Qoǵam
Есірткісіз болашақ үшін
№8 Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектепте «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті. Шараны Боралдай ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы Ұлан Пірәлі оқушылар арасында ұйымдастырды.
Олар «Дөңгелек үстел» өткізуде негізінен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға шақыру, саламатты өмір салтын ұстануды кеңінен түсіндіруді мақсат еткен екен.
Шараны ауылдық округтің жастар ісі нұсқаушысы Ұлан Пірәлі ашып, сөз кезегін №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің мұғалімі Ботагөз Әліпбаеваға берді. Ол балаларға зиянды әдеттер жайлы айта келе, тағылымды сабақ жүргізді.
– Нашақорлық – ғасыр дерті, оны қолданған адамның өмірі қысқа әрі мәнсіз өтеді. Оған әуес, тәуелді болған адам өзіне барлық зиян әрекеттерді жинап жүреді. Оның көптеген түрлері болады, мысалы біреулер оны темекі ретінде пайдаланса, енді біреулер дәрі түрінде қолданып жатады. Оны қолданған адамдар оған бір-ақ күнде тәуелді болып қалып, өмір сүру уақыты өте тез қысқарады. Оның адам өміріне зардабы көп. Ең біріншіден, өмір жасы қысқарады, екіншіден, айналасындағы адамдарға кесірін тигізеді. Және адами жағынан келгенде өз ортасында сыйы кетеді, жүрген жерінде береке болмайды, көптеген жақын адамдарынан айырылып жатады,- деді Ботагөз Әліпбаева.
Шарада мектеп оқушылары нашақорлық жайлы өз ойларын, пікірлерін парақ бетіне түсіріп, нашаның қаншалықты зиян екенін айтып пікір алмасты. Сонымен қатар жастар шара барысында нашарқорлыққа әуестену өмірлеріне қаншалықты кері әсерін тигізетінін түсінді. Осы ретте, балалар «дөңгелек үстелде» нашақорлыққа, есірткіге қарсы екендерін, өздерінің денсаулығына, өміріне қауіп тудыратын әдеттерден бойын аулақ ұстайтындарын жеткізді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»