Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай қасиетті Әулиеата өңіріне қарасты барлық аудан және ауылдарда ашылып жатқан әлеуметтік нысандармен қоса, ауыл-аймаққа жанашыр жеке азаматтардың және ауыл тұрғындарының демеушілігімен атқарылып жатқан көпшілік игі істердің барлығы облыстың айтулы мерейтойына арналу үстінде. Бұл бір жағынан заңды да. Қосымша айта кететін болсақ, былтыр тұғырлы тұлғаларға алтын бесік болған қасиетті Жуалы ауданының құрылғанына мерейлі 95 жыл толуына орай қасиетті өңірге қарасты бірқатар ауылдарда көпшілікке үлгі-өнеге боларлық және өскелең жас ұрпақ өнегелі тағылым аларлық іс-шаралар көптеп өткізілгені белгілі.
Мұндай игі шаралардың ұйымдастырылуы жағынан алып қарағанда, ауданға қарасты Боралдай ауылдық округінде де түлектердің ұйытқы болуымен көптеген игі істер атқарылу үстінде. Атап айтқанда, былтыр қыркүйек айында Боралдай ауылдық округінен түлеп ұшып, бірақ бүгінде қызмет бабымен Алматы қаласында тұратын туған жер түлектері өзара ұйымдасып, көпшілік іс-шараға ұйытқы болса, осынау дәстүрлі шара биыл да өз жалғасын тауып, облыстың орталығы Тараз қаласында тұратын туған жер түлектері Боралдай ауылдық округінің Жетітөбе ауылдық округімен шекара тұсына округтің атауы жазылған жаңа стелла орнатып, көпшіліктің алғысына бөленген болатын.
Күні кеше ауылдық округтің орталығы саналатын Көлтоған ауылының кіреберісіне ауылдың атауы жазылып, ауданның логотипі бедерленген стелланың ашылуы болды. Аталған стелланың бой көтеруіне аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Сыбанбай Арынов бастаған ауылдың 1967 жылы туған азаматтары ұйытқы болғанын да айта кету керек.
Жаңа стелланың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев, Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Мақсатбек Байболов, ауылдық округтің қоғамдастық төрағасы Лесбай Көпжасаров, аудандық мәслихаттың депутаттары Сыбанбай Арынов, Ұлан Айхожаев, Қанат Наушабаев және түлектер қатысып сөз сөйледі.
Стелланың ашылу салтанатында алғаш болып сөз алған Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов ең алдымен Көлтоған ауылының құрылу тарихынан сыр шертіп, онымен қатар, бұрынырақта ауылдық округке қарасты Ертай және Рысбек батыр ауылдары «Коммунизм жолы» аталатын ұжымшарға бірігіп, осындағы еңбеккерлер ауылдық округтің дамуымен қатар, ауданның өркендеп, өсуіне елеулі еңбектерін сіңіргенін ерекше атап өтіп, жиналған көпшілікті жаңа стелланың ашылуымен құттықтап, ақ батасын берді.
Одан кейін де сөз алған азаматтардан – Р.Құниязов, З.Бүрлібаев, К.Бегалиев, С.Арынов және Қ.Наушабаев және Жуалы ауданы логотипінің авторы, аудандық мәслихаттың депутаты Ұлан Айхожаев игілікті іске ұйытқы болған азаматтардың барлығына алғыс білдіріп, ауданның логотипін ауылдың атауымен бірге бедерлеу ісін лайықты жалғастырған боралдайлық азаматтардың туған ауылдарына деген жанашырлығы мен іскерлігі өңірге қарасты өзге де ауылдық округтерге жарқын үлгі екенін ерекше атап өтті. Стелланың ашылуына жиналған ауыл азаматтары оған құтты болсын айтып, келіншектер тәттіден шашу шашты.
Қосымша айта кететін болсақ, жұмыс бабымен сырт өңірлерде қызмет етіп жүрген атпал азаматтардың бастамасымен осыдан бірер жыл бұрын Боралдай ауылдық округінде ауылды көркейту мақсатында «Көлтоған-Қамқор» қоры құрылған болатын. Аталған қордың есебінен Көлтоған ауылының кіреберісіне шырша, арша және қарағай ағаштарының көшеттері отырғызылып, саябақтар жөнделу үстінде. Одан бөлек, ауылдағы тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға да жан-жақты көмек көрсетілуде.
Ауылдан шыққан азаматтар кіреберіске заманауи жаңа арка орнатып берсе, биыл ауылдың орталығында балаларға арнап ойын алаңшасы салыну үстінде. Бұйыртса, келер жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ҰОС, тыл және еңбек ардагерлеріне, одан бөлек, ауылдағы Батыр аналарға және көп бала тәрбиелеп «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларын иеленген ардақты аналарға ескерткіш-тақта орнатылмақ. Бұл – ауыл азаматтарының ақылдасып әрі өзара қаржы шығарысып қолға алып жатқан игі істердің бір парасы ғана. Туған ауылды «қасиетті қара шаңырағым» деп қадірлей білетін жанашыр азаматтардың жарқын істері алда да өз жалғасын таба бермек…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»