Basty bet

Ядролық қарусыз әлемге жол ашқан дара тұлға

«Қанша құмар болсаңдар да даңққа,
Тас лақтырып, күл шашпаңдар алыпқа!
Ең данышпан, ұлы патша – сол патша,
Оқтың даусын естіртпесе халыққа».

«Көшбасшы» поэмасынан үзінді.
Маралтай Райымбекұлы, ақын. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Ақын Жұбан Молдағалиев халқымыздың бұрынғы дәуірлерден бергі тарихын «Мен – қазақпын!» атты әйгілі поэмасында: «Мен – қазақпын, Мың өліп, мың тірілген…» деп жырлағандай, Алаш Алаш болғалы басымызға небір қиын кезеңдер келіп, халқымыз дәуірдің небір қиын сынақтарын басынан өткерді. Сол сынақтардың бірі өткен ғасырдың 1980-ші жылдарының соңында аяқталды. Семей полигонының өзі елімізге біраз лаң салғаны белгілі. Айтулы қайраткер ақын Олжас Сүлейменовтың басшылығымен «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы құрылып, аталған ұйым Семей полигонының жабылуына, «аждаһаның» қызыл жалынының біржолата сөнуіне өз ықпалын жасады. Кейінірек, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап-ақ Тұңғыш Президент-Елбасы халықаралық ұйымдар арқылы Қазақстан жерінде ядролық сынақтар жасауға тоқтам салды. Бұл – Елбасының әлемдік қауымдастықтағы ең үлкен жетістігі болатын…
Қазақстан Республикасының төл тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет болғанына да биылғы жылы 28 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Қазақстанның әлем елдері арасында беделі артып, ішкі даму сатыларында да талай биіктерді бағындырғанын көз көріп, өміршең бастамаларына көңіл сенді. Ел тізгінін ұстаған 27 жылдың ішінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бағыттағы атқарған істерінің орны бөлек екені шындық. Соның ішінде халықаралық кеңістікте әлем елдерін бейбітшілікке шақырып, қасиетті қазақ топырағынан күллі адамзатқа үн қатуы адамзат баласының алдағы тағдыры үшін аса маңызды бастама болатын. Елбасы елішілік қатынастарда, сондай-ақ сыртқы саясатта да осы бастамасын сөзімен де, ісімен де жандандыруға бар күшін салды.
Қазақ елі ежелден бейбітсүйгіш ел екені белгілі. Оған халқымыздың өткен ғасырда орын алған саяси қуғын-сүргіннен зардап шегіп, бауырлас елдерден еріксіз жер аударылған халықтарға жасаған қамқорлығы дәлел бола алады. Баршаның баласын бауырына басқан еліміз сол қалпынан әлі де тайған жоқ. Керісінше, әлем елдеріне бейбітсүйгіш ел екенін үнемі дәлелдеумен келеді. «Тауда арқар ыңыранса, үйдегі сиырдың мүйізі сырқырайды» демекші, алыс елдерде болып жатқан жайсыз жағдайлар біздің елге де әсер етпей қоймайтыны анық. Осы ретте күллі жер шарына қауіп төндіретін ядролық қарудың аты қорқынышты. Шындығына келгенде, жаппай қырып-жоятын тажалды өндіріп, сақтап орасан зор шығындарға батып отырып та тыныштығыңды сатып ала алмайтының белгілі болды. Ядролық қару – адамзатқа төнген қауіп екені бесенеден белгілі.
Қазақ елі – ядролық сынақ зардаптарын тартқан елдердің бірі саналады. Әріге бармай-ақ қояйық, атом бомбасынан қазақтың көрген азабын айтып тауысу қиын. Кеңес Одағы 1949 жылдың 29 тамызында Семейде 22 тонналық ядролық бомбаның алғашқы сынағын өткізді. Жергілікті уақыт бойынша 07:00-де болған қуатты жарылыстан аймақ бір мезетте радиациялық күлге оранды…
КСРО-дағы ядролық қаруды сынаудың барлық түрі негізінен Семей полигонында өтті (500 ядролық сынақ жасалды). Бұл әлемдегі барлық сынақтардың үштен бірін құрайды. Ол негізінен еліміздің солтүстік-шығыс және орталық аудандарына экологиялық зиянын тигізді. Семей полигонында өткізілген соңғы ядролық жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Осыдан кейін, яғни, 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жабылды. Еліміз егемендігін алғаннан кейін полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды.
Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде жария етілген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі дамыған және дамушы елдердің нақты істерінің тиімді басшылығына айналуы тиіс. Бүгінде жер бетінде ғылыми жетістік ретінде саналып, түрлі қуатты қару шығарылып жатыр. Алайда, олардың қаншалықты қаупі барын, болашақта қандай мақсатта қолданылатыны көлеңкеде қалып қояды.
Бұл ретте Елбасы: «Соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды»,- деп орынды ұсыныс білдірді. Тұңғыш Президент-Елбасының манифесі туралы әлемге белгілі сарапшылар, мамандар оң пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, сол тұстағы Қазақстан Президентінің мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты күнделікті саяси газетінде жарияланды.
«Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді. Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды», – делінген мақалада.
Қалың көпшілікке белгілі, 2017 жылы елімізде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп, ол болашақтың энергия көздерін және бүкіл әлемнің қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетіп берді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, табиғатқа зиянсыз жаңа технологиялардың қолданысқа енгізілуі ядролық сынақтардың зардабын жою ісіне оң әсерін тигізетіні анық.
Ширек ғасыр бұрынғы жағдай мен бүгінгі күн талабының арасын болжай білу мен дұрыс шешім қабылдай алу дара тұлғалардың ғана қолынан келетін іс. Сол тұлғаның қазақ секілді тағдыр-тарихы ауыр сынақтан өткен, адал ниетті, дала көңілді халықтың маңдайына бұйыруы Жаратқанның сыйы болса керек. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәуір сынақтарынан есеңгіреген елін бейбіт жолмен ғана биіктерге бастауға болатынын ол әуел бастан дұрыс болжады һәм елдік саясатты сол ұлы идеяның аясына шоғырландыра білді.
Тарихты тұлғалар ғана жасайды. Бұл да дәуір шындығы. Нұрсұлтандай дара тұлғаның елі мен туған Отанына сіңірген ерен еңбегі туралы құнды кітаптар жарық көрді. Алаштың аймаңдай ақындарының құдіретті қаламынан Елбасына арнап поэмалар мен жалынды жырлар туды. Соның ішінде ақын Маралтай Райымбекұлы дара тұлғаға «Көшбасшы» деп аталатын дастанын арнады. Маралтай ақын: «Нұрағам салған нұрлы қаланың, көшесіндегі гүлі боламын» деп жырлады. «Көшбасшы» дастанының соңындағы: «Ең данышпан, ұлы патша – сол патша, Оқтың даусын естіртпесе халыққа» деген жолдардың өзі дара тұлғаның даңқын одан әрі айбындандыра түскені даусыз. Ендеше, мылтық пен оқтың қорқынышты даусы емес, жас сәбидің құдіретті үні естілген бейбітсүйгіш еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, Һәм мәңгілік болғай деп тілейік…!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close