Basty bet

АУЫЛ-CLUB» ОБЛЫСТЫҚ ART- ТИМБИЛДИНГІ

шығармашыл жандардың басын қосқан қызықты алаң болды

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығы мен Талас аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен Майтөбе ауылының баурайында ерекше форматта «АУЫЛ-CLUB» облыстық ART- тимбилдингі өтті.

Іс-шараның мақсаты – ауылдық клуб меңгерушілерінің кәсіби, шығармашылық деңгейін анықтау, озық тәжірибелік жұмыстарды насихаттау, мәдениет қызметкерлерінің басын бір арнаға тоғыстыру болатын.
Облыстық шараға облысқа қарасты аудандардың мәдениет үйі мен клуб мамандары қатысты.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біланқызы бастаған жуалылық өнерпаздар тобы шараға үлкен дайындықпен барды. Яғни, ерекше форматтағы «АУЫЛ-CLUB» облыстық ART-тимбилдинг шарасының талаптарына сай киіз үй тігіп, концерттік бағдарлама жасады.
Дәм мен дәстүр тоғысқан Жуалының киіз үйінің безендірілуі мен ақ дастарқаны қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Мәдениет мерекесінің ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Жуалылықтар үшінші болып өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама басталмас бұрын аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біланқызы аудандағы ауылдық мәдениет нысандарының жұмысы туралы баяндама жасады.
Бағдарламада қазақ вальсінің королі, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қамтылды. Қысқасы, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың мамандары команда болып ән айтып, би билеп, скетч қойды.
Екі күнге созылған «АУЫЛ-CLUB» облыстық ART-тимбилдинг ауыл мәдениетінің жаңа тынысын ашып, шығармашыл жандардың басын қосқан игі алаң болды.
Ауылдық мәдениет үйі мен клуб мамандары арасында жуалылықтар ерекше өнерлері мен өз жұмыстарына деген үлкен жауапкершілігі және ұйымшылдықтары үшін ұйымдастырушылар тарапынан арнайы Дипломмен және заманауи дыбыс күшейткіш топтамасымен марапатталды.

Нәзипа Қаттебекова,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі

Таңдаулы материалдар

Close