Basty bet

Адал еңбекпен абыройға бөленген ана

Қай қоғамда болсын елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын, берекелі тірліктің ұйытқысы болатын еңбек адамдарының орны ерекше. Осындай қарапайым еңбегімен көпшілік құрметіне бөленіп жүрген жандардың бірі – Нұрлыкент ауылының тұрғыны Роза Құршыбаева.
Роза Қалбайқызы 1979 жылы Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласына қарасты Пскент ауданында дүниеге келген. Балалық шағы еңбек пен тәрбие қатар өрілген ауылдық ортада өтті. Ол жастайынан үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды бойына сіңіріп өсті. Білімге құштар болып, ауылдағы М.Фрунзе атындағы орта мектепте білім алып, оны ойдағыдай аяқтайды.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің салмақты мінезімен, еңбекқорлығымен ерекшеленген Роза Қалбайқызы өмірлік серігін де туған ауылынан жолықтырды. Сол жылы ауыл азаматы Орынбай Құршыбаевпен шаңырақ көтеріп, отбасы өміріне қадам басты. Жас отбасы өмірдің сан қилы белестерінен бірге өтіп, бір-біріне сүйеу болып, ынтымақ пен сыйластықты ту етіп келеді.
Әрбір ананың өміріндегі ең үлкен жетістігі – тәрбиелі ұрпақ өсіру. Роза Қалбайқызы да отбасының берекесін кіргізіп, бала тәрбиесіне ерекше мән беріп келеді. Ол үшін отбасы – ең басты құндылық.
Бүгінгі кейіпкеріміз жұбайымен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының иелері. Қазіргі таңда балалары ер жетіп, өз алдарына шаңырақ көтеріп, өмірден өз орындарын тапқан. Күнделікті тіршіліктің ауыртпалығына қарамастан, шаңырақтың жылуын сақтап, ұрпағына ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді дарытуды басты міндет санайды.
2011 жылы Роза Қалбайқызы отбасымен бірге тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударып, атажұрттың топырағына табан тіреді. Бұл – олардың өміріндегі маңызды әрі жауапты кезеңдердің бірі болды. Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосу мақсатында жаңа ортаға тез бейімделіп, еңбек пен ізденісті серік етті.
Нұрлыкент ауылына қоныстанғаннан кейін де Роза Құршыбаева ауыл өміріне белсене араласып, елмен етене араласа білді. Қарапайымдылығы, ашық мінезі мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында ауыл тұрғындарының арасында сыйлы жанға айналды. Ол қандай ортада болсын сабырлылығымен, кішіпейілділігімен ерекшеленіп, айналасына өнеге көрсетіп келеді.
Еңбек адамының басты қасиеті – төзімділік пен жауапкершілік. Роза Қалбайқызының өмір жолына көз жүгіртсек, осы қасиеттердің барлығы айқын көрінеді. Ол отбасылық құндылықтарды жоғары қойып қана қоймай, қоғамдағы өз орнын адал еңбекпен қалыптастырған жан. Оның өмірлік ұстанымы – маңдай термен еңбек ету, отбасының берекесін сақтау және туған елдің дамуына өз үлесін қосу.
Роза Қалбайқызының еңбегі тек қызметімен шектелмейді. Ол ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуді азаматтық парызы деп санайды. Көктем шығып, жер бусана бастаған шақтан бастап егін егіп, диқаншылықпен айналысады. Жерден өнім алып, отбасының ырысын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарына да қызмет көрсетіп келеді. Қарапайым еңбектің қадірін жақсы білетін жан үшін жермен жұмыс істеу – тіршіліктің берекесі мен несібесінің қайнар көзі.
– Атажұртқа қоныс аударып келгеннен бері отбасымызбен егін шаруашылығымен айналысып келеміз. Ерте көктемнен бастап жерді дайындап, жылыжайға көшет егеміз. Мамыр айынан бастап қырыққабат, қызанақ және болгар бұрышының көшеттерін аудан мен ауыл тұрғындарына сатамыз. Барлық көшет сатылып болған соң, жылыжайға қияр егеміз.
Сонымен қатар, отбасымызбен бір гектар жерге қырыққабаттың «Бухарест» сортын өсіреміз. Егінді баптау мен өнім жинау жұмыстарын өз күшімізбен атқарамыз. Жаз бойы тынымсыз еңбек етіп, мол өнім алуға күш саламыз. Бұдан бөлек, тұрғындардың тапсырысы бойынша үй жағдайында түрлі көкөністерден қысқы азық дайындап, банкі жабумен де айналысамын, – дейді кейіпкеріміз.
Еңбекқор отбасының негізгі мақсаты – адал еңбектің арқасында берекелі кәсіп жүргізіп, ауыл тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз ету. Олар ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосып, табанды еңбектің үлгісін көрсетіп келеді.
Бүгінде Роза Қалбайқызы Нұрлыкент ауылдық округінде қоғамдық жұмысшы болып еңбек етеді. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, ауылдың көркеюіне, тазалығы мен қоғамдық жұмыстардың сапалы орындалуына өз үлесін қосып келеді. Әріптестері мен ауыл тұрғындары оның еңбекқорлығын, тапсырылған іске ұқыптылықпен қарайтын қасиетін ерекше бағалайды.
– Ауылда қоғамдық жұмысшы болып еңбек етіп жүргеніме бес жылға жуық уақыт болды. Жұмысымыз таңғы сағат 09:00-де басталып, кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Қазіргі таңда ауылымызда 14 қоғамдық жұмысшы әйел еңбек етуде. Өз жұмысымды жақсы көремін. Біз ауылдың тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қосып келеміз деп сеніммен айта аламын, – дейді қоғамдық жұмысшы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қоғамдық жұмыс ауылдың санитарлық тазалығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Күн сайын көше бойларын, қоғамдық орындарды тазалап, елді мекеннің көрікті әрі таза болуына атсалысып келеді. Еңбек адамының бұл қызметі тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Роза Құршыбаева – ауыл тұрғындарының құрметіне бөленген ардақты ана, еңбекқор жан. Ол саналы ғұмырын отбасы тәрбиесіне, адал еңбекке арнап келеді. Өмір жолы еңбекқорлық пен жауапкершіліктің үлгісі болып табылады.
Осындай еңбек адамдарының өнегелі өмірін насихаттау жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің маңызды бағыты саналады.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close