Basty bet
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТІЛЕГІ ЖІТІ НАЗАРДА
Тұрғындардың арыз-шағымдарына, ұсыныс-пікірлеріне жергілікті атқарушы органдар айрықша ден қойып, олармен жүйелі әрі шынайы жұмыс жүргізіп, уақтылы шешімдер қабылдап отыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметовтың Жуалы ауданында өткізген қоғамдық қабылдауында да айтылды.
Партияның аудандық филиалының ғимаратында өткен қабылдауға ауданның алты тұрғыны қатысып, көкейлеріндегі өзекті сауалдарын жолдады. Айталық, Қайрат ауылының тұрғыны Кәрібай Құрмашев аудандағы 19 елді мекенді газдандыру мәселесін көтеріп, ауылдастарының талап-тілегін жеткізді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров бұл бағытта тиісті қаражаттар қарастырылып, жобалық құжаттар жасалынып қойғанын, алайда, елді мекендер көгілдір отынға кезең-кезеңімен қосылатынын айтты. Аймақ басшысы Асқар Исабекұлы осы ретте халық өтінішін назарға алып, газ құбыры тартылып үлгерген ауылдарды шетінен көгілдір отынға қоса берудің маңыздылығына көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді тапсырды
Ал, Қоңыртөбе ауылының тұрғыны Сабыр Түймебаев Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас алты оқу кабинетін және спорт зал соғу мәселесін ортаға салды. Оның сұрағына облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров жауап беріп, ол үшін 198 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттардың әзірленгенін жеткізіп, аталған жұмыстар келер жылы толығымен жүзеге асатынын айтты. Сол секілді нұрлыкенттік Мұхиддин Нұрпейісовтың ауылға мәдениет үйін соғу мәселесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шешімін табатын болды. Облыс басшысы осы орайда елді мекендердегі жаңадан бой көтеріп жатқан мәдениет үйлерін тиімді пайдаланудың өзектілігіне тоқталып, ондай ғимараттарды әмбебап нысан ретінде салу мүмкіншілігін ескеру керектігін баса айтты. Яғни, мәдениет үйін спорт зал ретінде де ыңғайластырып, барынша ауыл тұрғындарының қажеттілігіне үздіксіз қызмет еткізу жайы назарға алынбақ.
Облыс басшысының аудандағы қоғамдық қабылдауына жазылған өзге де тұлғалар түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Олардың қатарында жер, жайылымға қатысты жайттарды айрықша атауға болады. Қабылдауда жуалылықтар әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аудартты десек, шақпақаталық Смайл Көбесов ауылдағы амбулаторияның тұрғындарға тарлық етіп отырғанын, аудандық аурухананың қызмет көрсету сапасы көңілден шықпайтынын, саладағы маман тапшылығын ашына айтты. Сондай-ақ, Теріс ауылының тұрғыны Оралбек Махашов ауылдардағы мал дәрігерлерінің жұмысы ойдағыдай еместігін алға тартты.
Аймақ басшысы көтерілген сауалдардың өзектілігін тілге тиек етіп, бұл орайда арнайы комиссия құрылып, нақты тексеріс жұмыстарының жүргізілетінін атап өтті. Қорытындының шынайы әрі нәтижелі болуы үшін құрылатын комиссия құрамына арызданушы тұлғалардың өздерін барынша тарту керектігіне тоқталды. Асқар Исабекұлы жауапты тұлғаларға тұрғындардың әрбір арыз-шағымымен жіті жұмыс жасап, кем-кетіктер мен орын алып отырған олқылықтарға өз деңгейінде барлау жасап, заң аясында шешім шығарып отыруды нықтап тапсырды.