Қазақ нанды астың атасы деп біледі. Дәмнің үлкеніне балап, оны аяқ асты етпеуге тырысады. Ал нан тағамдарының ішінде бауырсақтың орны ерекше. Қазақтың ұлттық тағам түрлерін атағанда да ең алдымен бауырсақты атаймыз. Бауырсақсыз қазақы дастарқанның сәні жоқ.
Осы ретте «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай №16 Жуалы колледжінің аспаз мамандығының өндірістік оқыту шебері Раушан Баймұханбетованың ұйымдастыруымен «Бауырсақ Party» фестивалі өтті. Фестивалға «Аспаз» мамандығының бірінші курс білімгерлері мен аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық дәстүр мен қонақжайлықты дәріптеу. Білімгерлерді өз мамандығына баулу және дәмі мен мәні зор мамандықтың қыр-сырын үйрету.
Шара барысында «Аспаз» мамандығының А-16 тобының бірінші курс білімгерлері бауырсақтың түр-түрін әзірлеп, қонақтар ыстық бауырсақтан ауыз тиді. Кереметі сол, атаулы шарада бауырсақтың әрқайсысы ерекше дәмімен таңғалдырды. Онда ши бауырсақ, кітірлек (хворост), «Найман» және «Батыс» бауырсағы, онымен қоса, таба нан, тандыр, киіз үй, күн, сәукеле наны мен «Бәйтерек» шелпегі және нан ассортиі ұсынылды.
Осылайша, қазақ халқының ұлттық брендіне айналған – бауырсақ дәмін дәріптеу фестивалі өз деңгейінде аталып өтті.
Раушан БАЙМҰХАНБЕТОВА,
№16 Жуалы колледжінің
аспаз мамандығының өндірістік оқыту шебері