Екі кезеңде де қатысушылар барын салып бақты.
Біраз уақытқа созылған жыр жарысының қорытындысы бойынша Талас ауданынан үмітін үкілеп келген жас ақын Жанерке Ширенбет І орынды жеңіп алса, Т.Рысқұлов ауданынан жас ақын Жәнібек Әміре мен Тараз қаласы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Асылхан Жаңабаев ІІ орынды, жамбылдық жас өрен Мерейхан Райымбаев пен аудан атынан қатысқан ақын Арман Әбуге ІІІ орын берілді. «Үздік ақын» номинациясы жуалылық жас ақын Мүнира Қаржаубаева мен Шу ауданынан ат терлетіп келген үміткер Жібек Теңізбаеваға берілді.
Байқау жеңімпаздары аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің атынан бағалы сыйлықтармен, сонымен бірге аудан әкімінің арнайы Дипломдары және Алғысхаттарымен марапатталды.
Мүшәйраға қатысқан жас ақындар шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта да осындай жыр жарыстары тұрақты өткізілуіне тілектестік білдіріп тарқасты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»