Basty bet

Жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді

Жастар мен оқушылардың жазғы демалысы сапалы ұйымдастырылуы тиіс!
Апта басында аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудандық әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі ұйымдастырылып, онда өңір дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді. Нақтылап айтқанда, аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде бірінші мәселе – жазғы демалыс кезінде аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану және мектеп оқушыларының жаз мезгіліндегі демалысын сапалы ұйымдастыру шаралары туралы мәселе, екінші кезектегі мәселе – аудан аумағында ұлттық ауыл шаруашылығы санағына қатысты жұмыстарды жүргізу барысы туралы, жиында сонымен қатар, басқа да ағымдағы мәселелер қаралды.
Аппарат кеңесінің күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Нұртілеу Төрен атқарылып жатқан нақты жұмыстар туралы ауқымды баяндама жасады.
–Құрметті Жалғас Әлижанұлы!
Құрметті кеңес отырысына қатысушылар!
Аудан көлемінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жастар саясаты туралы Заңын жүзеге асыру өз деңгейінде жүргізілуде. Заңның басты мақсаты – жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру болып табылады.
Жалпы ауданда статистика көрсеткіштері бойынша 2025 жылы тұрғындар саны – 54 193 адамды құраса, оның ішінде, жастар – 18 283 адамды құрайды. Жалпы халықтың 33,7 %. Олардың 9 857-і (53,9%) ерлер, ал 8 426-сы (46,1%) әйелдер.
2025 жылы индикаторлық көрсеткіштерге сәйкес, 120 жас «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмысқа тарту жоспарланған. 2025 жылдың 14 сәуірінен бастап Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде «Жасыл ел» бағдарламасы негізінде көктемгі көгеріштендіру, көгалдандыру, жұмыстарын жүргізу үшін жеке өтініштері және «Мансап» орталығының жолдамасымен білімгерлер, NEET санатындағы жастар және уақытша жұмыссыз жүрген 36 жас 1 (бір) айлық маусымдық жұмысқа өз жұмысын бастап, 14 мамыр жұмысын аяқтады. ІІІ тоқсан жазғы демалыс айларында демалысқа шыққан студенттер мен ауылда жұмыссыз жүрген жастар және NEET санатындағы жастарды «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 45 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Білімгерлердің оқу жылы аяқталып диплом алуларына байланысты, диплом алған жастарды жұмысқа тарту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі әр ай сайын өткізіледі. Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар: «Жастар тәжірибесі», «Бизнес бастау», «Алғашқы жұмыс орны» және т.б. жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін бағдарламаларды кеңінен түсіндіру, дипломы бар бос жүрген жастардың жұмысқа орналасуына жан-жақты мүмкіндік жасау.
Жазғы демалыс уақытында жастардың уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру, дарынды жастардың дамуына ықпал жасау мақсатында мәдени шығармашылық бағыты бойынша орталық саябақта 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Бақытты балалық шақ» атты аудан жастары арасында сурет салу байқауы өткізілді. Қамтылған жастар саны – 60 адамды құрайды. Одан бөлек, алдағы уақытта Б.Момышұлы ауылы және өңірге қарасты ауылдық округтерде «Менің сүйікті Астанам!» атты жастар арасында сурет салу байқауын, Б.Момышұлы ауылындағы орталық саябақта «Сағындырған әндер-ай!» атты ретро стильінде жас мамандар арасында аудандық байқау өткізу, орталық саябақта «Кел, шырқайық!» атты караоке кешін, сондай-ақ, спорттық бағыт бойынша ауылдардағы спорт алаңшасында және ауылдық округтерде 21 іс-шара өткізу жоспарлануда. Мұның мақсаты – жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға, спортты насихаттай отырып жастарды саламатты өмір салтын сақтауға баулу. Жастарды қазірден бастап спортты патриотизм деп түсініп, үлкен спортшылар сияқты ел намысын абыроймен қорғауға септігін тигізу,- деп атап өтті баяндамашы.
Н.Төрен өз баяндамасында өңір жастары арасында ауылдық округтерде жүгіруден марафон ұйымдастыру, жас отбасылар арасында «Толағай» отбасылық сайысын өткізу, сонымен қатар, рухани жаңғыру бағыты бойынша ауылдық округтерде барлығы 11 іс- шара, Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай жас домбырашылардың қатысуымен жастар акциясын өткізу, одан бөлек, қазақтың ұлы ойшылы, бас ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай оқулары» байқауын, сонымен қатар, жастардың кәсіби шеберлігін қолдау, оларды жұмысшы мамандықтарға тарту, кәсіптік бағдарды дамыту мақсатында №16 Жуалы колледжінде «Профи-2025» байқауы сияқты бірқатар маңызды іс-шараларды өткізу жоспарда бар екенін жеткізді.
Аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының у.м.а. Нұртілеу Төрен жастардың жазғы демалысында балалардың өмірі мен денсаулығы, олардың судағы қауіпсіздігі, жолда жүру ережелерінің сақталуы, сондай-ақ, жастардың өртке қарсы қауіпсіздігін сақтау шаралары қамтамасыз етіліп, жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілетінін де атап өтті.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза аппарат кеңесінің күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселеге байланысты өз ойын білдірді.
–Аудан тұрғындарының 33,7 пайызын жастар құрайды десек, бұл үлкен көрсеткіш. Сол үшін өңір жастарының әлеуметтік мәселесіне, олардың жұмыспен қамтылуы, мемлекеттік бағдарламаларға тұрақты қатысуы, т.б. мәселелерге немқұрайды қарауға болмайды. Бұлардың барлығы жастардың дұрыс әлеуметтенуіне жол ашады. Жастармен жұмыс жүргізу барысында олардың тек елеулі ғана бөлігіне көңіл бөлмей, барлық санатты түгелдей дерлік қамтуды тапсырамын. Бұл – маңызды міндет. Әсіресе, жаз мезгілінде «Жасыл ел» бағдарламасына қатысатын жастардың, оның ішінде, білімгер жастардың тізімін дұрыс қалыптастырудың маңызы өте зор. Одан бөлек, жыл басында аудандық әкімдікпен бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің уақтылы әрі сапалы орындалуына баса көңіл бөлген жөн. Аудандық Жастар ресурстық орталығына осындай маңызды әрі межелі міндеттерді жүзеге асыруды тапсырамын,- деді Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде.
Жиынның күн тәртібінде қаралған бірінші мәселеге байланысты Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева қосымша баяндама жасап, ол мектеп оқушыларының жаз мезгілінде демалысын ұйымдастыру шаралары туралы айтып берді.
Бөлім басшысының баяндамасында мәлім болғандай, аудандағы барлық білім беру ұйымында ағымдағы жылдың 2 маусымында мектеп жанындағы сауықтыру лагерьлерінің жұмысы бастау алғаны белгілі. Жазғы каникул кезінде оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандағы барлығы 39 білім мекемесінде мектеп жанындағы жазғы лагерьлер І және ІІ кезең бойынша өз жұмыстарын атқаруда. Мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде ең бірінші кезекте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларының демалуы және сауықтырылуы тұрақты қамтамасыз етіледі.
–Мектеп жанындағы лагерьлерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін балалардың жалпы саны – 2 177 адамды құрайды. І кезеңде 1 772 оқушы ыстық тамақпен қамтылса, ал ІІ кезеңде 405 оқушы қамтылады. Білім беру ұйымдарындағы мектеп жанындағы лагерьлерде ыстық тамақпен қамтылатын оқушылардан бөлек, тамақтандырусыз тұрғыдан оқушылар әртүрлі үйірмелерге, «Еңбек», «Көгалдандыру» бригадасына, ал 10 сыныптың оқушылары «Өндірістік» бригадаға тартылуда. Оқушы санына қарай топтар құрылып, барлық топтар мен бригада жетекшілеріне жауапты тұлғалар бекітіліп, жоспар құрылды. Күнделікті жоспарға сәйкес, білім мекемелерінде оқушылардың қызығушылығын оятатын әртүрлі іс-шаралар жүргізіледі. Лагерьдің күн тәртібі жасалып, үйірме сабақтарының кестесі бекітіліп, әр топқа ілініп, оқушыларға таныстырылады. Бекітілген күн тәртібімен «Футбол», «Ұлттық ойын», «Дойбы», «Ағылшын», «Қол өнер», «Бояулар әлемі», «Экология», «Өлкетану», «Оқуға құштар мектеп», «Әнші болғым келеді», «Қызықты информатика» үйірмелерінің сабақтары өткізілуде.
Лагерь ұйымдастырушылары лагерь демалушыларына әр күнді қызықты өткізу мақсатында тиімді қызықты іс-шаралар ұйымдастырылады. Білім беру ұйымдарындағы өткізіліп жатқан мектеп жанындағы лагерьлердің күнделікті жүргізілуі әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жариялануда.
Мектеп оқушылары мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінен бөлек, қала сыртындағы жазғы лагерьлермен де қамтылады. Биыл әлеуметтік осал санатындағы отбасылардан шыққан 325 бала Алматы облысының Қарғалы ауылындағы «ТауLand» орталығында сауықтырылады.
Сондай-ақ, биыл білім беру ұйымдарының көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан белсенді және үздік 55 оқушы «Қазақстан халқына» қоры қаражатының есебінен сауықтырылады. Олар Билікөл аймағында орналасқан «Тау самалы» лагерінде демалады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, мектептен тыс білім беру ұйымдары оқушылардың жазғы демалысы кезінде қызмет саласын кеңейтіп, аудан орталығында жазғы уақытта орталық саябақ, кітапханалар мен қосымша үйірмелер өз жұмысын жалғастырып, білім бөліміне қарасты қосымша білім беру мекемелерінде де жаз бойы үйірме жұмыстарды жалғасады. Атап айтқанда, №1 Балалар өнер мектебі және «Аула клубы» мекемесі орталық саябақта оқушылармен күнделікті сабақ өткізуде. Жалпы қосымша білім беру мекемелерінде маусым айында – 240 бала, 53 педагог, шілде айында – 125 бала, 17 педагог, тамыз айында – 160 бала, 38 педагог әртүрлі бағытта үйірме жұмыстарын жүргізеді,- деді Б.Шертаева.

Тақырыпша: Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді
Аппарат кеңесінің күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудан аумағында ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жұмыстарының барысы туралы аудандық статистика басқармасының басшысы Бақытжан Сыпатаев баяндады.
–Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі тапсырмасына және Үкіметтің 29 желтоқсандағы 2023 жылғы №1248 қаулысына сәйкес, 2025 жылы 1 тамыздан 20 қазанға дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылданды.
Жамбыл облысы әкімінің 2024 жылғы 13 ақпандағы №18-өкімімен «2025 жылы Жамбыл облысында ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындалу және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселерді шешу, іс-шаралар жоспарын бекіту жөніндегі арнайы комиссия» құрылды. Жуалы ауданы әкімінің 2024 жылғы 19 наурыздағы №70 қаулысымен «2025 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық ауыл шаруашылығы санағын сапалы әрі уақытылы өткізуге жәрдемдесу жөніндегі Жуалы аудандық комиссия құрамын және іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» комиссия құрылды.
Бұл бағытта ауыл шаруашылығы санағын өткізу мерзімдері және деректерді жинау әдістері айқындалды: Оның ішінде, нақтылайтын болсам, 2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жер учаскесінің жалпы ауданын нақтылау; 2025 жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша жеке қосалқы шаруашылықтары өз жерлерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналыса ма, соны анықтау; 2025 жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын нақтылау; 2025 жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының барын анықтау.
Санақ екі кезеңнен тұрады: Бірінше кезең 1 тамыздан 31 тамызға дейін – (ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, жеке кәсіпкерлер, жеке қосалқы шаруашылықтар) sanag.gov.kz онлайн сауалнама арқылы өтеді. Екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін ауыл шаруашылығы санағының негізгі кезеңі, интервьюерлер планшетпен сауалнама жүргізу арқылы өткізеді – (2-кезең). (жеке қосалқы шаруашылықтарды жаппай елді мекендер бойынша аралау онлайн арқылы өтпеген шаруа, фермер-қожалықтарымен жеке кәсіпкерлерді аралау).
2025 жылы ауыл шаруашылығы санағын өткізу үшін 6 инструктор 2 маусымнан бастап жұмысқа қабылданып, жұмыстарын атқарып жатса, алдағы негізгі кезеңде қосымша 25 интервьюер жұмысқа қабылданатын болады.
Қазіргі таңда әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесі мен шекараларын, аншлагтарға сәйкес, көше атауларын, көше типтерін, үйлердің нөмірленуін нақтылауды өзектендіру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне Мекен-жайдың тіркеу кодтарын енгізу, былайша айтқанда, барлық үйлерге, пәтерлерге, жер учаскелеріне тіркеу кодтарын беру, әсіресе құрылыстар жүргізіліп жатқан, тіркеу кодтары берілмеген учаскелерде тұратын халықпен жұмыс жасау, елді мекендер атауының Әкімшілік аумақтық обьектілердің жіктеуші (КАТО) және «Мекенжай тіркелімі» АЖ-де сәйкестігін растау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауылдық округ әкімдерімен бизнес тіркелімді өзектендіру үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерінің атап айтқанда заңды тұлғалар, шаруа-фермер қожалықтары, жеке кәсіпкерлердің байланыс деректерін қолданыстағы ұялы және стационар телефон нөмірлерін, электрондық почталарын нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды бүгінгі күнге ауданға қарасты Шақпақ, Қарасаз, Нұрлыкент және Күреңбел округтері өз деңгейінде жүргізсе, Қошқарата және Көкбастау ауылдық округтерінде жұмыс жүрмей отыр,- деп атап өтті басқарма басшысы.
Қосымша айта кететін болсақ, 2025 жылдың 1 тамызына дейін ауыл шаруашылығы санағының негізгі кезеңінде респонденттердің онлайн режимде сауалнамадан өтуі үшін өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын ұйымдастырылуда. Санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаңғыбас жануарларды аулау бойынша қосымша шаралар қабылдануда. Жуалы аудандық полиция бөлімінен санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі (1-30 маусым, 20 қыркүйек-20 қазан аралығында) аудандағы елді мекендер бойынша учаскелік инспекторлардың тізімі ұсынылды.
Айта кететін тағы бір маңызды мәселе бар. 2025 жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде кенттер, ауылдар және ауылдық округтар әкімдіктеріне МО БКО арқылы Бюроның ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге байланысты шараларды орындау мақсатында ARM.SANAQ.GOV.KZ сілтемесі жолданған. Аталған жүйеге бүгінгі күнге интернет жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты – Жетітөбе, Күреңбел және Қошқарата ауылдық округтері қосыла алмай отыр.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы мәселеге байланысты аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев баяндама жасап, алдын ала атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты қосымша аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп, тиісті бөлім басшылары мен мекеме басшылары шұғыл орындауға және жедел қолға алуға тиіс бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды.
Аппарат кеңесін қорытқан аудан әкімі Жалғас Мұртаза, күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты жиын қорытындысымен жауаптыларға нақты міндет жүктеді. Айта кету керек, кеңесте 2025 жылдың ІІ жартыжылдығына мерзімді басылымдарға жазылымның, оның ішінде, аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне жазылымның жайы қаралып, ауыл әкімдері мен бөлімдерге берілген жоспардың нақты орындалуы қатаң ескертілді!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close