Basty bet
Балалардың жазғы демалысы тиімді ұйымдастырылады
Жазғы демалыс кезеңінде Жамбыл облысы бойынша балалардың сауықтырылуын, бос уақытын тиімді ұйымдастыруды және қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар еткім келеді.
Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта облыс көлемінде құқық қорғау, төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және полиция департаментімен бірлескен 2024-2026 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілген. Сонымен қатар, жазғы сауықтыру науқанын үйлестіру үшін ведомствоаралық облыстық жұмыс штабы құрылды.
Ағымдағы жылы облыс көлемінде 1-ден 10-сыныпқа дейінгі 217 757 оқушының 193 067-сін, яғни 88,6 пайызын жазғы сауықтыру және түрлі демалыс шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатта қала сыртындағы лагерьлерге 7 669 бала, мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьлерге 33 607 бала, мектептің демалыс алаңдарына 147 271 бала, киіз үй мен шатырлы лагерьлерге 3 505 бала, республикалық лагерьлерге 315 бала және ата-аналар мен кәсіподақ ұйымдары есебінен 700 бала қамтылмақ.
Облыстағы 12 қала сыртындағы сауықтыру лагерінің 7-еуі балаларды қабылдау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Аталған 7 лагерьдің бірі – жыл бойы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы, ал қалған алтауы – маусымдық лагерьлер. Олар – мемлекеттік «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» және жекеменшік «Болашақ», «Берікқара» мен «Тау самалы» лагерьлері. Биыл бұл лагерьлерде көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 7 669 бала сауықтырылады.
Аталған лагерьлердің ішінде «Болашақ» лагері 1 маусымда, «Мөлдір бұлақ» және «Тау самалы» лагерьлері 2-3 маусым аралығында, қалған «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» және «Берікқара» лагерьлері 9 маусымда балаларды қабылдауға дайын отыр.
Сонымен қоса, облыстағы 407 мектеп жанындағы лагерьлер 2 маусымнан бастап өз жұмыстарын бастамақ. Бұл лагерлерде әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан 33 607 бала қамтылатын болады.
2024 жылы оқу озаттары мен түрлі жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 793 бала «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Бұған қоса, 5-9 сынып аралығындағы республикалық және облыстық байқаулар мен жарыстардың 295 жеңімпазы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына, ал көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 20 бала Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығына барады. Ал жергілікті жерлердегі тарихи-мәдени орындарға 21 мыңнан астам баланың экскурсиямен қамтылуы жоспарланып отыр.
Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назардағы мәселе. Осы мақсатта «2025 жылғы суға шомылу кезеңінде қауіпсіздік шаралары туралы» ведомствоаралық жоспар бекітіліп, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Лагерьлерде балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар департаментінің тарапынан инструкторлар арнайы курстардан өткізілді. Одан бөлек, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары лагерь басшылары мен медицина қызметкерлеріне арналған семинар-кеңестер ұйымдастырған болатын.
Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан дайындалған әдістемелік ұсынымдар мен жұмыс барысында пайдалануға арналған қадамдық алгоритмдер барлық білім беру мекемелеріне таратылды.
Жазғы каникул кезеңінде балалардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету үшін мектептерде әр сынып бойынша ата-аналар жиналысы өткізіліп, ата-аналар чатына «Балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша ата-аналарға арналған жадынама», «Өрт қауіпсіздігінің алдын алу», «Жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері» мен «Жолда жүру ережелері» және басқа да ескертпелерден құралған ақпараттық материалдар таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ведомствоаралық комиссияның қатаң бақылауына алынған.
Осы ретте, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген және жоспарланған шараларға тоқталғанды жөн көріп отырмын.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында 22 мамыр мен 1 маусым аралығында барлық білім беру ұйымында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Әрбір күн бала тәрбиесі мен құқығын қорғауға арналған мазмұнды тақырыптармен өтуде. Мәселен, 22 мамыр күні «Әкем – тірегім, анам – жүрегім!» тақырыбымен түрлі сайыстар, интерактивті сабақтар, көрмелер мен шығармашылық жәрмеңкелер өтті. 23 мамырда «Полиция – балалардың қорғаны!» күні аясында мектепаралық турнирлер, кинологтармен кездесулер, ішкі істер органдары ардагерлерін тарта отырып кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілді. 26 мамырда «Балалардың сенімді дәрігері» күні медицина қызметкерлерімен дәрістер мен танымал спортшылардың қатысуымен таңертеңгілік жаттығулар ұйымдастырылды. 27 мамырда «Балалар үні» күні аясында дөңгелек үстелдер, кітапханаларда ашық есік күндері, сондай-ақ «Министрге хат» акциясы аясында балалардың елдің бас ұстазына жазған үздік 10 хаты іріктеліп, жолданды. 28 мамыр күні «Кибер Тұмар» атты ата-аналарға арналған ағартушылық акциялар және 29 мамырда «Бала қауіпсіздігі – басты орында» күніне орай қауіпсіздік шараларына арналған спорттық эстафеталар, экскурсиялар мен оқу-жаттығу сабақтары ұйымдастырылды.
Ал Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай облыстың барлық білім беру ұйымында «Балдәурен балалық шақ!» және «Барлығы балалар үшін!» атты мерекелік іс-шаралар, шығармашылық көрмелер мен спорттық жарыстар өтті. Мектепке дейінгі ұйымдарда «Ертегілер еліне саяхат», «Балалық шақтың бал күні» мерекелік шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, облыс әкімінің қатысуымен «Зербұлақ» демалыс орнында 60 балаға арналған «Бақытты бала – бақытты ел» атты салтанатты іс-шара өткізілді.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – тек білім беру жүйесінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жоғарыда айтып өткенімдей, облыста балалардың демалысын тиімді өткізу, олардың денсаулығын нығайту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл жұмыстар – облыстық әкімдіктің үйлестіруімен, білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, құқық қорғау және басқа да мүдделі мекемелердің бірлескен іс-қимылының нәтижесінде жүзеге асырылу үстінде.
Жаз мезгілі – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, танымдық көкжиегін кеңейтуге, спортпен шұғылдануға және жаңа достар табуға мүмкіндік беретін ерекше кезең. Сондықтан осы кезеңде оларға жайлы, қауіпсіз әрі қызықты орта қалыптастыру – басты міндетімізге жатады.
Балалардың қауіпсіздігі мен амандығы ең алдымен ата-аналардың тікелей назарында болуы тиіс. Жазғы демалыс кезінде баланың қайда жүргенін бақылау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздік ережелерін үйрету – әрбір ата-ананың маңызды міндеті. Отбасы – баланың алғашқы тәрбие ошағы екенін ескере отырып, ата-аналар да өз тараптарынан жауапкершілікті терең сезінуі қажет.
Болашақ ұрпақтың дені сау, білімді әрі бақытты болып қалыптасуы үшін барлық тиісті шаралар жүйелі түрде атқарыла береді. Біз әр баланың балалық шағы жарқын, ал демалысы мазмұнды әрі қауіпсіз өтуі үшін бірлесе жұмыс жасаймыз.
Нурбек ОРШУБЕКОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы