Basty bet
Еңбек жасағының екінші маусымы жалғасуда
Бүгінде «Жасыл ел» еңбек жасағы – жас ұрпақ бойына патриоттық және экологиялық тәрбие бере отырып, елдегі жұмыссыздық көлемін азайтуды мақсат етеді. Ауданда маусым айының 24-інен бастап «Жасыл ел» еңбек жасағының екінші маусымы өз жұмысын бастады.
– Жалпы, «Жасыл ел» жобасымен жастарды уақытша маусымдық жұмысқа орналастыру қызметіне 16 жастан асқан оқушылар, жоғары оқу орындарының және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері тартылды. Қазіргі таңда жасақшылар ауданды көркейту, көгалдандыру мақсатында еңбек етуде. Жасылелдіктер жүктелген жұмысты жауапты орындап, егілген ағаштарды суарып, абаттандырып, аудан көшелерін тазалау секілді жұмыстармен айналысып жатыр.
Жасыл желек – жан саясы. Қайсыбір дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да бізде де еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жастардың тәрбиесі мен оларды еңбекке баулу. Қазіргі таңда екінші маусымға Б.Момышұлы ауылынан және ауылдық округтерден 30 жас жұмысқа қабылданды,– дейді Нұркелді Ахметов.
Еңбекқор жастардан құралған жасақ күніне 5 сағаттан, аптасына 25 сағаттан аспайтын жұмыс кестесімен жұмыс істейді. Айлық жалақылары да уақтылы беріліп отырады.
«Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» демекші, «Жасыл ел» жасағы қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде.
Жалпы, бағдарламаның мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жастарды осынау іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге болады. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»