Basty bet
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың Құттықтауы
Құрметті жуалылықтар!
Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз мәні мен маңызы бөлек осынау халықтық мерекені жыл сайын барлық сән-салтанатымен атап өтіп келеміз.
Тәуелсіз Қазақстанның бірлігі бекем, ынтымағы берік, достығы жарасқан халқы үшін орны бөлек мемлекеттік мерекелердің бірі – Тұңғыш Президент күні екені даусыз. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарында жеткен әлеуметтік-экономикалық өрлеуі, халықаралық, дүниежүзілік қауымдастықтағы ерен орны, халық тұрмысының артуы – ең алдымен Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.
Желтоқсан айының бірінші жұлдызы Тұңғыш Президент күні мерекесі деп бекер аталып отырған жоқ. Себебі, 1991 жылдың 1 желтоқсанында төл тарихымызда алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, онда қазақстандықтар өз еркімен ел Президентін сайлады. Сол тұста еліміз егемендігіне қол жеткізіп, даму мен өрлеудің жаңа жолын таңдады. Содан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да салиқалы саясатының, көреген көшбасшылығының нәтижесінде рухы биік халқымыз тәуелсіздік туын биікке көтеріп келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Биылғы жылдың сәуір айында Елбасы Қазақстан халқына Үндеу арнап, өз өкілеттігін тоқтататындығын мәлімдеді. Бұл да ел тарихындағы ерекше оқиғаның бірі ретінде халықтың есінде қалды. Одан соң қалың елдің ұсынысымен елордасы Астана қаласы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан аталып отыр. Одан бөлек, облыс орталықтарындағы даңғылдар мен алаңдарды Елбасының атымен атауға ұсыныстар көтерілді. Ел қамын тереңнен толғаған әрі болашағымыздың жарқын болуын ойлаған Елбасы ел дамуына әлі де өз үлесін қосып келеді.
Еліміздің даму үрдісін аудан көлемінен де көруге болады. Биылғы жылы ауданға қарасты бірнеше ауылда медициналық пункттердің құрылысы сәтті жүргізіліп, желтоқсан айындағы мерекелер қарсаңында есігін айқара ашады. Одан басқа да ірілі-ұсақты әлеуметтік нысандар тұрғындар игілігіне берілуде. Алатау баурайынан салынып жатқан «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы аяқталғанда таулы өңірдің әлеуетіне зор серпін беретініне сенім мол.
«Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп өсиет еткен екен дана бабаларымыз. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мемлекетіміз ядролық және жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартқан бірінші ел ретінде әлем тарихына енді. Бұл – барша халқымыздың ежелден бейбітсүйгіш және мәмілегер ел екенін көрсетсе керек. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қағиданы ұстанған Елбасы қоғамдық келісім мен халықтар бірлігі баға жетпес байлығы болып табылатын елімізде ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылықтың бірегей үлгісін қалыптастыра білді. Тұңғыш Президентіміздің осынау еңбегі әлемдік қауымдастықта да өзінің жоғары бағасын алып отырғанын баса айтқан жөн.
Қымбатты жерлестер!
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі баршаңызға құтты болсын! Кемел келешек пен жарқын болашаққа жол ашып, елдің бағы бола білген Елбасының тұтас ел игілігі жолындағы өміршең бастамаларын іске асыруға мол үлесімізді қосып, алға қойған межелі міндеттерге қол жеткізіп, асқаралы асуларды бірге бағындырайық дегім келеді!
Еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық пен құт-береке, амандық тілеймін!