Basty bet
«Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел!»
немесе ел дамуына жанашырлықпен атсалысып, халық сенімін ақтау – азаматтық борыш
Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген қанатты сөзі бұрынырақта айтылса да, оның өз мән-мағынасын жоғалтпағанына қазір де көзіміз анық жетіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апта басында отандық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, сөз басында осындай алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажеттігін баса айтып: «Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты.
Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын. Қазір журналистеріміз түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қаламгер әрі қайраткер азаматтарымыз аз емес. Ақпарат саласының өкілдері Парламент пен мәслихаттарда табысты еңбек етуде. Сондай-ақ жергілікті және орталық атқару органдарында қызмет етіп жүрген азаматтар бар. Бұл журналистің бесаспап мамандық иесі екенін анық көрсетеді» деп ерекше атап өтіп, қалам ұстаған қауымға жауапкершілік жүгін артқаны жайдан жай емес. Әлбетте, Президент сөзі ақпарат майданының жауынгерлері саналатын журналистер мен тілшілерге жігер беріп, қанат бітіреді.
Дәстүрлі баспасөз басылымдардың ішінде – газеттің алар орны ерекше. Жуалы ауданының құрылуымен бірге, қасиетті өңірдің төл басылымы ретінде – «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің де жарыққа шығып, оқырманға жол тартқанына бір ғасырға жуықтады. Жарыққа шығу тарихы сонау 1934 жылдан бастау алатын Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің жергілікті оқырманға жол тартып, жергілікті халыққа рухани демеуші болғанына биыл – 91 жыл толып отыр. Жұртшылықтың жадында болса, 2024 жылдың маусым айында қасиетті өңірдің төл басылымы 90 жылдық мерейтойын атап өтті.
Өңір басылымында осынау уақыттың бедерінде қаншама буын журналистер мен тілшілер еңбек етіп, тер төкті. Журналистік қызмет – үнемі ізденісті талап етеді. Газет жұмысы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты жұмыс. Замана көшінен қалмай еңбектене жүріп, қоғамдық пікір қалыптастырып, сонымен қатар, ойлы оқырман тарта білу де тілшілерге қойылатын басты талаптардың бірі.
Газет – жаңалық пен жақсылықтың жаршысы, қоғам мен халықтың үні әрі рухани демеушісі. Газет – ойлы оқырманның жан серігі, айнымас сырласы. Дәуір тынысын дөп басып, кезі келгенде заманамен сырлас болып келе жатқан отандық басылымдармен қатар, Жамбыл облысындағы аға басылымдардың ішінде – «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің де оқырманға айтары бар. Газеттің тарихы қасиетті Жуалы өңірінің тарихымен тікелей тамырлас, халық өмірімен тағдырлас. Осы күнге дейін 9 500-ден астам нөмірі жарық көріп, жергілікті оқырманға жол тартқан басылымның өңір жұртшылығы үшін маңызы зор.
Газет – қоғам мен халықтың үні, рухани демеушісі дейтін болсақ, аудандық басылымда қасиетті Жуалы ауданының тыныс-тіршілігі туралы жағымды дүниелермен қатар, сыни бағытта жазылған материалдар аз жарияланып келе жатқан жоқ. Президенттің халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларынан бастап, Ұлттық құрылтай отырыстарында ел дамуына қатысты белгіленген меже мен мақсат-міндеттер, одан бөлек, халықтың рухани-мәдени дамуы, ұлт және отбасы құндылықтары, мерейлі отбасы, қарапайым еңбек адамдары мен еңбек озаттары, сонымен қатар, өңірдің дамуындағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың орындалуы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік салалардағы атқарылып жатқан сан салалы жұмыстар, жастар саясаты, тағысын тағы басылым назарынан тыс қалып отырған жоқ. Бұл – газеттегі қалам ұстаған қауымның ортақ еңбегі.
Аудандық газет – ауданның айнасы. Бір ғасырға жуық тарихы бар аға басылымды – ауданның төл шежірешісі десек, қателесе қоймаспыз. «Алғыспен ел көгерер» деген. Осы тұста жылдағы дәстүрлі жазылым науқаны кезінде «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетіне белсенділікпен жазылып, сол арқылы дәстүрлі қазақ баспасөзіне нақты іспен көмек-қолдау көрсетіп келе жатқан жанашыр жазылушылар мен тұрақты оқырмандарға, аудандағы жекелеген мектептер мен мекеме басшыларына алғыс білдіргенді жөн көрдік.
«Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де – жеңіл. Әскерге мылтықтан бұрын, тәртіп пен иман үйрету керек» дейді қазақ көсемсөзінің сардары, отандық журналистиканың абызы, жерлес жазушы Шерхан Мұртаза. Шын мәнінде, рухы биік, санасы азат халықты дау да, жау да ала алмайтыны анық. Рухани байлыққа баса көңіл бөлген жанның рухы биік, талғамының да жоғары болатыны ешқашан дау тудырмаса керек. Газет ұжымы ауданның рухани өмірінде осынау маңызды құндылықтарды басшылыққа алып, жұмыс атқаруда.
Отандық бұқаралық ақпарат құралдары бұқара халық пен биліктің арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келеді. Бұл – бұлжымайтын қағида. Ел өміріндегі игі істер мен жан жадыратып, көңіл сүйінтерлік жағымды жаңалықтар – басылым тілшілерінің басты назарында.
Бейбітсүйгіш, Тәуелсіз елімізге бақ-береке орнап, қасиетті өңірдегі ағайынға сүйіншілеп жеткізетін ақжолтай жаңалықтың көп болуына біз де тілек қосамыз! Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні кәсіби мерекесінде қалам ұстаған барша әріптеске шығармашылық табыс тілеймін!
Мереке құтты болсын, қадірлі қаламдастар!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»