Basty bet

Отбасы тәрбиесі – қоғам негізінің бастауы

Қашанда ел іргетасы отбасынан басталады. Тұрғыны көп, отбасы жоқ елдің ертеңі де бұлыңғыр. Ал шаңырағы берік отбасының құпиясы – ақылшы ата-әже мен сырлас жұбайлар және ізгі бала. Бүгінде көптеген отбасы шаңырағы осы үштағанның дұрыс болмауынан шайқалып жатыр. Осы ретте өткен жылдан бастап аудан орталығында Отбасын қолдау орталығы ашылған болатын.
Аталған орталық елімізде 2025 жылдың 30 маусымы мен 30 шілдесі аралығында өткізіліп жатқан «Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» атты бір айлық акциясы аясында Қызыларық, Нұрлыкент, Ақтөбе, Шақпақ және Күреңбел ауылдық округтерінде «Ерте жүктілік, ажырасу және суицидтің алдын алу, отбасылық құндылықтар мен репродуктивті мәселелер» және «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыптарында дөңгелек үстел өткізді.
Мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, заңдық және психологиялық көмек түрлерімен таныстыру, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу және қоғам назарын осы өзекті мәселеге аудару.
Жиынға ауыл тұрғындарымен қатар, Отбасын қолдау орталығының директоры Жамиля Калимбетова және психологі Айгүл Дарибаева, аудандық орталық ауруханасының гинеколог маманы Ғазиза Егізбаева, «Сенім» жастар денсаулық орталығының психолог мамандары және «Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің өкілі Шарапат Батырбекқызы қатысты.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді. Елімізде азаматтардың құқығын қорғау саласында ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, кешенді шаралар қолға алынуда. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу» деп атап өткені белгілі.
Осыған байланысты жиын барысында сала мамандарымен отбасылық зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептері, оның құрбандары және оларға көрсетілетін көмек жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен қоса, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас жайлы кеңестермен бөлісіп, ерте жүктілік және оны болдырмау салдары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қоғамда отбасы институты дұрыс қалыптаспаса, онда отбасылық зорлық-зомбылық орын алатыны сөз болып, әрбір ер азамат пен әйелдер қауымы қоғамдағы өз орнын білсе, өзінің міндеті мен парызын өтеп, құқық шеңберінен аспаса, отбасында татулық пен бірлік орнайтыны да назардан тыс қалмады.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close