Basty bet
Аналармен кездесу өтті
Әлемдегі ең асыл, ең бағалы, ең қымбат жан ол – Ана. Түсінген жанға түпсіз терең, жеті қат аспаннан да биік, мөлдір судан да таза жан. Өз ұрпағының ерекше, мінсіз, тәрбиелі болуын әр ананың жүрегі қалайды. Балаларының жақсы тәрбие алып, саналы азамат болуы үшін аналар бар күш-жігерін жұмсап, олардың өз еліне адал қызмет етуі үшін еш аянбайды. «Барым – балаларым» дейтін мұндай қамқор аналар Нұрлыкент ауылында да жетерлік. Ауылда жаңадан мәдениет үйі ашылғалы бері мұнда «Асыл аналар» әуесқой әжелер клубы жұмыс істейді. Әуесқой клубтың құрамында барлығы 10 әже бар.
Бүгінде мәдениет үйінде ақ жаулықты аналардың және ауыл тұрғындарының ұйытқы болуымен көптеген іс-шаралар өтуде. Соның бірі – жақында өткен ауылдың ақ жаулықты аналарымен «Аналардың айтары бар!» атты кездесуі.
Кездесуге «Асыл аналар» әуесқой әжелер клубының белсенді мүшелері Тазагүл Жалелова, Марияш Қоңырбаева, Роза Қартбаева, Гүлбаршын Нұрашова, Назымгүл Жегенбаева, Зина Өтемұратова, Гүлбахар Жанғиева, Базаргүл Жұпбағамбетова, Райхан Ақжігітова және жас келіндер қатысты. Олардың барлығы өнерге жақын жандар. Олар қай уақытта да жас буынға ақыл-кеңесін айтудан жалықпаған немерелерінің сүйікті де қадірлі әжелері.
Шарада ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпағының қызығын көріп отырған аналар отбасы құндылықтары жайлы кеңінен әңгімеледі. Отбасының берекесі мен ұйытқысы әйел екенін айтып, бір шаңырақтың отын өшірмей, бірлігі мен ынтымағын жарастыру аналардың міндеті екенін де жеткізді. Сонымен қатар, отбасындағы өзара сыйластық пен ұрпақ тәрбиесі және ұлттық құндылықтар жайлы ойларын ортаға салды.
Сырласу кешінде аналар өмірден түйгендерін айтып, ертеңгі ұрпақтың тәрбиесіне бей-жай қарамауға шақырды. Жас келіндер де үлкендердің айтқан ақыл-кеңестерін ұйып тыңдап, өз ойларын да ортаға салды. Ұрпақтар сабақтастығына арналған шарадан қатысушылар мол рухани азық алып, жақсы әсермен тарқасты.
Қадиша Жұпбағамбетова,
Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі