Basty bet

Жемқорлықсыз парасатты қоғам үшін

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмысын өмірлік маңызды салалардағы тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтарға қолайлы орта құру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жүргізіп келеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бір орынға шоғырландыру арқылы олардың мерзімдерін едәуір қысқарту, сондай-ақ, тұрғындардың уақытын үнемдеу, сергелдеңге салдырмау мақсатында өңірлерде «Сервистік әкімдіктер», мемлекеттік органдардың фронт офистері ашылып, мекемелердің бірінші басшылары «Open space» пішіміндегі кеңселерге көшуде.

Мемлекеттік органдардың қоғам алдында барынша ашықтығын көрсету және азаматтармен кері байланыс орнату мақсатында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысындағы департаменті мен «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бірлесіп, жалпыреспубликалық «Халықтық заңгер» акциясы барысында облыстың бірқатар аудандарында жергілікті мемлекеттік атқару органдары басшыларымен, сала мамандарының қатысуымен тұрғындарды қабылдады. Департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев пен жобалық кеңсе менеджерлері таяуда Жуалы ауданында да болып, қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға келген Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Сара Бикенова аудан орталығының Жамбыл көшесінің жоғары жағына және Қайрат ауылының Абай көшесіне қоғамдық көліктің қатынамайтынын, соның салдарынан ауылдың астыңғы бөлігінде орналасқан жұмыс орнына жаяу баруға тура келетінін айтып, осы мәселенің шешілуіне ықпал етуін сұранды. Равиль Қуанышбайұлы өтінішті мұқият тыңдап алып, аудан әкімі Нарбай Ергебековтен оны шешудің жолдарын қарастыруды ұсынды. Нарбай Әбілқасымұлы аталған көшелерді қоғамдық көлікпен қамту мәселесінің таяу арада шешілетінін жеткізді. М.Иманәлиев жаңадан соғылған сегіз үйге газ құбырын тарта алмай отырғанын айтты. Департамент басшысы бұл мәселеге сол арада қозғау салып, аудан әкімі бұл мәселені де қарастырып, аталған аймаққа жақын арада газ құбырын жүргізуді қолға алатынын айтты.
Әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекет және бизнес қоғамдастық тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аясы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Соның нәтижесінде биылдың өзінде ауданда бес көпбалалы отбасы пәтерлерге қол жеткізді. Міне, аудан орталығында ұзақ жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған тағы да екі көпбалалы отбасына жақында мемлекеттік бюджет есебінен баспаналы болу бақыты бұйырды. Департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Қуанышбайұлы, аудан басшылары осы екі отбасына пәтер кілтін табыстау шарасына арнайы келіп қатысып, пәтерлі болған отбасыларға бақыт, сәттілік тіледі.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев келесі кезекте аудан орталығындағы № 1 мектеп-гимназияның «Адал ұрпақ» клубы мүшелерімен жүздесіп, олармен адалдық, арлылық, ақылдылық һәм парасаттылық жайлы келелі әңгіме өрбітті. Басқосуда «Адал ұрпақ» жобасы аясында департамент мамандары атқарып жатқан игі істер насихатталды. Равиль Қуанышбайұлы оқушылардың бойында тазалық, мейірімділік сияқты қасиеттер болғанда ғана, олардың парасатты тұлға болып қалыптасатынын айта келе, көптеген сауалдарға жауап берді.
Департамент пен жобалық кеңсе қызметкерлері аудандық орталық ауруханада да қабылдау өткізіп, тұрғындардың медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасына қатысты өтініш-тілектерін тыңдады.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, кәсіпкерлік саласында, шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдіктерді беруде кездесетін келеңсіздіктер туралы әңгімелеп, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.
«Халықтық заңгер» акциясы Көкбастау және Нұрлыкент ауылдық округтерінде түйінделіп, департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев пен «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері аталған ауылдық округтер әкімдіктерінің ғимаратынан «Сервистік әкімдіктің» ашылуы салтанатына қатысты. Еске сала кетсек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасымен тұрғындардың уақытын үнемдеу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, қызметтерді алушыларға жайлы жағдай жасау, ашықтық пен жариялылықты, мамандардың кедергісіз қызмет көрсету мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатын көздеп ашылған «сервистік әкімдік» бұған дейін ауданның бірқатар ауылдық округтерінде ашылған-ды. Енді аталған округтер тұрғындары ауыл шаруашылығы, қаржы, әскери есеп үстелі және т.б салалардағы қызмет түрлерін бір жерден алу мүмкіндігіне ие болды.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close