Basty bet

Жазғы лагерь – тиімді демалыс мекені

Жаз мезгілі – балалар үшін асыға күтетін демалыс кезеңі. Мектептің соңғы қоңырауы соғылған сәттен бастап олардың көбі ауылға ата-әжесінің қолына барады, кейбірі қосымша табыс табуға тырысады, ал біразы лагерьлерде демалуды жөн көреді. Бірақ бұл кезең ата-аналар үшін демалыс емес. Керісінше, баласының қауіпсіздігі мен пайдалы тынығуы үшін алаңдайтын, жауапкершілігі күшейетін уақыт. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды. Себебі, үш айлық демалыс оқушылардың бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, елімізде мектеп жасындағы 3 млн 200 мыңға жуық бала бар. Соның 87 пайызы жазғы демалысты лагерьлерде өткізеді екен. Дегенмен, бұл көрсеткіштің дені – мектеп жанындағы күндізгі лагерьлер үлесіне тиеді. Мысалы, мектептердің базасына ұйымдастырылатын лагерьлер саны – шамамен 10 мың болса, ал арнайы маусымдық лагерьлер саны 200-ге де жетпейді. Демек, балалардың басым бөлігі тек түске дейін ғана жұмыс істейтін, мектеп жанынан ашылған лагерьлерде тынығады деген сөз. Бұл бір жағынан, ата-аналар үшін қолайлы болғанымен, шынайы мағынадағы лагерьлік демалыстың орнын толық баса алмайтыны анық.
Алайда мұндай лагерьлердің барлығы бірдей сапалы және қауіпсіз деп айтуға келмейді. Алдыңғы жылы Оқу-ағарту министрлігі лицензиясыз жұмыс істеп жатқан үш лагерьді анықтап, ондағы балаларды шұғыл түрде басқа орынға ауыстырған. Биыл министрлік рұқсаты бар лагерьлердің толық тізімін ашық жариялауға кіріскен. Бұл – ата-аналар үшін пайдалы бастама. Одан бөлек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап лагерьлерге қойылатын лицензиялық талаптар да күшейтілмек. Бұл қауіпсіздік стандарттарын жүйелеуге бағытталған маңызды қадам болғалы тұр.
Бүгінде мемлекет әлеуметтік осал топтарға жататын балаларға лагерьге тегін жолдама беруді жыл сайын қамтамасыз етуде. Атап айтқанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын, сондай-ақ жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және төтенше жағдай салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары тегін демалыспен қамтылуын басты назарда ұстап отыр. Мемлекет осы санаттағы балаларды қолдап қана қоймай, жақсы оқитын дарынды балаларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Олар да ынталандыруға лайық әрі еңбегінің бағалануы орынды.
Сонымен қатар, Сенат депутаты Ғ.Сарыбаев ауыл балаларының жазғы тынығуы туралы да ұмытпау қажет екенін айтып, ауылды аймақтарда лагерьлерге арналған инфрақұрылымды дамыту керек деген ұсыныс білдірген болатын. Шынында да, қаладағы мектептерде лагерь ашу қалыпты құбылысқа айналса, ауылдар да мұндай мүмкіндік шектеулі. Көп жағдайда балалар жаз бойы бос жүріп, уақытын тиімсіз өткізетіні белгілі.
Жазғы лагерьлердің ұзақтығы – көбіне екі аптамен шектеледі. Осы уақыт аралығында бала жаңа ортамен танысып, шығармашылық қабілетін дамытып, әлеуметтік бейімделуге үйренеді. Күнделікті жоспар бойынша таңертеңгі флешмобтар, тәрбие сағаттары, байқаулар және түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы ретте, тәлімгерлер балалардың демалысы көңілді әрі пайдалы өтуі үшін күш-жігерін, шығармашылық қабілеттерін аямай, әр күнге жоспарланған қызықты іс-шаралар ұйымдастырып, әр баланың қабілетін ашуға септігін тигізетінін атап өткен жөн. Алайда мұндай қысқа мерзіммен ғана шектелу лагерь жүйесінің әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан демеушілік пен қоғамдық серіктестік тетіктерін тиімді пайдалану – маңызды талаптың бірі.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, биыл аудан бойынша әлеуметтік осал топтағы оқушыларға арналған қала сыртындағы лагерьлерде демалу мүмкіндігі 325 балаға бөлінген. 1-ші кезең бойынша 100 оқушы, ал 2-ші кезеңде 101 оқушы Алматы облысы Қарғалы ауылында орналасқан «ТауLand» сауықтыру орталығына жіберілген. Ал 3-ші кезең 25 шілдеде басталып, онда 124 оқушы жіберіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан белсенді және үздік 55 оқушы «Қазақстан халқына» қорының есебінен Билікөл аймағында орналасқан «Тау самалы» лагерінде 25 маусым мен 4 шілде аралығында сауықтырылған.
Айта кетерлігі, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері сауықтыру орталықтарына арнайы барып, лагерь аумағына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ондағы тыныс-тіршіліктен хабардар болып қайтты.
Жалпы алғанда, жазғы тынығу – жай ғана демалыс емес. Бұл баланың өміріндегі жаңа тәжірибемен, жаңа ортаға бейімделу кезеңі. Сол себепті бұл бағыттағы мемлекеттік саясат пен қоғамның назары жүйелі әрі сапалы болуы қажет-ақ. Баланың алаңсыз тынығуы мен қауіпсіздігі – ата-ана мен мемлекет үшін ортақ міндет. Ең бастысы – жаз мезгілі ойын-сауықпен ғана емес, тәрбиелік, танымдық тұрғыдан да пайдалы кезеңге айналуы қажет!

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close